Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне – 30 жыл
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіргеніне 30 жыл толуына арналған семинар өтті.
Іс-шараны университеттің Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты шығыстану факультеті мен география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстандағы БҰҰ ақпарат орталығының қолдауымен өткен шараға еліміздегі БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек қатысты.
Жиында халықаралық ұйымның тарихы мен қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ ҚазҰУ-дың БҰҰ құрылымдарымен бейбітшілік пен тұрақты даму жолындағы көпжылдық ынтымақтастығы туралы мәселелер қозғалды.
2014 жылдан бастап Қазақ ұлттық университеті тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы болып табылады. Мерейтойлық жыл аясында Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты БҰҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша академиялық қоғамдастық үшін бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері Біріккен Ұлттар Ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара тиімді жобаларда ынтымақтастық жағдайында жүйелі жұмыс істеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Отыз жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Біз ұйыммен жаһандық қауіпсіздік және үйлесімді қоғам құру мәселелерінде жемісті ынтымақтасамыз. Геосаяси шиеленістің үдей түсуі жағдайында біз БҰҰ-ның күшеюін және оның ұйыстырушы рөлін қолдаймыз».
Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы 46/224 қарарымен БҰҰ мүшелігіне бірауыздан қабылданды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты