Студенттер контингенті дами бермек

14 маусым, 2011

Жоғары оқу орындарының басты капиталы – сол университеттің студенттері. Олай болса, білім ордасына түлектерді қабылдау өзіндік салмағы бар үлкен науқан. Дәл қазіргі таңда білім ордаларының алдында тұрған үлкен міндет – кезекті оқу жылына білімгерлерді қабылдау. Осы орайда, 13 маусымда өткен Ректорат мәжілісінде бірінші проректор Мұқамбетқали Бүркітбаев баяндаманы 2011-2012 жылғы студенттердің контингентін дамытуға арнады.

Білім нарығында университеттің бәсекегі қабілеттілігі және инновациялық әлеуеті – Олимпиада жеңімпаздарының оқуға қабылдануымен және ҰБТ-дан жинаған көрсеткіштің үлесімен өлшенеді. Бұл орайда ҚазҰУ-да қабылдау комиссиясы тыңғылықты жұмыс істейді. Олар үгіт-насихат, таныстыру жұмыстарын жүргізуде. ҚазҰУ-дың жылжымалы комиссиясы 21-і мен 30 мамыр аралығында Қостанай, БҚО, СҚО, ШҚО, Павлодар облысы сияқты 50-ден аса ауданға арнайы барып қайтты. «Алтын белгіге» үміткер 265 түлектің арасынан 180-і ҚазҰУ-да оқуға тілек білдірген. «әл-Фараби» олимпиадасына 1026 мекетептен 9694 түлек қатысқан. Олардың 38-і жүлделі орын алса, 3130-ы жақсы көрсеткіш байқатқан. Қабылдау комиссиясының мүшелері Алматы қаласы Қарасай ауданында өткен «Шағын ғылым академиясы» аясында жеңімпаз түлектерді марапаттауға арналған шараға қатысты. 25 мамыр соңғы қоңырау күні оқушыларға кеңес беру жұмыстарын жүргізген. 25 мамыр мен 10 маусым аралығында 1800-ден астам талапкерге және ата-аналарына университетке түсу жайында мағлұматтар жеткізілген. ҚазҰУ-да жоғары сынып оқушыларына арналған «әл-Фараби» журналы дайындалуда. Студент контингентін дамытуда Ұлттық университетте осындай бірнеше жұмыстар жүзеге асып жатыр.

Алдағы оқу жылында бакалавриатта дизайн, логистика сияқты мамандықтар ашылса, магистратурада әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану, мұнайлы химия сияқты тағы да басқа мамандықтар бойынша түлектер қабылдайды. Сонымен бірге туризм, педагогика және психология, қаржы сияқты бірнеше мамандықтар бойынша докторанттар дайындалмақ.

Ректоратта сонымен бірге ҚазҰУ-дың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда кафедра жұмыстарының заманауи талаптарға сай атқарылып, оның білім және ғылым саласындағы инновациялық қызметтерін дамыту талабы қойылды. Кафедрадағы оқытушы-профессорлар құрамы 25 штатты құрап, оның кем дегенде 4-еуі профессор болуы қажет. Кафедраның ғылыми мектебін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және ғылым гранттарын арттыру талабы айтылды. Кем дегенде екі пәнді ағылшын тілінде оқытып, шетелдік басылымдардағы ғылыми жарияланымдар санын арттыру және әлемнің жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламасы бойынша мамандар дайындауды дамыту айтылды. Бұл талаптар ұлттық зерттеу университеті үдесінен шығуға жол ашпақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кезекті Ректорат мәжілісінде Бірінші проректор М.М.Бүркітбаев 2011-2012 оқу жылының контингентін құру ақпарына егжей-тегжей тоқталғаннан кейін, Мемлекет және құқық институтының директоры А.А.Салимгерейдің Ұлттық зерттеулік университет мәртебесі туралы заң жобасы және Макро-, микроэкономика кафедрасының меңгерушісі Б.М. Мұхамедиевтің Экономикалық білім беруді дамытудың ғылыми-зерттеулік векторы (макро-, микроэкономика кафедрасының мысалында) хабарламасы тыңдалды

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі