ҚазҰУ-да Герольд Бельгерді еске алуға арналған шығармашылық шара өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тілдер мен мәдениеттерді оқытудағы жаңа трендтер» жазғы білім беру мектебі аясында белгілі қазақстандық жазушы, аудармашы және ойшыл Герольд Бельгерді еске алуға арналған шығармашылық шара өтті.
Салтанатты шара Герольд Бельгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Жиынға жазушының жұбайы Раиса Хисматуллина, қызы Ирина Бельгер, ақын-жазушылар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты.
Филология ғылымының кандидаты, доцент м.а., «Altair» балалар кітабы академиясының жетекшісі Джемма Аманжолова шараға модераторлық етті. Модератор Герольд Бельгердің қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін жетік білетін отандық әдебиеттің құрметті ақсақалдарының бірі екенін атап өтті. Жазушы 1934 жылы Саратов облысының Энгельс қаласында дүниеге келген. Оның отбасы 1941 жылы Қазақстанға жер аударылып, қазақтар ортасында өмір сүрген. Жазушы қазақ мектебінде білім алып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын тамамдаған. Ол еңбек жолын ауылдық мектепте ұстаз болудан бастап, кейін «Жұлдыз» журналының редакциясында әдебиетпен кәсіби түрде айналыса бастады. 1964 жылдан бастап толығымен шығармашылыққа бет бұрады. Осылайша 1992 жылы жазушы неміс тілінде жарық көретін «Феникс» альманахы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады. Көптеген жылдар өткен соң, Б.Майлин атындағы «Алтын самұрық» сыйлығының лауреаты атанады. Сондай-ақ ол II дәрежелі «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталды. Жазушы тіл саясаты мен ұлтаралық келісім мәселелеріне өлшеусіз үлес қосты. Әр жылдары өзінің «Алтын асу», «Даладағы шағалалар», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Тас өткел», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство» және басқа да еңбектері мен кітаптарын басып шығарған.
Жұбайы Раиса Хисматуллинаның айтуынша, жазушы қазақ, орыс және неміс тілдерін жетік меңгеріп, Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов және белгілі қазақ жазушыларының шығармаларын аударған. Оның көркем аудармаларына сыншылар ең жоғары баға берген. Неміс жазушыларының еңбектерін де орыс тіліне аударған.
Герольд Бельгер әңгімелері мен мақалаларын қамтитын 25-ке жуық жинақ пен еңбектерді жарыққа шығарған. «Өз шығармаларында Г.Бельгер қазақ даласы түрлі халық өкілдерінің ортақ үйіне айналғанын шынайы өмірдегі адамдар тағдырымен көркем бейнелей білді», – деді жазушының жұбайы.
Шығармашылық шара барысында қатысушылар жазушының қазақстандық мәдениет пен әдебиетті дамытуға қосқан зор үлесін атап, жазушы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі