ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан

18 ақпан, 2022

ӨЗ ТАҒДЫРЫМЫЗ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатынан өзімді мазалап жүрген сауалдарыма толыққанды жауап алдым. Шын мәнінде «қаңтар қасіреті» бәріміздің жанымызға батты. Әлеуметтік талаптардың арты дүрбелеңге ұласып кетті. Бейбіт тұрғындардың наразылығын арам пиғылды қаскөйлердің пайдаланып кеткені өте өкінішті болды.

Президент сұхбатында «біз өз тағдырымызды өзіміз шешуіміз керек» деді. Расында да, қоғамдағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Қазақстан – өз жеріміз, өз Отанымыз. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады. Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға айтқан өсиеті қандай, еңбекқор болуға шақырды. «Нанымызды адалынан жейік, табан ақы, маңдай терімізбен табайық» деді. Бұдан артық қандай өсиет болуы мүмкін? Түсіне білген адамға мұнда үлкен философиялық ой, парасат-пайым жатыр. Кейбір жастар жеңіл жолмен тез байығысы келеді. Оның арты әсте жақсылыққа апармайды. Оқы, білім ал, білігіңді көрсет, сөйтіп, адал еңбегіңмен өсіп-өн, осының өзі үлкен бақыт емес пе?

Сынау, мінеу әркімнің қолынан келеді. Сондықтан оған әуес болмайық. Жаңа Қазақстанды құруға ниеттеніп жатқан Мемлекет басшысына бәріміз қолдау көрсетейік. Президенттің бастамаларын құптайық. Саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалар бір айдың, тіпті бір жылдың шаруасы емес. Олар жан-жақты талдауды қажет ететін күрделі процестер. Осы реформаларға әркім өз ісін адал атқарып-ақ үлесін қоса алады. Жылтыр сөз, бос мақтаннан бойды аулақ салайық. Сонда ғана біз өркениетті, азаматтық қоғамға бір саты жақындай түсеміз. 

 

Тілеутай ӘБІЛДИН,

Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы

кафедрасының қауымдастырылған профессоры

 

 

ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР НЕГІЗДЕМЕСІ


Адам баласының құқығы мен бостандығы туралы ойлар мен конституциялық нормалар айтылғанда тең мүмкіндіктер турасында сөз қозғалады. Кейде конституциялық нормалардың ішкі мәніне тереңінен кіре бермейміз. Ал егер оның түпкі байыбына барып қарасақ, оның мәні адам баласының салауатты өмірі үшін алдымен бостандығы мен теңдігі  және де құқығының қорғалуын баяндайды. Тіпті осынау айтылып тұрған құндылықтарды кейде тек құқықтанулық, саясаттанулық, философиялық мазмұнда немесе тек азаматтық қатынастарға ғана тиесілі деген пайымда түсінеміз. Алайда бұл құндылықтар мен нормалар сонымен бірге экономика мен әлеуметтік салалардың барлығын қамтиды.

Елімізде соңғы күндері олигархия, олигополия турасында айтылып жатыр. Бұған дейін де жария тұрғысынан болмаса да, кей сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан айтылып келді. Олигархияның мәніне байланысты көптеген түсініктер мен түсіндірмелер бар. Негізі, жеке адамдардың аса байлықты жинағаны, байығанында тұрғанда мәселе жоқ. Ал олигархиялық мазмұндағы байығандар жөнінде сөз етілгенде тең емес бәсекелестік пен әділеттіліктен алыста жатқан баюдың мәні айтылады.

Президенттің 17 ақпандағы сұхбатында аталған мәселе турасында сөз етілді. Елдегі әлеуметтік мәселелердің жай-күйі турасында да айтылды. Міне, мәселені аталған жайттар жағынан қарастырсақ. Бұған дейінгі бір сөзінде «алдымен – экономика, кейін – саясат» ұстанымы саясат пен экономиканы қатар қарауды мақсат ететіні жөнінде сөз етті.

Енді олигархияның несімен қоғамға кері ықпал етіп отырғанына қатысты баяндап өтсек. Елімізде экономикалық салалардың басым бөлігі монополияланған. Бұнын кері салдарына мыналар жатады. Жаңа кәсіпті ашушы азаматтарға, яғни жас кәсіпкерлерге тең мүмкіндіктер есігі ашылмайды. Бұл өз кезегінде жаңадан байыған әлеуметтік қабаттың пайда болуына әкелмейді. Себебі жаңадан кәсіп ашушылар жаңа идеяларды қоғамға алып келеді. Жаңа кәсіпкерлердің, «жаңа байлардың» пайда болмауы экономикадағы жаңа бәсекелестік деңгейді тудырмайды. Нарықта бәсекелестік жойылып, бұрынғы «ескі ойыншылар»  «ескі ойындарын» жалғастыра отырып, монополия күшейе түседі. Өз кезегінде жұмыспен қамтамасыз етілуге байланысты жаңа жұмыс орындары пайда болмайды. Оның пайда болмауы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік берілмейді. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың артуына алып келеді. Себебі елімізде жыл сайын демографиялық туу деңгейі өсіп келеді. Яғни еңбекке жарамды жастардың саны арта береді. Ал олардың жұмыспен қамтамасыз ету деңгейі төмендей береді. Бұл әлеуметтік жағдайдың асқынуына алып келсе, екінші жағынан, наразылық көңіл күйдің артуына алып келеді.

Қарап тұрсаңыз, елдегі монополияланған экономика жабық экономикалық қатынастардың орнауына алып келді. Ал еңбекке жарамды жастардың алдынан шығатын әлеуметтік жай-күйдің мәселесі олардың өмірден өз орнын ала алмауына, ал ол өз кезегінде «маргиналды жастар» тобының пайда болуына алып келеді. Президент айтып отырған  олигополияның қоғам мен әлеумет, экономикаға кері алып келіп жатқан салдары, міне, осындай.

Еліміздің алдында тұрған басты мәселесінің бірі – олигополиялық нарық құрушы топтың байлығын кәмпескелеу емес, олардың өзгелермен тең мүмкіндіктер аясында жұмыс жасауға міндеттеу. Бұл орайда, монополияға қарсы комитеттің құзыретін белгілі бір деңгейде күшейту және барлық кәсіпкерлерге бірдей деңгейде бәсекелестікті талап ету және тең мүмкіндіктер қағидаты аясында жұмыс жасауды жолға қою.

Тауар құнын арзандату мен оның сапасын арттырудың бірден-бір жолы – ашық бәсекелестік және тең мүмкіндіктерді бәріне ортақ қағида ету.

 

Руслан АҚМАҒАНБЕТОВ,

Саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының оқытушысы, PhD  докторант

 

 

БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ ҰЯЛАДЫ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатын ықыласпен тыңдадым.  Президент журналистің сұрақтарына нақты, тұшымды жауаптар берді деп ойлаймын. Қ.Тоқаев «мемлекетке қатысты істің барлығы мемлекеттік тілде жүргізілуі керек,  ол біздің қазақ тіліне деген құрметіміз» деп атап көрсетті. Сондай-ақ біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан, сол себепті тәуелсіз мемлекетімізді қорғау, өркендету баршамыздың  басты парызымыз екенін тағы да қадап айтты. 

Ел алдында тұрған басты міндеттер ретінде қоғамды демократияландыру, заңға сай жұмыс істеу, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу, оларды жұмыспен қамту керек екеніне баса назар аударды.

Ұзақ жылдар бойы қордаланған саяси-экономикалық проблемалардың, әлеуметтік теңсіздіктің бар екенін жасырмаймыз, енді соны тиімді шешудің жолдарын қарастыруымыз керек екенін де баса жеткізді. Қаңтар оқиғасына да егжей-тегжейлі тоқталып, саяси тұрғыдан баға берді. Осы сұхбаттан көкейде жүрген біраз сұрақтарға жауап алдық. Еліміздің болашағына деген сенім ұялады. Ел болашағы  тұрақтылық пен бірлікте екеніне тағы да көз жеткіздік.

 

 

Раушангүл АВАКОВА,

Түркітану және тіл теориясы

кафедрасының меңгерушісі,

ф.ғ.д., профессор

 

 

 «ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР» ОҚИҒАСЫНЫҢ ГЕОСАЯСИ СИПАТЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 17 ақпан күнгі «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатынан  көрермен көп ой түйді. Қоғамда ашық пікірталас, түрлі кереғар пікірлер тудырған «қаралы қаңтар» оқиғасының ақ-қарасын бағыттауда жүйелі ой айтылды. Президенттің елдің  жаңа даму бағдарын құруға аса қажетті қоғамдық келісімді үйлестіру жөніндегі ұстанымының сұхбат барысында басшылыққа алынғанын бағамдауға болады.

«Қаралы қаңтар» оқиғасының шын мәнінде ел тәуелсіздігіне қаншалықты шынайы қауіп төнгенінің өлшемі сұхбат барысында сарапталған оқиға желісінің әрбір сұрағына берілген жауаптың ауқымынан баяндалып тұрды. Сөз басында сұхбаттың қай аудиторияға арналғанына қатысты сұрақтың аясында Президенттің дипломат ретінде орыс тілінің қолданыстық сипатын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданыс тілінің алты ресми тілінің бірі ретінде нақтылай түсіндіруі  және сол тілдің халықаралық мүмкіндігіне орай, қаңтар ақпаратын әлем жұртшылығына берудегі қолданысына нақты анықтама берілді.

Ресейлік сарапшылар болжаған төңкерісшілердің Тоқаев билігін құлату мақсатының болғаны туралы сараптамасына қатысты сұрақтың жауабында қаңтар оқиғасын көрші елдердің аса мұқият бақылап отырғанын айта келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай істе асығыс шешім шығарып, асықпауға жол жоқ екенін, ақиқатқа баратын жолдың аса сабырлыққа сүйенуі керектігін ескерді.

Ұжымдық қауіпсіздік  туралы шарт ұйымының қызметіне жүгіну қажеттілігіне қатысты қазақ қоғамында орын алған көптеген алыпқашпа пікірдің толық бір ғана жауабы да аса тиянақтылығымен Мемлекет басшысы тарапынан жинақы берілді. Дипломатия тұрғысында ұйымның қолданыстық қызметіне түсінік беріліп, құрылымның оған мүше мемлекеттердің барлығына ортақ механизм екеніне, оның геосаяси ахуал тұрғысында ортақ мүддеге сай, ортақ қауіпсіздік мақсатында әрекет еткеніне анықтама берілді.

Халықаралық қатынастардағы қауіп-қатердің лаңкестік оқиғалармен байланысты желістелген оқиғаларының Қазақстан  аумағына өтуі, оның қаңтар оқиғасы барысындағы қарулы қарақшылық амалдарының Сирияның Дамаск пен Раккадағы бас алу лаңкестік әрекеттенуіне ұқсастығын сараптауы да Мемлекет басшысының орын алған ішкі саяси оқиғаға жеңіл-желпі баға бермеу керектігін меңзейді. Оқиғаның лаңкестік әрекеттермен байланысты беттеріне қатысты тілші сұрағына тергеу жұмыстарының күрделі және қоғамға ашық айтылуға әлі алыс тақырып екеніне берілген нақты жауап.

Көрші Ресей мемлекетіне қатысты екіжақты қарым-қатынас төңірегіндегі қоғамдық пікір туратын мәселелер де назардан тыс қалмады. Қазақстанның географиялық кеңістіктегі көрші, олармен көршілік қазақтың тағдырына жазылғанын айта келе, стратегиялық серіктес мемлекетпен арада ешқандай дауға орын жоқ екені айтылды. Шекара толық айқындалған, ақиқатын әлем мойындаған, халықаралық құқықпен бекітілген екіжақты  қарым-қатынастар сипатында толық жауап берілді.

Мемлекет басшысының  Тұңғыш Президентке қатысты қойылған сұраққа берген жауабының маңызды түйіні де, кемшіліктерден жас басшылар сабақ алуының қажеттілігі, тіпті өзіне де үлкен сабақ болғанымен де ерекшеленіп, үміт оятты. Мемлекеттік қызмет туралы да, лауазымның мәңгілік дүние емес, ел тізгінін ұстауға құлықты азаматтарға басты талап адалдық екеніне аса басымдықпен анықтама берілді.

Жалпы, халықаралық қоғамдастық алдында абырой-беделі қалыптасқан, кәсіби дипломат, білімі мен ғылыми  ой-өрісі мойындалған, азаматтық тұлғасы үлкен сенім ұялататын  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел сенімі мол.  Ұлттық арнаға берген сұхбаттың  «қаралы қаңтардың»  көкейкесті мәселелеріне берілген жауап болғаны сөзсіз.

 

Лаура ИСОВА,

Халықаралық қатынастар және

әлемдік экономика кафедрасының доценті, т.ғ.к. 

 

 

ҚИЫНДЫҚТАР ЖАҢА  МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazakhstan» арнасына берген сұхбатында қоғамды толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Қазақстандағы ахуал туралы әлем жұртшылығына шынайы ақпарат беру мақсатында, сондай-ақ ел ішінде таралған жалған ақпараттарға тосқауыл қою үшін алғашқы сұхбатын, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінің бірі – орыс тілінде беру арқылы тоқтау салуды мақсат еткенін де айтып өтті. Сонымен қатар «қазақ тілі тек қазақ халқы үшін қажет, әрбір адам ана тілін құрметтеуі, ұлттың жаны – тілі» екеніне де баса назар аударылды.

«Қасіретті қаңтар»  оқиғасына қатысты мәлімдеме жасай отырып, елін, жерін сүйетін, оған адал қызмет ететін, нағыз отаншыл адамдар өз еліне опасыздық жасамайтыны, керісінше, елінің өркендеуіне үлес қосатыны баршамызға мәлім екені айтылды. Мемлекетті сипаттайтын үштіктің бірі тіл екенін ескерсек, тілді сақтау, тіл реформасын жасауда асығыстыққа бой алдырмау, латын әліпбиіне көшпес бұрын, жан-жақты пайдасын зерттеп, зерделеп  шешімдер қабылдау қателіктерден сақтайтыны да назардан тыс қалмады.

Жаһандану заманында жан-жақты әлем азаматын тәрбиелеу үшін Абай атамыз айтқан бес асыл істі – «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» әрбір адам өз бойына осы  қасиеттерді жинаса, масылдықтан арылып, еңбекқорлық, ізденімпаздықпен  азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды үйренер еді. Бай-қуатты елдің негізін әрбір азаматтың еңбегі және адами капиталы құрайды. Адам капиталының негiзгi құрамдас бөлiгi – бiлiм.  Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады. Адам капиталының сапасы білім деңгейіне байланысты. Кез келген елдегi бiлiм беру жүйесi – ұлттық мәдениеттiң, ұлттық танымның көрсеткiшi, ол экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерiстердi көрсетiп қана қоймай, өзгерiстерге әсер етедi.

Бiлiм – тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық процеске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор. Қазақстанда объективтік жағдайларға байланысты адам капиталының дефициті тұр, сол себепті саны жағынан жетіспеушілікті толтыру үшін сапасына ерекше талаптар қою қажет. Сапалы білім  беру арқылы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын прагматик мамандарды даярлау заман талабы екені белгілі. Бақуатты мемлекет құру үшін осы қағидаттарды басшылыққа алу қажет. Жай сөзден іске көшетін уақыт жетті.

 

Алмаш СЕЙДИКЕНОВА,

Дипломатиялық аударма

кафедрасының меңгерушісі,

ф.ғ.к., профессор

 

 

ЕҢБЕКҚОР ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҮНДЕДІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында «қасіретті қаңтар» оқиғасының себеп-салдарына және алдағы уақытта елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға қатысты сауалдарға жауап берді.

Президент бұл оқиғаға толыққанды баға беру уақытты талап ететінін, бұл іс тыңғылықты тексеріс анықтағаннан кейін ғана мүмкін екенін баса айтты. Бұл оқиғаның астарында мемлекеттік төңкеріске талпыныс деп қарап, оның ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіруді мақсат еткен нағыз кәсіби қарақшылардың әрекеті жатқанын ескертті. Өздерінің әлеуметтік талаптарын алға қойып алаңға шыққан бейбіт шерушілерді тыңғылықты түрде дайындалған лаңкестік топтар елімізде төңкеріс жасау үшін өз мүдделеріне пайдаланып кеткенін жеткізді. Арнайы дайындалған лаңкестік бүлікшілердің басты көздеген мақсаттары еліміздің ең ірі екі қаласын басып алу арқылы билікке қол жеткізу екеніне көз жеткізді.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда еліміздегі әлеуметтік жағдайдың төмен екенін айта отырып, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында реформалар жүргізу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ сұхбат барысында Президент мемлекеттің басқару аппаратындағы шенеуніктерді ауыстыру мәселесінде асығыстық танытпайтынын жеткізді. Үстіміздегі жылдың наурыз айының ортасында халыққа жолдау жасайтынын мақұлдады. Ең бастысы, жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік болады деп кеңес берді. Мемлекет басшысы өзінің сұхбатының соңында әр іс заң аясында жүру керектігін ескерте отырып, әсіресе жастарға тәртіп пен заң үйлесімділік тапқан кезде егемен мемлекет екенімізді халықаралық деңгейде мойындатуға қол жеткіземіз деп түсіндірді.

 

Күлжан ЖАНАТАЕВА,

шығыстану факультеті

ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан бері қарапайым халықты толғандыратын саясаттағы сан салалы  сұрақтарға жоғарғы билік тарапынан берілген  тұшымды жауаптардың жұтаңдығы қазақстандық қоғамды  қатты алаңдатып жүргені анық.

Қалыпты өмірге көшуді бастаған қалың жұртшылық әлі де билікке сенімсіздік танытып отырғанымен, әдеттегідей болашаққа деген үлкен үміттермен өмір сүргісі келеді. Бүгінде толық  тыншымаған халық наразылығы бір өшіп, бір жанып тұрған қоламта іспеттес.

Шырылдап шындық іздегендер көбейіп, ар алдындағы әділетке жүгінгісі келетіндер азаймай тұрған, осындай алмағайып кезеңде қоғамдық пікірдің де теңселіп тұрғаны байқалады. Талайды көрген тарихтың өзі таразы басын теңестіре алмай, саяси жүйенің саясаты сабырлық танытатын салқынқандылықтан гөрі салмағы басым саяси іс-шараларды шұғыл бастауды талап етіп отырғандай.

Әлемдік және отандық  ақпарат ағынын зер сала, қадағалап отырған әлеуметтің назары көкейіндегі көп сұрақтың жауабын күтіп, Ақордаға ойысқалы да біршама уақыт өтті. Өткен жолы орыс тілінде алғашқы сұхбатын берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан қаңтар оқиғасы жайлы ана тілінде ақпар алғысы келген қазақи қауымның талабы күні кеше  қанағаттандырылғандай.

«Qazaqstan» ұлттық арнасынан берілген эксклюзивті сұхбатында Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі қазақстандық қоғамда орын алып отырған біршама алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойылып, халықты мазалаған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарылды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мемлекет алдында тұрған ең маңызды, күрделі де көкейкесті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.  Соның ішінде  қалың елді дүрліктірген «қаңтар оқиғасын» ең қайғылы дей отырып, мемлекеттік төңкеріс қаупі, күштік құрылым өкілдерінің азаматтарға жасап отырған азаптау актілері, стратегиялық көршіміз – Ресей Федерациясымен саяси қарым-қатынас, шекара шебі мен мүдделіліктер жиынтығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін шақыру туралы шешімнің дұрыстығы, Қазақстанның солтүстік облыстарына қатысты ресейлік шовинистердің теріс пиғылы, жылдар бойы  шетелге заңсыз шығарылған қаражатты кері қайтару мәселесі, еліміздегі заң үстемдігін шынайы қамтамасыз ету жолдарын кеңінен тілге тиек етті.

Қаңтардағы халықтың бейбіт шеруін  арам пиғылды арандатушылар мен қатыгез  қарақшылардың өз мүдделері мен мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланып, соған күш салған жымысқы әрекеттерін ел басшысы мемлекеттік төңкеріске балап, үзілді-кесілді айыптады, мұндай бассыздықтарға мемлекет тарапынан қашанда қатаң тосқауыл қойылатынын қадап айтты.

Өткеннен сабақ алып, «өз ісіне өкінбейтінін» ашық жеткізген саясаткер алдағы уақыттарда да Қазақстан  өзі негізін салуға қатысқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен  әскери тығыз қарым-қатынаста болатынын барынша мәлімдеп жүр.

Мемлекетіміздің отыз жылдық тәуелсіз  саяси дамуында идеологиялық тұғырнаманы түзуде кеткен қателіктерді мойындай  отырып, жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі ұстанымдардың бірі – сарабдал саясатқа негізделген саяси реформалар арқылы  халықтың саяси санасын жаңартып, адами капиталды арттырып, жастарды еңбексүйгіштікке баулудың маңыздылығына баса көңіл аударды.

Бар дүниенің басты өлшемі мен құндылығы адам болғандықтан, Қазақстанда қалыптасқан  әлеуметтік теңсіздікті жойып, азаматтарымыздың жан-жақты жетіліп, жоғары білім алып, қалаған жері мен елінде қызмет жасауына еш кедергі болмауымыз керек екеніне назар аударған Президент Қазақстандағы келелі мәселелер қатарына жоғары білімнің сапасын арттырып, техникалық сипаттағы университеттердің көбеюіне ықпал етіп, технократтық мемлекетке айналуымыз қажет екенін жиі қайталап жүр.

Елімізде орын алған құқықтық нигилизмнен құтылып, билік өкілдері  заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, халық тәртіпке мойынсынғанда ғана нақты құқықтық мемлекет пен әділетті азаматтық қоғам орнату мүмкін болатынын айтқан Мемлекет басшысы болашақта мұны басты назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Нақ бүгінгі күні «саяси тазартулардың» қажет еместігін аңғартып, мемлекеттік қызметтің сынақ алаңына айналмауына алаңдатушылық танытты.  Конституция бойынша екі мерзімнен артық ел басқаруға ешкімнің құқығы жоқ екенін ескерте отырып, бұл талаптарды қатаң  орындау қажеттілігін алға тартты. Тек саясат саласында ғана емес, экономикада орын алған монополиямен күрес жүргізу өзінің берік ұстанымы екенін тағы да бір мәрте жария етті.

Демократиялық құндылықтарды қуаттап, либералдық көзқарастарды қолдайтын саяси ұстанымдар ғана егемендігімізді нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын қамтамасыз ететіні баршаға аян.

Ендеше еліміздегі атқарушы билік, заң шығарушы органдар мен азаматтық қоғам арасындағы аралық көпір рөлін атқарып, оларды өзара  үйлестіруге бағытталған саяси контенттер басымдық алған бүгінгі күні  БАҚ өкілдері мен жоғарғы билік арасында орын алған осындай сындарлы сұхбат пен  пәрменді диалогтардың көбейе түскені құба-құп болар еді.

Ілгеріде төртінші билік атанған журналистика саласының өкілдеріне берілетін сұхбаттарында барынша  ашықтық танытып жүрген  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы наурыз айында болатын жолдауын халық асыға күтуде.

Жоғарғы билік тарапынан  нағыз бәсекелесті көппартиялық жүйе қалыптастыруға пәрмен беріліп, бір партияның монополиясын шектеп, барлық заң шығарушы органдардың жұмысын қайтадан жаңғыртып, ауқымды саяси өзгерістерді қолға алып, аудандық және облыстық деңгейде атқарушы билік өкілдерін тағайындамай, керісінше, ашық, демократиялық әділетті сайлауда халық таңдап, жүйелі құрылымдық өзгертулерді жедел бастауды қолға алған жағдайда ғана ұтарымыз көп болмақ.

Қазақ мемлекеттілігінің баянды болуы қыл үстінде тұрған кезең халқымыздың саяси мәдениетін шұғыл түрде көтеру қажеттілігін алға тартып отыр.  Қазіргідей терең экономикалық әрі саяси дағдарыстарды басынан кешіп отырған қазақстандық қоғам  үшін саяси реформаларды бастап қана қоймай, аяғына дейін жеткізе алатын  саяси лидерге сенім білдіру қажет.

 

Есенай ІҢКӘРБАЕВ, 

Саясаттану және саяси технологиялар  кафедрасының доценті, 

саяси ғылымдар кандидаты

 

 

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА СЕНЕМІЗ

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» арнасына  берген сұхбаты халық арасында қызу талқылануда. Ең алдымен сұхбаттың қазақ тілінде өткені қуантты.

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіндегі Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, магистранттар, докторанттары осы сұхбатқа арналған кафедраның арнайы кезектен тыс мәжілісін өткізді. Мәжілісті кафедра меңгерушісі, доцент М.Аймағамбетова жүргізді.

Мәжілісте Президент тоқталған келелі, ауқымды, уақыт күттірмейтін мәселелер, қанды қаңтар оқиғасына  байланысты айтылған ой-пікірлер жан-жақты талқыланды. Шеруге шыққандардың бәрі лаңкес пе, бұл өзі төңкеріс пе, жоқ әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме, немесе басқаша ма, бұзақыларға қатысты қандай іс-шаралар қабылданады, құқық бұзушылық дерегі бойынша қандай  шаралар жүргізіліп жатыр, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қандай болу керек, болашақта қандай саяси реформалар жасалады, бүгінгі қоғамымыздың алдында тұрған ең маңызды мәселе қандай т.б. сауалдарға жауап берді. Сұхбатты  оқыдық, көрдік. Жалпы, сұхбатқа көңіліміз толды деп сеніммен айта аламыз. «Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз», – деген пікіріне толығымен қосыламыз.

Академик Әлкей Марғұлан: «Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу, өрлеу де болмас еді», – деп айтқандай, еліміздің болашағы үшін еңбек ететін жастарымыз жарқын болашаққа кәміл сенулері керек.

 

 

Гүлмира ҚАЗЫБЕК,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Э.БЕКТҰРОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы 

 

 

"ҚАРАЛЫ ҚАҢТАР"- БӘРІМІЗГЕ САБАҚ 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» арнасына берген сұхбатында Қазақстан халқының көптен бері ой тізгінінде жүрген, «қаралы қаңтар» оқиғасының бастамасы ретінде көтерілген өзекті мәселелерді қозғап, дәйекті жауап берді.

Сұхбат барысында қаңтардағы бейбіт шерулер халықтың қазіргі жағдайы, әлеуметтік мәселелер бойынша  талаптар мен билік тарапына наразылықтармен басталғанымен, арандатушылар мен қарақшылардың  жағдайды өз мүддесіне пайдалануы, «қаралы қаңтар» оқиғасының салдары мен оларды қалпына келтіру мәселелері төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тарапынан көмек қолын созуы да оң нәтиже бергенін атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ жаңа Қазақстанды құру бойынша бірінші кезекте тұрған кадр мәселесінің өте күрделі әрі аса маңызды екенін ескере отырып, Президенттің жастар кадр резервін құру бастамасын құптау керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатынан қорытынды жасайтын болсақ, келесідей тұжырымдар жасауға болады.

Біріншіден, «қаралы қаңтар» оқиғасы еліміз, мемлекетіміз үшін үлкен сабақ болды. Мемлекеттің дамуы мен халқымыздың әл-ауқатының оңалуы билік пен халық арасындағы бірлескен іс-әрекеттің нәтижесінде ғана жүзеге асады. Мемлекет басшысы «тәртіпсіз ел болмайды» деп атап өткендей, мемлекеттің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда билік халық пікірін есепке алу керек.

Екіншіден, жаңа Қазақстанды құру үшін бірінші білікті кадрларды даярлау мен іріктеу керек. Сонымен қатар жаңа идеялар мен тұжырымдар ұсына алатын жас кадрларды ел басқару процесіне тарту керек және аумақтық деңгейдегі басшылық, атқарушылық қызметтерді сайланбалы форматқа ауыстыру оң нәтиже береді деген үміттеміз.

Үшіншіден, «Көш жүре түзеледі» деп ата-бабаларымыз айтқандай, өткеннен сабақ алып, зайырлы, құқықтық мемлекет құру үшін «бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, алауыздыққа салынбай, күрделі, өзекті мәселелерді бірлесе шешу керек. Ел болып, жұрт болып Мемлекет басшысын бірауыздан қолдасақ, өркениетті мемлекет болатынымызды сенімділікпен айта аламыз.

 

 

Жасұлан Жүнісов,

Халықаралық құқық кафедрасының

аға оқытушысы                                                                


 

ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДА БІЛІКТІЛІК СЫНҒА ТҮСЕДІ

 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында көптің көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Мәселен, қазіргі ақпараттық қоғамда жаһандану мәселесінен кез келген елдің айналып кете алмайтындығы бар. Президент сұхбатта мемлекеттік жаңа реформалардың алғышарттарын айтып, еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруге шақырды.

Жаһандану – адамзатпен қатар жүретін үрдіс. Оған жұтылып кетпей, өзіндік мәдениетті, әдебиетті, ұлттық ұстынды сақтап қалу – ұлт үшін өзекті мәселе. Ол үшін білім керек. Білім-ғылымда ілгерілеу болмаса, біздің алдыңғы құндылықтарымыз да төмендей түседі. Құны болмайды. Неге Президент кадр тапшылығын атап өтті? Өйткені елде адами капитал мәселесі бар. Бұл – жоғары білімді, парасатты, заман жаңалықтарымен сырлас, оларға кез келген уақытта жауап бере алатын мамандар тобы. Әрине, елімізде мұндай адамдар тобы бар, бірақ олардың көпшілігі шет ел асқан немесе ел ішінде лайықты жұмысқа орналаспаған. Оның бір жағы ішкі және сыртқы сұраныстардың есебінен өзгеріп отырады. Ал елімізге дәл осындай мамандардың болғаны ләзім.

Бұл тұрғыда еліміздегі жоғары оқу орындарында білім мен тәрбиені біліктіліктің идеологиясына көтерудің маңыздылығы туады. Ұлттың еңбекқор, жұмысқа қабілетті, заманға бейім болуы – мемлекет болашағына оң әсерін беретіні сөзсіз.

Ежелгі грек философы Демокрит: «Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі», – дейді. Бізге керегі де, осы еңбек қағидасын күнделікті тәртіптен түсірмеу. Сонда ғана, адами капиталдың әлеуеті арта түседі. Ал студент жастар қазірден теориялық тәлімдерін практикамен ұштастыруды қалыптастыру керек. Тәжірибе – еңбектің ең бастапқы жолы. Сондықтан Президент көтерген жаһандану мәселесінде, біздің біліктілігіміз сынға түседі. Бұл тұрғыда мемлекеттің жаңа реформаларын қолдап, адами капиталымызды арттыруға мүдделі болуымыз керек. 

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

философия және саясаттану

факультетінің оқытушысы,

философия докторы, PhD

 

 

БІЗДІҢ ҰРПАҚ ӘДІЛ ҚОҒАМДА ӨМІР СҮРУІ ТИІС

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатын мұқият тыңдадым. «Қаңтар қасіретінен» кейін «Хабар» арнасының тілшісімен екеуара әңгімесін де тыңдаған едім. Екі сұхбат та өте әсерлі болды, көптің көңіліндегі күпті сұрақтарға жауап алдық.    

Қазір, шынында да, өте қарбалас заман. Ақпараттық технология қарыштап дамуда.  Экономикада бәсекелестік өте күшті. Ғылым мен білім саласындағы небір тың жаңалықтар адамзаттың өмір сүру дағдысын өзгертіп жатыр. Осындай әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан алға қарай дамуы тиіс. Оған қоғам болып үлес қосуымыз керек. Әркім өзінің жұмысын ыждағаттылықпен істейтін болса, біз дамимыз. Мемлекет басшысы осы сұхбатында ел мен жер тағдырына қатысты бірнеше мәселе көтерді. Оның ішінде ел тұтастығы, тәуелсіздік, тіл, аймақтық шекара т.б. өзекті тақырыптар болды. Президент дұрыс айтады, расында да, қазақ тілі қазақтан басқа ешкімге керегі жоқ. Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі, тағдыры өз қолымызда. Сондықтан тілдің дамуына әркім өз үлесін бос сөз, даңғазамен емес, іс жүзінде көрсетуі керек. Біз сонда ғана нақты нәтижеге жетеміз.

Президент қоғамдағы, біз бой алдыра бастаған «дерттерді» қадап айтты. Өкінішке қарай, арамызда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге бейім үлкен де, жас та баршылық. Мұндай жаман әдеттен арылғанымыз жөн. Өйткені мұндай психологиямен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру жөніндегі идеясын өз басым құптаймын. Біздің ұрпақ әділ қоғамда, өркениетті елде өмір сүруі керек. Ол үшін тек адал еңбек еткен абзал. Еңбек еткен адам жаман өмір сүрмейтіні белгілі.

Ел ішінде «қаңтар қасіретінен» кейін талай алыпқашпа әңгіменің шыққаны рас. Президент осындай күмәнді ойларға нүкте қойды. Ол өз сөзінде: «Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз. Ал егемен деген қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол қисынсыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқайсымыз тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз деп ойлануға тиіспіз», – деді. Сондықтан қауесет пен бос сөзге сенбей, елдің келешегі үшін тер төккеніміз абзал.

Қанат ТӨЛЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 Математика кафедрасының аға оқытушысы 

 

 

ЕЛ БОЛАШАҒЫ

 

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы жылдың 17 ақпанында «Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі Жайна Сламбекке берген сұхбатында «Қаңтар көтерілісінен» кейін енді ғана ес жия бастаған ел тұрғындарын мазалаған сауалдарға жауап берді. Сұхбат барысында журналист маңызды сұрақтар қойды және Президент оларға нақты және тұщымды жауап қайтарды деп ойлаймын.

«Қаңтар қасіреті» сұхбаттың басты арқауы болғаны анық. Президент қанды оқиғаның себеп-салдарына тоқталып, шеру кезіндегі бүлдіруші топтарға қатысты ой-тұжырымдарымен бөлісті. Яғни, елде мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған қаскөйлер бейбіт шеруді өз мақсаттарына пайдалануға тырысқанын айта келе, Президент: «Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі», – деген  тұжырымына көзі ашық жанның қай-қайсысы да келіседі деп ойлаймын.

Ж.Сламбектің жаппай шеру кезінде жазықты-жазықсыз ұсталып, түрмелерге қамалған азаматтардың «азап шегуіне» байланысты қойған сауалына да жауап берді. Ол Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бергенін жеткізе отырып, «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару – өзінің де басты ұстанымы» екенін аңғартты. Сондай-ақ Президент халықты жалған ұрандардың жетегінде кетіп қалмауға шақырды. Ондайда тәжірибесіз жастардың бүлікші топтардың арбауына түсіп, нәтижесінде ел тыныштығы бұзылатынын ескертті. «Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым деді», – Мемлекет басшысы. Расында, «Қаңтар көтерілісі» кезіндегі бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарының мақсатына үйлеспейтін теріс әрекеттер мен жаппай тәртіпсіздікті кім ұйымдастыруы мүмкін?» дейтін сауал қалың жұртшылықты әлі де толғандырып отыр. Сондықтан сұмдық оқиғалардың ар жағында қандай сұмырайлардың тұрғандығын әрбір ел азаматы білгісі келетіні түсінікті жайт. Қанды қаңтар күндерінде Алматы ғана емес, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары да айрықша зардап шеккені мәлім. Лаңкестер мен әскерилердің оғынан еліміздің 227 азаматы қаза тапты. Президент қаза болғандардың тағдыры алдағы тергеу кезінде нақтылана түсетінін және мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу қажеттігіне баса назар аударатынын жеткізді.

Сұхбат барысында Президент тәуелсіз Қазақстанның Ресей мемлекетімен арадағы саяси және дипломатиялық қарым-қатынастар жөнінде терең сөз қозғады. Қазақтар мен орыс халқының ұзақ уақыт бедеріндегі дәстүрлі мәдени-әлеуметтік, саяси және сауда-экономикалық байланыстарының тұрақты дамып келе жатқанын атаған ол «Мәскеудің қазақ жеріне, әсіресе солтүстік облыстарымызға көз алартуы» жайындағы сауалға кәнігі дипломат ретінде өте дұрыс жауаптар берді деп ойлаймын. Сөз арасында: «Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды», – деді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті алдағы уақытта мемлекеттік тіл мәселесіне ұдайы көңіл бөлетінін, арнайы қаулы да қабылданатынын айтып қуантып тастады. Ал латын әліпбиіне көшу – күн тәртібінде тұрғандығын, бірақ асығыс шешім қабылдауды қаламайтынын білдірді.

Мемлекет басшысы «Алматының жаңа әкімі», «Елбасы тұлғасы», «Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару» т.б. халықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерге қатысты өз пайымдауларын баяндады. Шетелдегі миллиардтаған ақша елге қайтарылса, ел тұрғындарының еңсесі көтеріліп, мыңдаған кедей отбасылардың тұрмысын көтеруге оң ықпал етері күмәнсіз. Қазақ байлары қаражатын шетелге жасырғанша өз елімізде зауыттар мен оқу орындарын ашса, мемлекетіміздің болашақ дамуына елеулі үлес қосар еді. Президент айтқандай, шетелдегі қаражатты ғана емес, жат елдерде оқып, Отаннан жырақта қызмет атқарып жүрген білімді жастарымызды елге қайтарудың да маңызы зор. Оның бұл пікірі «Ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды құра аламыз ба?» деген журналист сауалына орай айтылған болатын. Президент бәрін бірден өзгерту оңай еместігін еске сала отырып, барлық мәселелерге сабырлылықпен қарау керек деп түйіндеді. Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да дипломатиялық түйсікпен, салқын ақылмен шешуді жөн көреді. Сұхбат соңына қарай, Президент: «Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету»  деді. Мемлекет басшысы «тәртіпсіз ел болмайды» дейтін халық даналығына жүгіне отырып, заңсыздық жүрген жерде көптеген кесір қылықтар мен кемшіліктердің туындайтын, өз кезегінде мұның еліміздің тұрақты дамуына кері әсер ететіндігін жеріне жеткізе айтты. «Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, Президенттің сұхбатында Ата заңға жүгініп, ақиқат пен әділдікке сүйенбей «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес екендігін байқаймыз. Ендеше, ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел Тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміз бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегіміз бар. Университетіміздің оқытушы-профессолар құрамы мен шәкірттеріміз, қалың бұқара осы тілекте отырғаны рас. Күшіміз – бірлікте!

Жанна ӘДІЛХАНОВА,

ЖОО дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы


 

БИЛІКТІҢ МІНДЕТІ – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы әрдайым халықпен бірге екенін жақыннан сездіріп келеді. Журналист Жайна Сламбекқызына берген сұхбатта да Мемлекет басшысының бар назары қоғамдағы қордаланған проблемаларға тыңғылықты шешім іздеу, ел жағдайын дұрыстауға талпыныс екені айқын аңғарылды. Расында, жіберген қателіктерді мойындап, ауқымды әрі түбегейлі өзгерістер жасайтын уақыт әлдеқашан жетті. Тез жаңарып бара жатқан әлемдік үрдістен қалмау үшін Қазақстан қоғамы да шұғыл бетбұрыстар жасап отыруы тиіс. Өз басының рахатын ғана күйттеген гедонистік пиғыл ешқашан жақсылыққа апармайды, қазақ «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі» дейді. Биліктің міндеті – халықты тойындырып, жағдайын дұрыстап, өркениетті ел дәрежесіне жеткізу болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, биліктің ендігі жерде халықпен санасуы, шындыққа тіке қарап, қордаланған мәселелерге шұғыл шешімдер іздеуі, ашықтық, әділеттілік пен теңдікке назар аударып жатқаны елге үміт беретінін айтуға болады.

 

Құдайберді БАҒАШАРОВ,

PhD, қауымдастырылған профессор,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы  

 

 

БЕЙБІТШІЛІКТІ САҚТАП ҚАЛУ ЕЛІМІЗДІҢ БІРЛІГІНДЕ 

 

Қазақстан Республиксының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналист Жайна Сламбекқызымен өткізген сұхбаты қазақ халқының көкейіндегі жүрген біраз сұрақтарға жауап берді деуге болады. Бүгінде бейбіт елдің басынан өткізген Қаңтардағы қаралы тарихи оқиға елімізге қайғы- қасірет әкелгені – әрбір азаматтың жадында мәңгі сақталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтардағы қаралы қасіреттің себеп-салдары туралы журналистің қойған сұрағына ашық түрде жауап беріп, өз ойымен бөлісті. Ол бастапқыда қазақ халқы бейбіт шеруге шығып, өз талаптарын қойып, наразылықтарын білдіргенін, соңында халық арасында арандатушылық болып, қылмыстық әрекеттерге ұласқанын,  елдің тұтастығын бұзып, билікке шабуыл жасамақ болғанын да баса айтып өтті. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтардың жасаған әрекетінен қаншама боздақтардың қаза тапқанын да еске алды. Болашақта бұл мәселеге қатысты біраз жұмыстар жасалатынын, кінәсіз азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында әрбір іс бойынша тергеу керектігін айтты.  Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік  құрғанда ғана бейбіт өмір сүруге болатынын да сөзге тиек етті.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру мәселесі мен теңсіздіктің белең алғанын да сөз етіп, өркениетті қоғам құрғанда да ғана зор жетістіктерге жететінімізге көңіл бөлді. Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестері мен қарым-қатынастарына қатысты мәселелер де сөз болды. Бұл сұхбат егемен мемлекетіміздің басты құндылықтары саналатын бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалу – еліміздің бірлігінде екенін көрсетті. Біздің күшіміз – бірлікте!

 

Рая ДӘРМЕНҚҰЛОВА,

Қазақ тіл білімі

кафедрасының аға оқытушысы 

 

 


БІЗДІҢ БІР ҒАНА ОТАНЫМЫЗ БАР, ОЛ – ҚАЗАҚСТАН!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатынан Информатика кафедрасының оқытушыларын мазалап жүрген сауалдарымызға толық жауап алдық. «Қаңтар қасіреті» бәріміздің жанымызға батты. Президент сұхбатында «Біз өз тағдырымызды өзіміз шешуіміз керек» деді. Расында да, қоғамдағы қордаланған мәселені бізге сырттан біреу келіп шешіп бермейді. Қазақстан – өз жеріміз, өз Отанымыз. Не істесек те, шын ниетімізбен, ақ-адал көңілімізбен жасасақ, біздің қоғам дамиды, алға басады. Қасым-Жомарт Кемелұлының жастарға айтқан өсиетінде еңбекқор болуға шақырады. «Нанымызды адалынан жейік, табанақы, маңдай терімізбен табайық» деді. Сұхбатта елдегі әлеуметтік мәселелердің жайы да айтылды. Қ.Тоқаев «Мемлекетке қатысты істің барлығы мемлекеттік тілде жүргізілуі керек,  ол біздің қазақ тіліне деген құрметіміз» деп атап көрсетті. Сондай-ақ біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан, сол себепті тәуелсіз мемлекетімізді қорғау, өркендету баршамыздың  басты парызымыз екенін тағы да қадап айтты. Ел алдында тұрған басты міндеттер ретінде қоғамды демократияландыру, заңға сай жұмыс істеу, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу, оларды жұмыспен қамту керек екеніне баса назар аударды. «Қаралы қаңтар» оқиғасының шын мәнінде ел тәуелсіздігіне қаншалықты шынайы қауіп төнгенінің берілген жауаптың ауқымынан баяндалып тұрды. Сөз басында сұхбаттың қай аудиторияға арналғанына қатысты сұрақтың аясында Президенттің дипломат ретінде орыс тілінің қолданыстық сипатын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданыс тілінің алты ресми тілінің бірі ретінде нақтылай түсіндіруі  және сол тілдің халықаралық мүмкіндігіне орай, қаңтар ақпаратын әлем жұртшылығына берудегі қолданысына нақты анықтама берілді. Мемлекет басшысының  Тұңғыш Президентке қатысты қойылған сұраққа берген жауабының маңызды түйіні де, кемшіліктерден жас басшылар сабақ алуының қажеттілігі, тіпті өзіне де үлкен сабақ болғанымен де ерекшеледі. Мемлекеттік қызмет туралы да, лауазымның мәңгілік дүние емес, ел тізгінін ұстауға құлықты азаматтарға басты талап адалдық екеніне аса басымдықпен анықтама берілді. «Қасіретті қаңтар»  оқиғасына қатысты мәлімдеме жасай отырып, елін, жерін сүйетін, оған адал қызмет ететін, нағыз отаншыл адамдар өз еліне опасыздық жасамайтыны, керісінше, елінің өркендеуіне үлес қосатыны баршамызға мәлім екені айтылды. Тіл реформасын жасауда асығыстыққа бой алдырмау, латын әліпбиіне көшпес бұрын, жан-жақты пайдасын зерттеп, зерделеп  шешімдер қабылдау қателіктерден сақтайтыны да назардан тыс қалмады.

Адам капиталының негiзгi құрамдас бөлiгi – бiлiм.  Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады. Адам капиталының сапасы – білім деңгейіне байланысты. Кез келген елдегi бiлiм беру жүйесi – ұлттық мәдениеттiң, ұлттық танымның көрсеткiшi, ол – экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерiстердi көрсетiп қана қоймай, өзгерiстерге әсер етедi. Бiлiм – тұлғаны әлеуметтiк-экономикалық процеске тиiмдi қатысуын қамтамасыз ететiн негiзгi фактор. Сапалы білім  беру арқылы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын прагматик мамандарды даярлау заман талабы екені белгілі.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда еліміздегі әлеуметтік жағдайдың төмен екенін айта отырып, алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында реформалар жүргізу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ сұхбат барысында Президент мемлекеттің басқару аппаратындағы шенеуніктерді ауыстыру мәселесінде асығыстық танытпайтынын жеткізді. Ең бастысы, жастарға еңбекқор болған кезде ғана нарықта бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік болады деп кеңес берді.

Мемлекет басшысы өзінің сұхбатының соңында әр іс заң аясында жүру керектігін ескерте отырып, әсіресе жастарға тәртіп пен заң үйлесімділік тапқан кезде егемен мемлекет екенімізді халықаралық деңгейде мойындатуға қол жеткіземіз деп түсіндірді.

Информатика кафедрасының жоғары білікті оқытушылары болашақ мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуде, бұл олардың кәсіби шеберліктерін әртүрлі салаларда қолдануға және кәсіби қызметінде тамаша нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа Қазақстанды құруға ниеттеніп жатқан Мемлекет басшысына бәріміз қолдау көрсетейік. Президенттің бастамаларын құптайық!

 

Байдәулет ҰРМАШЕВ ,

Ақпаратты технологиялар

факультетінің деканы.

Тиыштық ХАКИМОВА ,

Зухра ӘБДІАХМЕТОВА,

информатика кафедрасының

доценттері