Әлемдік рейтингіндегі ҚазҰУ секірісі

8 қыркүйек, 2011

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS топ-университеттер рейтингінде 200 орынға жоғарылады

Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, ҚазҰУ үздік секіріс жасап, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде әлемдік топ-университеттер рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәрежеге енді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып табылады.

QS рейтингі әлемнің 700 үздік университеті арасында жүргізіледі. Қазақстан ЖОО көшбасшысы ҚазҰУ бірінші рет бұл рейтинг жүйесіне 2009 жылы қатысып, 601-650 шептен орын алған болатын. Осы орайда, білім және ғылым саласы бойынша Қазақстан тәуелсіз агенттігі жүргізген жоғары оқу орындары арасындағы бас рейтингіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміз бойынша бірінші орында екендігін айта кеткен жөн.

«Классикалық университеттен зерттеу университетіне айналу жолында университет ұжымының бірнеше ай бойы атқарған тынымсыз еңбегіөзінің алғашқы нәтижесін көрсетті», - дейді ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев. Бүгінде жаңашылдық университеттің барлық құрылымына тың серпін берген. Факультеттер кластерлік негізде қайта жасақталып, кафедралар іріленді, тиімді менеджмент, әр қызметкер еңбегінің рейтингтік жүйемен бағалануы, инновациялық инфрақұрылымдардың заманауи тұрғыдан жетілуі, әлеуметтік серіктестік, корпоративті мәдениеттің дамуы және тағы да басқа атқарылған іс-шаралар білім ордасының жаңғыру, жаңару үлгісін құрады.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-да қолданбалы және іргелі зерттеулер бойынша 200-ден астам жоба қолға алынған. Казақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай қара шаңырақта «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 инновация» атты маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаларды жүзеге асыру үшін университетте ғылыми-зерттеу, тәжірибелік құрастыру жұмыстарының нәтижелері және технология трансферті атты орталық құрылып, коммерциализациялау және лицензиялау кеңсесі ашылып, технопарк жұмысы толықтай жаңғыру үстінде.

Университетте іргелі және қолданбалы зерттеулерге инвестиция тарту, олардың нәтижелерін инпакт-факторы жоғары ғылыми басылымдарға жариялау және әлемдік ғылым-білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру басты бағыт болып қарастырылған. Бұл болашақта әлемдік рейтингте қара шаңырақты биік нәтижеге қол жеткізіп, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, халықаралық деңгейдегі беделін айқындай түспек.

QS рейтингін жүргізуде жұмыс берушілердің ұсыныс-талаптары, ЖОО қызметкерлері мен студенттері ғылыми жұмыстарының дәлелге алыну индексі, жалпы ғылыми-зерттеу іс-әрекеттері ескеріледі. Сондай-ақ, академиялық абырой, бедел индекстері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттердің арасалмағы, шетел оқытушылары мен студенттерінің үлесі секілді «субъективті» көрсеткіштер де назардан тыс қалмайды.

Әлем жоғары оқу орындары QS халықаралық рейтингін қатарынан екі жыл бойы Кембридж университеті (Ұлыбритания) бастап келеді. Екінші орынды Гарвард (АҚШ), ал үшінші орынды Массачутет технологиялық институты (АҚШ) алған.

Әлемнің үздік 20 университетінің қатарына 13 американдық, 5 британдық жоғары мектеп кіреді. Сондай-ақ, бұл топтың құрамында 17 орынды Канаданың McGill University, 18 орынды Швейцарияның Федеральды технологиялық институты иеленген.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі