ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев ҚазҰУ-да болып, парасаттылық мектебін ашты. Сапар барысында ол «Университет 4.0» жаңа буын ЖОО моделін іске асыру, еліміздің жетекші университетінің цифрландыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс тәжірибесімен танысты.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Университет 4.0» жаңа буын ЖОО моделі жайында айта отырып, оның «al-Farabi University Smart City» тұжырымдамасы негізінде іске асырылып отырғандығын, сондай-ақ жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформаларының симбиозын құрайтындығын жеткізді. ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі Жаһандық хабы ретінде өткен жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде осы модельді таныстырып, оны халықаралық деңгейде кеңінен тарату ұсынысына ие болды. «Университеттің 4.0» миссиясы жоғары білікті мамандарды даярлаумен ғана шектелмей, сонымен қатар елдің және әлемнің ізгілікті азаматтарын қалыптастыруға бағытталған. ҚазҰУ бұл идеяны БҰҰ-ның Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты жобасы арқылы жүзеге асыруда. Оны іске асыру мақсатында алдыңғы қатарлы шетелдік университеттерде ҚазҰУ-дың 12 ғылыми-білім беру және мәдени орталығы ашылып, табысты жұмыс жасауда.
ҚазҰУ-дың трансформациялануының маңызды бөлігі – оның барлық бизнес-процестері жаңа цифрлық форматқа көшіп, алдыңғы қатарлы IT технологияларды белсенді түрде енгізуінде екендігін университет басшысы баса айтты. Ақпаратты интерактивті жинақтау және талдаудың заманауи жабдықтарымен жабдықталған жағдаяттық басқару орталығында мейманға ЖОО-ның барлық қызметін интегралды басқарудың сандық мүмкіндіктері көрсетілді. Грантқа ауысу, жатақханада орын алу сияқты университеттің барлық қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ететін ҚазҰУ мамандары дайындаған «Универ» электрондық жүйесі ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен бірге, А.Шпекбаев ислам қаржылық, кәсіпкерлік және қаржылық, биржалық технологиялар, МВА және DBA орталықтары кіретін бизнес-құзыреттер дамыту кластерінің жұмысымен танысты. Олар Ұлттық банкпен, «Астана» АХҚО және шетелдік серіктестермен бірге қаржы және биржалық трейдинг саласындағы озық әлемдік тәжірибені пайдалана отырып жұмыс жасайды.
Заң факультетінде Агенттік Төрағасының қатысуымен оқушы және студенттермен жұмыс жөніндегі әдістемелік орталық – парасаттылық мектебі ашылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың барлық факультеттерінде «Парасаттылық этикасы» атты арнайы курс оқылады, 5 мыңнан астам студент «Sanaly Urpaq» клубының жұмысына тартылған. Қонақтарға ҚазҰУ-дың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ-ның жастардың парасаттылығын қалыптастыруға бағытталған екі жобасы таныстырылды. Олардың бірі – орта мектеп оқушыларына арналған «Қайырымды қала туралы ертегі» анимациялық фильмі. Оның негізіне әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы» және «Бақытқа жету туралы» философиялық трактаттары алынған. Сонымен бірге, халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ҚазҰУ-дың сандық платформасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы білуге арналған республикалық студенттік онлайн олимпиада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы университеттің заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияларды енгізу жөніндегі жұмысын, оның ішінде цифрлық-сандық ортаны қалыптастыру және электрондық форматта қызмет көрсетуін жоғары бағалады.
«Бүгінде ҚазҰУ жоғары білім және ғылымның көшбасшысы ретінде парасаттылық, әділдік, адалдық, заңдылық, кәсіпқойлық өмірлік бағдарлары болуы тиіс жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда. Бұл тұрғыда университеттің жемқорлыққа қарсы озық тәжірибесі басқа жоғары оқу орындарымен сөзсіз қабылдануы тиіс», – деп атап өтті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алик Шпекбаев.
Кездесудің соңында ол жастар арасында кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне «нөлдік төзімділік» қалыптастыру жөніндегі Агенттіктің жобалары мен бастамаларын қолдағаны үшін студенттер мен оқытушыларға алғысын білдірді.