ХІ халықаралық Бірімжанов съезі өтуде

19 қараша, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде химия және химиялық технология факультетінің ұйымдастыруымен ХІ халықаралық Бірімжанов съезі басталды.

Ауқымды шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, ҚазКСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың туғанына 110 жыл толуына арналған.

Ғылыми басқосу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Университет басшысы өз сөзінде алдымен тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екеніне тоқталды. «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы мәңгілік ел болудың стратегиялық негізін қалап, экономикалық өрлеу мен рухани дамудың даңғыл жолына түсті», – дей келе, осы бағыттағы ұстаныммен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев озық білім мен ғылымға негізделген қуатты экономиканы құру саясатын жүргізіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның химия ғылымының бастауында тұрған танымал ғалымдар арасында Батырбек Бірімжановтың ерекше орын алатынын атап өтті.

Көрнекті тұлға қарашаңырақтың химия факультетінде 26 жыл декандық қызмет атқарды. Осы жылдар аралығында еліміздің химия ғылымының дамуына және кәсіби мамандар даярлауға елеулі үлес қосты. Оның қолдауымен бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған жаңа ғылыми бағыттар дамыды. Сондай-ақ бүгінде ел мақтанышына айналған ғылыми қызметкерлер мен оқытушы мамандардың тұтас тобы қалыптасты. «Бүгінде халықаралық Бірімжанов съезі химия және химиялық технология бағытында ғалымдар мен ұлттық индустрия субъектілері өкілдерінің мүмкіндігі мен мүддесін тоғыстырған бірегей қуатты интеллектуалдық алаңға айналды», – деп атап өтті ректор.


Сонымен қатар съезд ашылуында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың қатысушыларға арналған сөзі оқылды. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технологиялар факультеті химиялық инженерия бейіні бойынша білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингінде жетекші орынды иеленіп келеді. Бүгінде факультет ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингтердегі позициясына елеулі үлес қосуда. Өткен ғасырдың ортасында қалыптасқан берік дәстүрлер мен ғылыми мектептер бұл факультеттің М.Ломоносов атындағы ММУ және А.Жданов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінен кейін бұрынғы КСРО-ның үздік үш факультетінің біріне айналуына мүмкіндік берді. Бұл орайда, саналы ғұмырын химия факультетіне қызмет етуге арнаған ғалым Батырбек Бірімжановтың сіңірген еңбегі зор. Сол кісінің есімімен аталған химия-технологиялық профильдегі еліміздегі бас съезд жұмысынан үлкен үміт күтеміз», – делінген хатта.

ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков жиынға онлайн қосылып, съездің Қазақстанның ғылыми-тәжірибелік өміріндегі маңызды оқиға екеніне мән берді. Ол: «ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультеті еліміздің техникалық салалары үшін мыңдаған мамандар даярлайтын отандық химиялық білім берудің флагманы болып саналады. Факультеттің Қазақстан ғылымына қосқан үлесі сүбелі. Sciense, Scopus базаларында индекстелетін жоғары рейтингтік журналдардағы жарияланымдардың басым бөлігі ҚазҰУ химиктеріне тиесілі. Сондай-ақ біз ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің ұжымы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға да үлкен үлес қосып келе жатқанын білеміз. Сондықтан мұндай маңызды шараның дәл осы жерде өткізілуі кездейсоқ емес», – дей келе, басқосудың еліміздің әлеуметтік және жалпы экономикалық мәселелерін бірлесіп шешудің тиімділігін арттыруға ықпал етеріне зор сенім білдірді.


Сондай-ақ пленарлық отырыста «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының Жоғары технологиялар институтының бас ғылыми қызметкері, ғалымның ұлы Руслан Бірімжанов, Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі Зұлқайыр Мансұров, «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Әбдірасыл Жарменов және басқа да жетекші ғалым-химиктер, шетелдік сарапшы мамандар баяндама жасап, біртуар тұлғаның азаматтығы, ғылымға қосқан мол мұрасы жайлы, сонымен қатар наноғылым мен нанотехника саласындағы соңғы жаңалықтар, өндіріске бағытталған ғылым төңірегінде сөз қозғады. Химия саласындағы білім беру ісі және ғылым мен технологияның қазіргі заманғы даму бағыттарына кеңінен талдау жасады.

Съезд жұмысы «Минералды және техногенді шикізатты қайта өңдеудің заманауи тәсілдері», «Іргелі және қолданбалы материалтану», «Органикалық синтез, өсімдік және көмірсутек шикізатын қайта өңдеу», «Қазіргі химиялық білім берудегі трендтер», «Өнеркәсіп пен экологиядағы заманауи химиялық талдау», «Қазақстанда тамақ өндірісі технологиясын дамыту» бағыттары бойынша секциялық отырыстарға ұласты.

Халықаралық шара көрнекті ғалымды еске алу мақсатында 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның шеңберінде электротехникалық материалтану бойынша халықаралық олимпиада және өндірістік сектор өкілдеріне арналған аналитикалық химия бойынша оқыту семинарлары жоспарланған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі