«Тәржіманда» Мұқағали алғаш рет ағылшынша, қытайша “жырлады”
Филология факультеті әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасының «Tarzhiman club» ұйымында жақында Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына орай «Мұқағали – ақиық ақын» атты поэзиялық аударма кеші өткізілді.
Еске алу кешін аударма ісі тобының 2 курс студенттері ұйымдастырды. Фариза Қалжанова мен Айдана Кребаеваның жүргізуімен өткен кеште Мұқағали ағамыздың 45 жылдық өмірбаянынан сыр шертіліп, И.Смағұлова, А.Аязбаева, А.Сұлтанғалиева, Ә.Жүрсін, А.Алматова және А.Байқадамова Мұқағалидың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар кеште ақын ағамыздың туып өскен жері Шалкөденің, кезінде киген «сұр пәлтесі», «қоңыр портфелі», «жазатын мәшеңкесінің» суреттері слайдпен көрсетілді. Мұқағали сөзіне жазылған «Сарыжайлау» және «Жаңбырда» әндері Индира Смағұлова мен Жадыра Мұзбаеваның орындауымен айтылды.
Кештің ең қызықты тұсы Мұқағалидың аудармашылық еңбегі аталған кез болды. Шекспирдің «Сонеттерінің» түпнұсқасын А.Аязбаева мен аудармасын Ә.Оразова оқыды. Бұған қоса, болашақ аудармашылар Мұқағалиды ағылшынша сөйлетті. Д.Ембергенов «Жиырма», «Шеше, сен бақыттысың» өлеңдерін ағылшын тіліне «Twenty years» және «Mother, you are happy» деп тәржімалады. Кеште Х.Искакова мен Ғ.Тұрғынбеков «Махаббат дастаны» диалогын оқып, Ханзаданың аудармасымен жасалған ағылшын, 1 курс студенті А.Амантай қытай тіліндегі нұсқасын оқыды. Осылайша «Тәржіманда» Мұқағали алғаш рет ағылшынша, қытайша жырлады.
Кештің соңында ақын ізбасарлары Ерсін, Алмас, Ерғанат Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, Бауыржан мен Әсел Мұқағалиға арнау оқыды.
Кешті қорытындылаған клуб жетекшісі Мұсалы Ләйла Жұматайқызы АҚЫН мен табиғаттың ажырамас байланысы бар екенін аққайың образымен байланыстырып, әсерлі етіп әңгімелеп, студенттерге зор алғыс білдірді. Ал терезе алдындағы ақын жырлаған «Жапырақ жүрек, жас қайың» бұтақтарына қар жауыны құйып тұрды...
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі