"Алаш айнасы" республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық газет

17 наурыз, 2011

Анар Салқынбай, филология ғылымының докторы, профессор:

– Елімізде президенттікке үміткерлердің қазақ тілінен арнайы емтихан тапсыратын дәстүр бар. Сол секілді Парламент депутаттарын да осындай сынақтан өткізуге қалай қарайсыз?

– Меніңше, барша қазақ қауымы биліктен осыны күтіп отыр. Мемлекет басшылығынан үміткерлердің өзі емтихан тапсырады, ал неліктен басқа­лар тапсырмауы керек? Дегенмен халық қалаулыларына келгенде талапты осылай қатаңдатқанымыз дұрыс емес шығар. Себебі оларды тілі мен нәсіліне қарамастан халық сайлап отыр ғой. Олар – халықтың өкілі. Ал енді үкімет адамдары, министрлер, әкімдер, мем­лекеттік қызметкерлер міндетті түрде қазақ тілінен сынақ тапсыруы керек. Себе­бі олар халықпен жұмыс жасайды. Мемлекеттік қызметкерлеріміздің көрші халықтың ғана тілін біліп, өз елінің мемлекеттік тілін білмеуі – ұят нәрсе.

– Үкімет адамдарынан және, сіз айтқандай, жалпы мемлекет­тік қызметкерлерден сынақ алуға дәл қазір біздің шамамыз жете ме, әлде дайындыққа уақыт керек пе?

– Бұл туралы мен ҚазТЕСТ-тің ма­ман­дарымен сөйлескен едім. Қазір онда біздің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафед­расының бірнеше мамандары қызмет істейді. Сол мамандардың ай­туынша, жалпы мемлекеттік қызметкер­лерге осын­дай сынақ ұйымдастыруға ҚазТЕСТ­-­тің шамасы жетеді.

– Іргелі оқу орнындағы қазақ тілі кафедрасын айтып қалдыңыз, сіздерде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге арналған оқулықтар дайындала ма?

– Біздің кафедра, негізінен, сол өзге ұлт өкілдерін қазақша оқытуға арнал­ған. Сондықтан бұл мәселе бізде өте өткір қойылып, әр кез жан-жақты тал­да­нып отырады. Біз, негізінен, ЖОО-ға арналған оқу құралдары мен оқулық­тарды дайындаймыз. Жуырда Елбасы «мектеп бітірген кез келген оқушы өзінің мемлекеттік тілін үйреніп шығуға мін­дет­ті» деген талап қойды. Мектеп жа­йын­да айтатын болсам, біздің кафедра­ға мектептерге арналған оқулық жазуға тапсырыс түскен жоқ. Мектеп оқулығын кез келген автор алып жаза бермейтіні белгілі. Оған міндетті түрде мемлекеттік тапсырыс болуы керек. Бұл мәселеде біршама кедергілер бар. Мысалы, минис­трлікте түрлі оқулықтарға арнал­ған конкурстар жарияланып жатады. Бірақ біз сырттай естіп жатамыз, сол конкурстар әр кез әділетті бола бермей­ді. Мысалы, біз осындай конкурстардың барысы БАҚ-тарда жариялануын қа­лай­мыз. Бұл конкурстарға бірнеше ұжым­дар қатысып, кәдімгідей ашық бәсекеге түссе жақсы. Бірақ бізде қазір көбіне жабық сипатта өтіп жатады. Қай оқулықты кімнің, қа­лай жазып жатқа­нын біле бермейміз.

– Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүргендіктен, сізге қазақ тілінің ерекшеліктері жақсы байқалатын шығар деп ойлаймын. Осы қазақ тілін үйрену өзге тілдермен салыстырғанда ауыр ма?

– Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Қазақ айтады ғой, «елден елдің кемі жоқ, ерден ердің кемі жоқ» деп. Сол сияқты тілден тілдің артықшылығы жоқ. Егер қазақ тілі иероглифтерге негізделген қытайдың тілі секілді болса бір сәрі. Сондықтан қазақ тілін игеру тек ынта мен ықыласты ғана қажет ете­ді. Мысалы, мен бір қытай қызына қа­зақ тілін үйретіп шықтым. Өткен жылдың қыркүйек айында ғана бастаған бола­тынбыз. Алғаш келгенде ол қазақшадан бір әріп те танымайтын. Міне, содан бері бес ай өтті. Әлгі оқушым айналдыр­ған бес айдың ішінде өз ойын қазақша жеткізе алатын болды. Яғни ықылас танытқан қытай қызы осындай қысқа мерзім ішінде қазақ тілін үйреніп алған болса, елімізде жүріп сан жылдар бойы, сан түрлі сылтау айтып кері тартып жүр­гендерді кешіру қиындау. Яғни ықылас танытса қытайды да қазақша сөйлетуге болады. Қазір Польшада, Ресейде, Америкада, Қытайда, Жапония мен Оңтүстік Кореяда, Канадада қазақ тілін оқытатын әртүрлі орталықтар бар. Сол жерде тіл үйренгендер біздің елімізде жүріп үйренген өзіміздің қандастары­мыздан да жақсы сөйлейді.

– Демек, тіл үйретудегі инновацияларды игере алмай жатқандықтан тіл дамымай жатыр деген сылтау ғой?

– Әрине, қазіргі қазақ тілі ешқандай да инновациялық жаңғырудан құр қа­лып жатқан жоқ. Сондықтан бізде әдіс­теме жоқ дегенге мен еш қосыла алмаймын.

– Бізде қазақ тілі құрып бара жатыр деген қоғамдық пікір қалыптасып қалған. Бұл туралы не айтасыз?

– Шынында солай. Жуырда Алматы қаласында өткен «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» байқауына барған едім. Сол байқауда бақ сынаған кей мұғалім­дердің аузында әлі де «қазақ тілі құрып бара жатыр, ол әлжуаз халде» дегендей сөздер бар. Осы сөзді БАҚ өкілдері әбден жаттанды етті. Меніңше, осындай жауыр, қыңыр сөзді халық санасынан өшіретін уақыт жетті. Егемендік алғаны­мызға 20 жыл болды. Талай су ақты, талай уақыт өтті. Қазақ тілінде Абай мен Шәкәрімнің даналығы, Қа­сым­ның ұлттық жауынгерлік рухы, Мұқағалидың намысы, Жұмекеннің қоңыр үні, кешегі Қадырдың ойлы сөз­дері жатса, 20 жыл көлемінде мектепте бүкіл қазақстандық­тар мемлекеттік тілді бағдарлама бойынша үйреніп жатса, ол қалайша шарасыздық күйінде болар? Бұған кімді сендіресіз? Меніңше, қазақ тіліне енді жаңа көзқарас керек. «Жоқ» деген жоқ болады. «Бар» деген байлық­қа кенеледі. Мемлекеттік тілді қолдану барша қазақ­стандықтардың міндеті екенін әрбір саналы азамат түсінуі керек. Сіз бен біздің мақсатымыз – қа­зақ баласын құлдық санаға басқа фор­мада қайта салмай, сананы Тәуелсіздік самалымен серпілту.

– Қазір біздің саясаткерлер 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтіні жайында айтып жатыр ғой. Тіл маманы ретінде бұған қалай қарайсыз?

– Біз, қазақ, цифрға сенетін халық­пыз. Айтылған цифрға кәдімгідей сеніп қаламыз. Бір кездері бізге «қазақтардың 40 пайызы ғана қазақша біледі, қазақ­стандықтардың үлес алмағы 50 пайызға да жетпейді» деген статистиканы айт­қанда біз соған кәдімгідей сеніп, құ­лазып қалдық, реніш білдірдік. Сол кезде орысша сөйлейтіндер осы цифр­ды алға тартып, «біз халыққа ортақ тіл­де сөйлеп тұрмыз» деп өздерін ақтап алатын. Енді біз өзіміздің рухымызды өсіретін цифрға неге ренжуіміз керек? Тіпті ол толық орындалмаған жағдайдың өзінде, осындай міндет қойылудың өзі бізге көмекші құрал емес пе? Мысалы, қазақша үйренгісі келмейтіндерге «қа­зақ­стандықтардың 95 пайызы қа­зақ­ша білу керек, ендеше, сіз қалдық 5 пайыз­дың ішінде болғаныңыз ғой» деп талап ете аламыз. Көңіл сенген нәрсеге қол жетеді. Ең бастысы, халықтың санасын, көңілін соған сендіру керек. Бұл – пси­хологиялық фактор. Біздің басты мақса­тымыз – осы бағытта көптеген істер атқару. 95­-тің артында 100 де алыс емес екені түсінікті ғой, ендеше, тағы да «қолы­мызды мезгілінен кеш сермеп» жүрмей, иіні келіп тұрған істі игілікке айналдырып, «ақылдан ойға сыр тара­тып», әр жүректе үміт шамын жарқырата жаға білген жөн. Үшіншіден, мектеп мұғалімдеріне ерекше талап пен талғам керек дер едім. Сондықтан мектеп мұғалімдері өздерінің пәніне деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін, бас­тысы – жауапкершілігін бұрыннан да арт­тыра түссе, сол лазым.

– Қазір заманға сай көптеген сөздердің мағынасы кеңейіп немесе тарылып жатыр. Бұл құбылыс тілдің көркін, тілдік заңдылықтарды бұзып жатыр деп ойлайсыз ба?

– Жоқ. Тіл – біздің құралымыз. Сөй­леу барысында бір сөз мағынасы кеңе­йіп жатса, оған жақсы қарау керек. Қазақ тілінің ішкі даму жүйесі көп мағыналыққа құрылған. Тілдің ең басты қасиеті – ол сөйлеуге тәуелді. Сөйлеуде ол дамиды, көпмағыналыққа ие болады, жетіле түседі. Сөйлеу мен тілдің арасында біраз айырма бар. Тіл – да­йын материал, ал сөйлеу – қолданыс. Біз «тіліміз өліп бара жатыр, тіліміз дамымай жатыр» деп байбалам салған­да, мұны тілге емес, сөйлеуге қатысты деп түсіну керек. Мұндағы негізгі мә­селе күнделікті қарым-қатынасқа түсіп, сөйлеу үдерісінде жүрмесе, қазақ тілі­нің байлығы астына шөгіп, тұна бастай­ды. Көз алдыңызға қымызды келтіріңіз. Қымызды күнде араластырып тұрмаса, оның маңызы астына қарай тұнып, қо­юы түсіп, бетінде сұйығы ғана қалады. Тіпті ақшаны да банкке салмай, үйдегі «банкке» салып тығып қойсаңыз, пайда әкелмейді. Тілді де күнделікті қарым­қатынаста қолдану, сөйлеу аса маңызды. Сонда оның мағынасы дамып, термин­дерінің мәні орнығып, ішкі мағыналық құрылымы дамиды. Қазақ тілін жарлық­пен, бұйрықпен дамыта алмаймыз, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» ға­на қазақ тілі дамиды. Тіліміздің төменде тұнып жатқан қас сұлулығы – тұрақты тіркестері, шешендік сөйлеу мәнері, мақал­-мәтелдерін дұрыс қолдану, ұтым­ды пайдалану маңызды. Қазіргі кей ақпарат беттерінде, теледидарда ма­қал­­-мәтелдердің, фразеологиялық бір­лік­тердің мағынасын бұрыс қолдану бар.

– Түркі халықтарының арасындағы ортақ тіл мәселесі ара-тұра айтылып қалады...

– Тілді кәдімгі сөйлеу фактісі ретінде қарайтын болсақ, әрине, қырғыз неме­се түрік келіп қазақ тілінде сөйлемейді. Әр ұлт өзінің тілімен сөйлесе сол ғана құнды. Ал енді бүкіл түркі халықтары қазақ тілінде сөйлеп кетсе оның қызығы мен құндылығы да қалмаған болар еді. Cаяси жағынан алғанда, бүкіл тегі бір түркілердің бірлігін таныту үшін, елдігін таныту үшін, «түркі халықтары» деген ұғым қалыптастыру үшін ортақ тіл табу мәселесі соңғы 15-20 жыл барысында көтеріліп жатыр. Осыдан он шақты жыл бұрын Түркістанда түркология саласын­дағы халықаралық ғылыми конферен­ция болды. Сол жиынға, негізінен, түрік­тер бастамашы болып, қаржылан­дырып, ұйымдастырған еді. Аталған жиын аяқталып, резолюция қабылданар тұста ортаға мынадай ұсыныс тасталды: «Мүмкін, осындай түркі халықтары бас қосқан жиындарда ортақ тіл түрік тілі болу керек шығар» деген. Мұны түріктер қолдады. Осы кезде залда отырған қазақ аудиториясы үн-түнсіз қалды. Бір кезде бір дауыс саңқ ете қалды. Ол филология ғылымының докторы, про­фессор, академик Рәбиға Сыздықтың даусы еді. Ол кісі орнынан тұрып: «Сон­да қалай дейсіңдер, мен қазақ тілінде сөйлеймін. Мен қырғыз тілін білмеймін. Сол қырғыздарға қазақ тілінде сөйле десеңіз, білсе де сөйлемейді. Ал әзір­бай­жан, түрік тілдерін тіпті білмеймін. Ендеше, неге біз ортақ тіл іздеуіміз керек? Әр тіл өзінің құндылығын сақ­тауымен бағалы емес пе?» – дегенді айтқан кезде залда отырған халық орындарынан тұрып қол шапалақтады. Яғни ортақ тілді іздеу – адасқандық. Әр халық өз тілінде сөйлейді. Оларға ортақ тіл тауып бере алмаймыз.

– Енді тіл мен ділге тоқталсақ, біз қызыға қарап, құныға үйреніп жүрген батыстық мәдениеттен нені алып, неден жирену керек?

– Елеп-екшеп, құнды болса атан түйе беріп алып, ал өз дүниетанымыңа, мәдениетіңе, рухани болмысыңа жат келсе, барыңды жадау тартқызбай, «біреудің қаңсығы – біреуге таңсықтың» кебін кимегенге не жетсін!

ХХ ғасырдың атақты ойшылы Ницше еуропалық мәдениеттегі Сократ ілімін дәріптеуге қарсы шығып, әлемдік фило­софиялық ойдың дионистік, шығыстық қайнарға оралуына шамасы да, мәде­ниет деңгейі де жетуі тиіс деп есептеген екен. «Ғылымның қағидаларына құрыл­ған мәдениет жойылуы тиіс», – деп жаз­ған философ шығыстың бай тә­жіри­бесіне, терең рухани болмысына үңілген. Шығыстық әдебиетке үлкен мәдениеттің үлгісі ретінде қызыға, ал еуропалық «рационализмге» түңіле қараған. Ницше Сократтан басталатын батыстық мәдениеттің тарихын – құл­дырау (декаденс), азғындау, рахаттанып өмір сүрген адамның теорияшыл, өмір сүрудің орнына рационалды ойға бататын «рухани дімкәске» айналуы деп сипаттаған. Ал бұған не дер едіңіз? Мұндай ой тек қана Ницшеге ғана тән емес, классикалық философиядан кейінгі өмірге келген бұл даналық бүкіл батыстық философияны жайлады десек қателеспейміз. Еуропада қалыптасқан ілім үшін бүлікшіл болып саналған оның ойларынан өнерді жақсы көретін, музы­калық тілмен қарым-қатынас жасай білетін, өмірді сүйетін кемел адамды аңсау идеясы қалыптасты. Бұл идея болашақта осы бағыттағы ойшыл­дардың жетілуіне, дамуына үлкен түрткі болды. Ницшеден кейінгі уақытта фило­софияда жасалған нәрсенің бәрі оның дәні, оның өскіні деп есептелді. Ницше­нің философиялық ұмтылысынан ша­быт алған Хайдеггер мен Адорно, Сартр мен Гадамер, Леви-Стросс пен Деррида өздерінің данышпандық туындыла­рын­да шығыстық рухани әдебиет пен мәде­н­иет­тен үлгі алуға шақырғаны белгілі. Демек, батыстың соңғы технологиясы болмаса, рухани мәдениет саласында өзіміздің құндылықтарымыз әлдеқай­да салмақты дүние.

– Әңгімеңізге рақмет.

Үзік ой

Біздің қазақ өзге халықтардың тарихында 100 жылға созылған жаңғыру үдерістерін бар болғаны 10-15 жылда бағындырған сияқты. Бұл маған біздің халыққа ғана тән құбылыс, қазақы феномен болып көрінеді. Ендеше, осындай қасиетке ие халық бір кездегі бабаларының тарихындағы ұлы жетістіктерді тағы да қайталай алады деп ойлаймын.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ