«Қазақ елі» студенттік ғылыми экспедициясы – «Мәңгілік елге» тағзым

19 маусым, 2014

2014 жылы 18 маусым 2 шілде аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі «Елдің интеллектуалды әлеуеті» мемлекеттік бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті «Медиасфера» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығы, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ақпараттық Бюросы, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы қолдауымен жас ғалым Айдос Әріпбаевтың құрметіне арналған «Қазақ елі» студенттік ғылыми экспедициясы аймақтарда зерттеулер жүргізуге аттанды.


2014 жылы 18 маусымда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Елдің интеллектуалды әлеуеті» мемлекеттік бағдарламасы қаржыландыруымен, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық келісім аясында аталған жобаны ҚР БҰҰ Ақпараттық Бюросы ақпараттық қолдауымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің «Қазақ елі» студенттік ғылыми экспедициясы ел арасында зерттеулер жүргізуге аттанды.

«Қазақ елін» шарлайтын жас ізденушілер елдің тарихи-семиотикалық құндылықтарын зерттеумен шектелместен, елдегі қаржылық сауаттылық, ақпараттық қолжетімділік, әлеуметтік қолжетімділік, мәдени мұралар номинациясын анықтауға өз үлестерін қосады. Бұл ЮНЕСКО тарапынан жастарға артқан үлкен жауапкершілік.

Жорық күндері экспедиция мүшелері мақсатты топтар арасында әлеуметтік сауалнамалар, кеңестер, дөңгелек үстелдер, арнайы сұхбаттар жүргізумен қатар аймақтық БАҚ және ақпараттық ресурстарға материалдарын жариялауды міндеттеріне алып отыр. Былтырғы жорық кезінде көмек берген барлық мұражай, кітапхана, колледж, университет, жастар саясаты жөніндегі басқарма мамандарына алғыс хаттар табыс етіледі.

Былтыр Маңғыстаудан көне көз шежірешілерден жазып алған аңыз, әпсана, әңгіме, жырларды жиыстыру, жазу жалғасын табады. Осы экспедицияның ұйымдастырушысы және ғылыми жетекшісі ретінде былтырғы жұмыс тобына: Айдос Әріпбаевқа, Әкім Арайлымға, Әбітай Ақсәулеге алғысымыз шексіз. Биылғы жорық құрамын журналистика факультетінің 3-курс студенті Әкім Арайлым бастап, 1-курс студенттері Ахметов Мади, Балымбетов Бөкенбай зерттеу жұмыстарын бастады.

Экспедиция басым бағыттағы стратегиялық мақсаттар бойынша зерттеу журналистикасы дамуына ықпал етуді және БҰҰ Материалдық емес мәдени мұраны сақтау туралы Халықаралық Конвенциясына сәйкес Қазақстан халқының материалдық емес құндылықтарын зерттеу, таныту және сақтау мәселелеріне қатысты зерттеулермен танысуды алға мақсат етіп қойған. Сонымен қатар, БҰҰ мыңжылдықтар даму бағдарламасы аясында «Қазақстан 2015 жылдан кейін» аймақтардағы әлеуметтік маңызды мәселелерді зерттеуді, ЮНЕСКО-ның журналистика оқу бағдарламасы моделін енгізуге ықпал етуді де басты бағыт етіп алған. Және Қазақстанның ақпараттық кеңістігі арқылы халықаралық мәдениеттер тоғысының онжылдығына енуіне ықпал етуді мақсат тұтады.

«Елден елге» акциясы аясында студенттік ғылыми экспедиция еліміздің Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Қарағанды өңірлерінде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 2014 жылы Қазақстан Тәуелсіздігіне орай ғылыми зерттеулер жинағы жарық көреді.