
2021 жылдың 7 және 28 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде корей тілін үйреніп жүрген студенттер мен Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер арасында онлайн-кездесу өтті.
Бірнеше жылдан бері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында біздің студенттеріміз Оңтүстік Кореяға тілдік тағылымдамаға барып, тіл ұстартып қайтатын. Бірақ пандемия басталғалы бері студенттермен алмасу мүмкін болмай отыр. Сондықтан, біз екі елдің студенттеріне де пайдалы болуы үшін онлайн форматта кездесу ұйымдастыруды ұйғардық. Бұл іс-шараның мақсаты қазақ және корей тілін оқып жүрген студенттерді бір-бірімен таныстырып, ақпарат алмасып, ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, тәжірибе жинақтау.
Конференцияны Хангук шет тілдер университеті тарапынан Құрышжан Әлия, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарапынан Әмірбекова Үмітай ұйымдастырды. Онлайн-конференцияға әр университеттен 10 студенттен қатысты. Кездесу барысында студенттеріміз қазақ тілін үйреніп жүрген корей студенттерімен бірге ауызекі тілде сөйлесуге, әртүрлі тақырыптарды талқылауға және оларды өз елдерінің мәдениетімен таныстыруға мүмкіндік алды. Корея студенттері қазақ тілінде, Қазақстан студенттері корей тілінде сөйлесіп, тілдік тосқауылды жеңуге талпыныс жасады. Іс-шараға оқылатын тілдері бірдей деңгейдегі студенттер қатысқандықтан, оларға ортақ тіл табу ыңғайлы болды. Бірінші кездесуде әр студент өзін таныстырып, өздерінің хоббиі туралы әңгімелесті, одан әрі қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретіндіктен, кездесудің соңында студенттер нөмірлерімен алмасты. Екінші кездесуде біраз таныс болып қалған екі елдің студенттері әңгімені ұлттық тағамдар төңірегінде өрбітті. Олар өздерінің сүйікті тағамдары туралы, қазақ студенттері өздері дәмін татып жеп көрген корей астары, корей студенттері өздері жеп көрген қазақ тағамдары туралы пікір алмасып, кездесу соңы Наурыз көженің мән-мағынасын әңгімелеумен аяқталды. Студенттер мұндай онлайн-кездесуді тұрақты түрде өткізіп тұрамыз деп шешті. Осындай кездесулер арқылы көптеген адамдар шетелдік дос табуға мүмкіндік алатындығы және оқып жүрген тілінде ауызекі сөйлеу дағдыларын ұштайтындықтары анық.
Басқа жаңалықтар
