Ыстамбұлда Түркі кеңесінің медиафорумы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің «Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ» тақырыбындағы медиафорумына қатысты.
Айтулы шараға Түркі кеңесіне мүше Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және бақылаушы ел ретінде ынта білдірген Мажарстан мен Түрікменстаннан 350-ден астам БАҚ өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, киноиндустрия, мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі блогерлер мен журналистика факультеттерінің студенттері тартылды. Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев бастап барды.
Бүкіл түркі әлемі назар аударған айтулы шара басталардың алдында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған бейнежолдау арқылы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев тамыры бір халықтардың түрлі саладағы өзара ынтымақтастығы үшін алдағы уақытта атқаратын маңызды шаралардың ауқымды екенін тілге тиек етті.
Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев Түркі кеңесі медиафорумына қатысып отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатқанын айта келіп, Қазақстан егемен ел болғалы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткеніне тоқталды. Саяси-экономикалық, мәдени жетістіктерімен қатар, медианарықта да жаңалықтары бар екенін айтты. Қазіргі таңда елде 30-ға жуық ЖОО журналист мамандарын даярлайды. Вице-министр түркітілдес мемлекеттердің медианарығында алдағы уақытта ынтымақтастықты нығайту үшін қандай шараларды қолға алу керектігіне де тоқталды. Телеарналардың бір-бірімен тәжірибе алмасу жайы сөз болды.
– Түркі кеңесінің бірінші медиафорумы бұрын арман болған, бірақ жүзеге аспай жатқан болатын. 2019 жылы түркітілдес мемлекеттердің көшбасшылары қаулы қабылдап, Түркияда медиафорум өткізу туралы шешім қабылдады. Бірақ пандемияға, Әзірбайжан аймағындағы Таулы Қарабах соғысына байланысты бұл шара кейінге қалдырылып келді. Келелі жиналыста ғалымдар, БАҚ саласының, өнер әлемінің мықтылары өз ой-пікірлерін ортаға салып жатыр. Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Ерсін Татар, Әзірбайжан Президентінің орынбасары Хикмет Хаджиев, Түркия Республикасы Президентті аппаратының Коммуникация басқармасы төрағасы Фахриддин Алтын мырзалардың қатысуымен үлкен басқосу болды, – дейді Анкара қаласындағы ТРТ мемлекеттік телерадиокорпорациясының қазақ тілі редакциясының қызметкері Уфук Тузман. – Мен қазақ халқының тарихи «Томирис» фильмін түрік тіліне тәржімаладым. Осы форум аясында фильмнің режиссері Ақан Сатаев пен бас кейіпкер – Томиристі сомдаған актриса Альмира Тұрсынмен жүздесудің сәті түсті. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай. Неге десеңіз, «Томирис» жедел, қалай болса солай аударыла салатын фильм емес. Өйткені фильм якут, саха диалектісінде, небір тарихи кейіпкерлердің технологиясымен жасалған.
Жақын арада «Томирис» фильмі ТРТ мемлекеттік түрік телеарнасында көрсетілмек. Форумда киноиндустрия және БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ дезинформацияға, оның ішінде әлеуметтік желілерге қарсы бірлескен күрес талқыланды.
– Мажарстан Түркі кеңесі жұмыстарына бақылаушы ретінде қатысып отыр. Венгр халқы жалпы түркі дүниесінің ортасынан шыққаны кейде ескеріле бермейді. Түркілермен көп ғасырлар бойы бірге өмір сүрген көшпелі халық Еуропаның ортасына көшіп барып, қоныс тепкен. Біраз уақыт сол бірлігіміз үзіліп қалды. Қазір бұрынғы бірлігімізді қайтадан жандандырып, қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәріміз де осы саясатты қолдап, мүмкіндігінше көмектесіп келеміз, – деді Венгрия Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, түрколог ғалым Дәуіт Сомфай Қара.
– Венгрияда мажарлармен бірге, қыпшақтар да ХІІІ ғасырдан бері өмір сүріп келеді. Қазақтарда да қыпшақ деген ру бар. Өкінішке қарай, Венгрияда қыпшақ тілі ұмытылып кеткен. Біздің ата-бабамыздың тіліне ең жақын үш тіл бар: олар – қазақ, қарақалпақ және ноғай тілдері. Біз бір-бірімізді өте жақсы түсінетін едік. Өкініштісі, Мажарстандағы қыпшақтар өз тілінен айырылып қалды. Түркі халықтары бірлікте болсақ, бәлкім, Мажарстандағы қыпшақтар да қазақтардан өз ата-бабаларының тілін үйреніп алады деп үміттенемін.
Медиафорум аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, сыншы, ғалым Дандай Ысқақұлы да өз ойын ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі