Орталық Азияны зерттеу – бала күнгі арманым

23 ақпан, 2022

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі білім ордаларының қатарында екені анық. Оқу ордасының қақпасы әлемге ашылып, бүгінде ғылым-білімде тәжірибе алмасып жатқан шетел профессорлары мен  ғалымдары университет имиджін көтеруде өз үлестерін қосуда. Халықаралық ғылыми интеграциялану мен шетелдің беделді ұстаздарымен тәжірибе алмасу университеттің даму басымдықтарының бірі. Студенттерге бірнеше тілді меңгеруде сол ұлттың тарихы мен  мәдениетімен жақын танысып, зерттеп-зерделеуде оқу ордасының берері мол.  Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға шақырылған ұстаздардың бірі – шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы Нуредтин Чакыр.

Нуредтин Чакыр Түркия мемлекеті Кайсери қаласының тумасы. Мармара университетінің тарих факультетін бітіргеннен кейін Эрджиес университеті Әлеуметтік ғылымдар институты, орыс тілі және әдебиеті факультетінде магистрлікті қорғап, докторантураны тәмамдады. Сол кезеңдерде Ұлттық білім министрлігінде әлеуметтік пәндер мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Нуредтин Чакыр – 22 жылдық педагогикалық және ғылыми тәжірибесі бар ұстаз. Орталық Азия, Кавказ, Еділ-Жайық, Сібір және Османлы географиясын (Таяу Шығыс, Балқан, Солтүстік Африка, Арабия) мекендеген туысқан және бауырлас халықтар туралы тарихи-мәдени деректерден тұратын кітаптар жазып, географиялық атластар, халықтардың этникалық ерекшеліктері туралы зерттеулер жасаған. Ғалым өзінің Қазақстанға, оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қалай келгені туралы әңгімелеп берді:

– Ең алғаш осынау оқу ордасына келгенімде шығыстану факультетіне өте жақын орналасқан «Шамшырақ» қонақүйінде болдым. Ата-бабаларым мекен еткен атажұртқа келіп еңбек ету мен үшін, әрине, әсерлі жайт болды.  Алғашқы айларда осы аймақтың жер мен ауа райына үйренісу, бейімделу процесі жүрді. Адамдар, мәдениет, тіл, түсіністік пен тағам – бәрі кенеттен өзгергендіктен, бағдар-бағытыңды аңғару оңайға соқпайды, әлбетте. Бірақ бірнеше айдан кейін мен өзімді осы қоғамның бір бөлшегі ретінде сезіне бастадым. Әсіресе велосипедпен серуен құрып жүріп, түрлі адамдармен таныс болдым. Таулы қала Алматының тарихи-географиялық маңызы бар жерлерін велосипедпен асықпай аралау өмір салтыма айналды. Қазақстанда жұмыс істеуіме менің профессорым, Эрджиес университетінің әдебиет факультеті Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, доктор Севинч Үчгүлдің оң ұсыныстары септігін тигізді. Ол: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы ең беделді оқу орындарының бірі», – деді бір сөзінде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шынымен де Қазақстандағы ең беткеұстар оқу ордасы екеніне көзім жетті. ҚазҰУ қалашығы саябақтарымен де көзге ерекше түседі. «Бұл маңда әрі ілім алып, әрі демаласың», – деді ұстаз.

 

ҚазҰУ жастарының ертеңіне сенім артамын

 

Ол ҚазҰУ жастары ерек ойларымен, еңбексүйгіштіктерімен келешекте Қазақстанның озық елдер қатарынан көріне түсуіне ықпал етеріне сенімді екенін білдірді. Әсілі, жастарға сенім артып, олардан үлкен үміт күту аға оқытушының ағалық, ұстаздық борышы екенін қоса айтты. Өйткені жастар оқиғалар мен жаңалықтарға бейім келетінін, сондықтан да ғылымда, өнерде, спортта олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

– Түркияда жылдар бойы студенттерге ғылым мен мәдениет жолында бағыт-бағдар беріп, қазіргі таңда Қазақстан жастарына дәл осылай қызмет етіп жатқанымды мақтан тұтамын. Ұстаз ретінде шәкірттерге білім мен тәрбие беру жолында еңбек етіп келе жатқаныма, жасым ұлғайғанына қарамастан, жастардан да үйренер тұстарымыз көп деп ойлаймын. Өйткені білім мен тәжірибені әр жерде, әртүрлі адамдардан сан түрлі жолдармен үйренуге болады. Мен Қазақстан жастарының еңбекқорлығы мен олардың ерік-жігеріне қайран қаламын. Олар инновацияға, заманауи техникаға өте сауатты, шет тілдері мен мәдениеттеріне қызығушылықтары зор, қысқасы, жан-жақты. Қазақстанда мемлекеттік тілден басқа, орыс және ағылшын тілдерінің қатар қолданылуы бізге полиглот жастардың мол екенін көрсетеді, – дейді түрік ғалымы Нуредтин Чакыр.

                                                                           

Тың тақырыптар жаңа зерттеулеріме арқау болды

 

Аға оқытушы кейінгі жылдары Қазақстанға байланысты ғылыми зерттеулер жасағанын тілге тиек етті. Онлайн-конференцияларда зерттеулерімен бөліскенін қоса білдірді. Нуредтин Чакыр Қазақстанға келіп, ҚазҰУ-да қызмет еткелі «Түрік тілін шет тілі ретінде үйрету мәселелері», «Қазақ руларының аймақтық орналасуы және ру атауларының этимологиялық мағынасы», «Білім беруді цифрландыру жағдайындағы әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасының заманауи интерпретациясы» т.б. тақырыптардағы ғылыми-әдістемелік конференциялар мен семинарларын ұсынған.

– Түркі әлеміне бала күнімнен қызығамын. Мен сөйлейтін тіл мен өмір сүретін мәдениеттің түбі тым тереңде жатқанын мектеп жасында оқып білгенімде, бойымда үлкен толқу мен қызығушылық туа бастады. Орталық Азиядан, Кавказдан, Ресейден Түркияға оқуға, туризмге, сауда-саттыққа келген адамдар туралы орта мектеп қабырғасында жүрген кезде бақылап, қызыға қарайтынмын. Міне, сондағы алған әсерлерім мені орыс тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға итермеледі. 2013 жылы мен Мәскеуде аз уақытқа тұрақтадым. Осы қысқа мерзімде Мәскеу өмірі маған социализмнен шыққан орыс халқын тануға көмектесті.

Кеңес Одағы – тарих бетіндегі соны кезеңдердің бірі. Батыс Еуропада пайда болып, дамып келе жатқан социализм мен коммунизм Ресейде тұрақтап, өсіп-өркендеді. Бұл қозғалыс Ресей мен оның этникалық элементтерін Еуропа ой-орамына жақындатып, батыстық өмір салтын оңай қабылдауға әкелді. Әлемдегі жағымсыз жарнамаларға жауап ретінде социализм әлеуметтік, экономикалық және мәдени өлшемдердегі жаңалықтарға жол ашты. Ғылым мен өнердің орталығы Батыс Еуропа болса да, Орталық Азия елдері де социализммен бірге осы процестің бір бөлігі бола білді. Әсіресе Кеңес Одағынан кейін Орталық Азия елдері, оның ішінде Азияның қақ ортасындағы алып мемлекет – Қазақстан азиялық тамырымен, дәстүрімен қатар, батыстық өмір салтының өміршеңдігінің де әдемі үлгісі болды.

Ғылыми зерттеулерде мен үшін Орталық Азияның КСРО тарихы жетекші фактор болды. Бұл тақырыпты ғылыми зерттеулерде қолдануыма Қазақстанда ГУЛАГ лагерьлерінің болуы әсерін тигізді. Кезіндегі Достоевский мен Шоқан Уәлихановтың достығы, қазақтың бас зиялысы Абайдың орыс тілі туралы оң ойлары, Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ұлттық әліпбиіне қатысты еңбегі назарымды аударды. Мен, әдетте, ғылыми зерттеулерде басты назар аударатын шығыстану, Шығыс-Батыс қарым-қатынастары, әлеуметтік өмірдегі көптілділік және көпмәдениеттілік туралы тақырыптар жаңа зерттеулеріме тың бағыт береді деп ойлаймын, – деді ұстаз-ғалым.

Ғалымның Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті  арттыру орталығы» АҚ жетекшілік еткен «Ғылым, білім, инновация: қазіргі және заманауи перспективалар» (Science, Education, Innovation: Current and Modern Perspectives) атты ғылыми еңбегі бүгінгі оқу ордаларында таралып, қолданысқа еніп жатыр. Түркияның Бурса қаласындағы Улудағ университетімен ынтымақтастықта «Ғылым, білім, инновация: өзекті мәселелер мен заманауи аспектілер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жемісі ретінде  аға оқытушының шығыстану факультетінің ТҮРКСОЙ кафедрасының оқытушысы Гүлжан Қартабаевамен бірге «Түркі тілдеріндегі дәстүрлі тыйым түрлері»  (32-37 бб.) атты мақаласы жарық көрген. Осы еңбектері жастардың ізденістеріне септігін тигізіп, «жаңа жобалар мен идеяларға жол ашады» деген ниет білдірді ғалым.

Аға оқытушы ғылыми ақпараттарды университеттің сарапшыларымен онлайн-конференциялардың барлық түрлерінде бөлісуде. Күлтегін ғылыми-зерттеу институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және «Нағанай» үкіметтік емес ұйымымен («Нағанай» қоғамдық қоры) бірлесе отырып атқарған біршама істер барын атап өтті. Мәселен, 2021 жылдың 10 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Түркістан облысы Арыс қаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері»  жобасы негізінде Кеңес өкіметі кезінде ізі жойылып, қайта қалпына келтірілген «Оғыз мемлекетінің хронологиясының мәселелері» атты тақырыпта баяндама жасаған-ды. Осылайша Нуредтин Чакыр Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық байланыстардың нығая түсуіне қал-қадерінше үлес қосқаны үшін қуанышты екенін білдірді.

 

 Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ