Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көктемнің келуіне орай, Наурыз мейрамына тән Көрісу күнін сән-салтанатпен ұйымдастырды.
Ел арасында «Амал мерекесі» деп аталатын Көрісу күні бүгінде ұлттық салт-дәстүрді жаңғырта отырып, жаңарған сипатта атап өтілуде. Осы күні қазақ даласында мал басы түгенделіп, ел-жұрт бір-бірін жылы, жақсы күндердің басталуымен құттықтаған. Бұл күні ағайын-туыс, дос-бауыр қол алысып, құшақтасып, «Бір жасың құтты болсын!» деп көрісіп, амандасқан.
Осынау айтулы күнде адамдар бір-біріне жылы шырай танытып, реніштерін кешіріп, мерекелік киім киіп, дастархан жайып, сыйлық беруді дәстүрге айналдырған.
Ата-баба дәстүрін жалғап, дәріптеу мақсатында қара шаңырақ ҚазҰУ-да Наурыз апталығы аясында мерекелік іс-шаралар басталды.
Көрісу күнін мерекелеу салтанатында театрландырылған қойылым көрсетіліп, жиналған қауымға Қыдыр ата бата беріп, денсаулық, бейбітшілік пен жақсылық тіледі.
ҚазҰУ-дың талантты жастары концерттік бағдарлама ұсынып, ұлттық нақыштағы ән-күйді әуелетті.
Мерекелік кеш тұсаукесер рәсімінен басталды. Одан әрі мерекеге қатысушылар «Қосалқа» биін орындаған «Бақыт» студенттік шоу-балетінің өнерін тамашалады. «Фараби сазы» халық аспаптар ансамблі Дәулеткерейдің «Көроғлы» және Құрманғазының «Адай» күйлерін орындады.
Вокалды таланттармен көрермендерді филология факультетінің 3-курс студенті Ғанибет Есетова, АРТ-орталықтың орындаушылары және география және табиғатты пайдалану факультетінің 3-курс студенті Әсел Шопан қуантты. Қобызшылар дуэті «Іңкәрім-ай» шығармасын орындады. ҚазҰУ қалашығы мерекелік көңіл күйге бөленді.
Журналистика факультетінің 1-курс студенті Самал Базабаев: «Көрісу бізде, Маңғыстауда, ерекше атап өтіледі. Біздің университеттің бүгін мерекені жоғары деңгейде атап өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл ғұрыптың студенттер үшін тәрбиелік мәні зор. Бұл – кішінің үлкенге құрмет көрсетіп, саулығын сұрайтын күн. Мереке үлкендер мен жастар арасындағы байланысты нығайта түседі. Бүгін біз соған куә болдық. Сонымен қатар ҚазҰУ-да әртүрлі ұлт өкілдері білім алып жатқандықтан, түрлі ұлттардың мәдениетімен таныстық, Наурызда дайындалатын ұлттық тағамдарынан дәм таттық. Олардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын, құрметін сездік. Мені бұл қатты қуантты», – деген пікірімен бөлісті.
Мен медицина және денсаулық сақтау факультетінде оқимын, – дейді 4-курс студенті Хашим Шавкат. – Бұл шара мені қатты қуантты. Ол маған өз Отаным – Ауғанстанда өтетін мерекелерді еске түсірді. Әрине, ол Наурыз мерекесіне ұқсайды, бәрі бір-бірін жылы қарсы алып, денсаулық пен амандық тілейді. Мен шараға белсенді қатысқаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл жаңа достар мен әсерлі сезімдер. Барлық студенттер түрлі ұлттардың мәдениеті туралы көбірек біліп, сондай-ақ қазақ халқының мәдениеті мен тарихын тереңірек зерттеуі тиіс деп ойлаймын.
Бұл тамаша мереке. Мұнда бүгін көңілді әрі қызықты. Мен өзіммен бірге басқа ұлт өкілдерінен достарымды шақырдым. Біз көрісіп, тілдесуге және бір-бірімізге жақсы тілек білдіруге мүмкіндік алдық, – деді журналистика факультетінің 1-курс студенті Әйгерім Қадырова.
Мерекенің жалғасы ретінде қонақтар «Жастар ауылы» киіз үйіне бас сұғып, наурызкөже мен өзге де ұлттық тағамдардан дәм татты. Жастар «Қара жорға» биінен флешмоб өткізіп, тоғызқұмалақ, қол күресінен жарысқа түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі