Алматы- Қазақстанның табиғаты сұлу тау қойнауында, Орта Азияның климаттық жағдайы ең қолайлы жерлерінің бірінде орналасқан. Тап-таза мөлдір тау суы қалаға, жасыл желектерге нәр беріп, ауаны тазартады. Жетісудың сондай шырайлы жерлерінің бірі – Түрген шатқалы. Көрікті де, көркем жердің табиғатын тамашалау біздің әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушыларымен бірге маған да бұйырған бақ болды. Демалыс күндерінің бірінде тобымызбен көрікті тау шатқалдарын көріп қайттық. Біздің мақсатымыз –жастардың достық қарым-қатынасын нығайту, шетелден келген қандас бауырларымызға табиғат аясына шығып атамекенін таныстыра отырып патриоттық сезімін толықтыру,табиғи жəне адам қолымен жасалған ғажайып игіліктерді таныту, көзбен көріп, көңілге тоқыту.
Қазақтың бар жері қасиетті, киелі. Туған жер əрбір адам үшін қастерлі қазына болып қала береді. Өйткені кіндігіміз жермен байланған. Баршаға белгілі, Елбасы өзінің «Мəңгілік ел» идеясында ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, тарих пен мəдениет, тілдің біртұтастығы мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі бола алатындығын атап көрсеткен. Осы орайда жастарға тарих пен мəдениетті таныту мақсатында жоғары оқу орындарында əр түрлі шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі – табиғат аясына шығу. Қазақ жері табиғаты тамылжыған, тарихы терең өлкелерге өте бай. Түрген сарқырамасы – Іле-Алатау ұлттық саябақтың құрамындағы сұлу шатқал. Түрген шатқалы – тек демалуға ғана емес, емделуге де өте қолайлы жер. Іле Алатауынан бастау алатын Түрген өзенінің ағысы қатты, орташа ағу жылдамдығы – 3 м/с. Өзеннің жағалауын қаулай Тянь-Шань шыршасы өседі. Түрген шатқалында 7 сарқырама бар. Адамдар көп баратыны – Аюлы мен Тескенсу. Алғашқы сарқырама (биіктігі 30 метр) жасыл шыршалар және шыңдар арасындағы бейнелі орында орналасқан. Шатқалда шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп, мұзды кезең-ге дейінгі іздерді сақтаған. Аюлы сарқырамасына баратын көпірден жоғары 300 метрде бұлақ орналасқан. Тескенсу сарқырамасы бұлақтан шамамен 2 сағаттық жерде.
Ал біздің бағытымыз Аюлы болды. Біздер сарқырамаға жету үшін биікке қарай 4,5 шақырым соқпақ жолмен көтерілдік. Жастар сарқыраманың сарқырап аққан суын тамашалады. Таудың табиғатына тамсанды, таза ауада серуендеді, естелік үшін суретке түсті. Бұл Аюлы сарқырамасын жұрт кейде «Махаббат сарқырамасы» деп атайтынын біліп қайтты. Балалар табиғат аясындағы демалысынан үлкен əсер алды.Жастар биік-биік төбелерге шығып, «Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқанындай,қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй тартып,қосыла ән салып көңілді демалыс ұйымдастырды.