Жаңа оқу жылына дайындық талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтіп, білім ордасының жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығы талқыланды.
Жиын басында тарих факультетінің деканы Досбол Байгунаков ҚазҰУ базасында ашылған «Орталық Еуразияның тарихы мен мәдениеті» ғылыми-зерттеу орталығын таныстырды.
Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева университеттің жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығы туралы ақпарат берді. Проректор барлық факультеттердің оқу процесін ұйымдастыруға жүз пайыз дайын екенін атап өтті. ҚР бойынша бөлінген 68 034 гранттың 6 пайызы, яғни 4 090 грант иегері ҚазҰУ-ды таңдаған. Спикер сонымен қатар факультеттер бойынша бакалавриат гранттарына түсудің салыстырмалы статистикасын ұсынды. Тізімде физика-техникалық факультеті (844 грант), одан кейін география және табиғатты пайдалану факультеті (732) және механика-математика факультеті (617) көш бастап тұр. Жаңа оқу жылында университет ұжымы мен оқытушы-профессорлар құрамының алдында маңызды міндеттер тұр: ел дамуының перспективалық міндеттерін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың күрделі цифрлық технологияларын енгізу, оқытушы-профессорлар құрамының кадрлық әлеуетін түбегейлі арттыру және т.б.
Өз кезегінде Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жамила Айтжанова университет ғылымы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін арттыру міндетіне баса назар аударды. Өз сөзінде проректор елімізде ғылыми жобалардың жалпы санынан гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша ғылыми жобалар мен бағдарламалар үлесінің 12%-ға артқанын атап өтті. Іске асырылатын халықаралық ғылыми гранттар санының өсуі байқалады. Шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми-білім беру гранттарының үлесі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында 24%-ға (2021 ж.72-ден) және жаратылыстану ғылымдары саласында 37%-ға (2021 ж. 59-дан) өсті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары мен ОПҚ-ның халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысу көрсеткіші 45%-ға өскен. Шетелдік орталықтар мен университеттерде тағылымдамадан өткен ОПҚ үлесі 41%-ы көрсетті.
2023-2024 оқу жылына қойылған міндеттер: университеттің халықаралық әлеуетін жоғары көрсеткішке жеткізу, оқу ордасындағы ғылыми нәтижелерді экономиканың нақты секторына интеграциялау және енгізу үшін форсайт-зерттеулерді іске асыру, өзекті ғылыми үрдістерге мониторинг жүргізу және т.б.
Кеңес барысында операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева, қаржылық қызмет жөніндегі проректор Қалилла Абдуллаев, Әлеуметтік даму және жастармен жұмыс департаментінің директоры Жұлдыз Есімова баяндамаларында цифрлық сауаттылық, халықаралық ынтымақтастық, оқу ғимараттары мен жатақханалардың дайындығына талдау жасады.
Ғылыми кеңес отырысын қорытындылай келе, ректор Жансейіт Түймебаев жаңа оқу жылында ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аталып өтетінін баса айтты. Сондықтан айтулы датаға орай, оқу ордасының басшысы барлық жауапты мамандарға өз саласы бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспарын ұсынуды тапсырып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі