Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным қалыптастыру
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов «Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным қалыптастыру» атты дәріс оқыды.
Арман Тастемірұлының Әл-Фараби ғылыми кітапханасына, «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесіне және «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына барып, университет кампусымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастармен идеологиялық жұмыс жүргізу ең маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Университет арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Оқу орнында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ғылыми-зерттеу институты құрылған. Институт сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластері шеңберінде жұмыс істейді.
ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып «Адалдық дүкені», «Парасат» өнегелік мектебін ашты. «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесімен бірлесіп студенттерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі» ұйымдастырылды. Университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты, Академиялық адалдық кодексі, университеттің комплаенс қызметі туралы ереже әзірленіп енгізілді. Бүгінгі кездесуде қажетті ақпараттар беріліп, пайдалы ұсыныстар айтылады деген ойдамын», – деді университет басшысы.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов оқыған дәрісінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне тоқталды.
«Сыбайлас жемқорлықпен күресудегі ең маңызды жұмыс – жастардың бойында дұрыс адамгершілік идеологиясын қалыптастыру. Университет – жас ұрпаққа патриоттық рух, адалдық, жауапкершілік, парасаттылық пен білімге деген ұмтылыс беретін орта. Жоғары оқу орны осы қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіру мен тәрбиелеу жолында жүйелі жұмыс атқарып, құқық бұзушылықтың барлық факторларының жолын кесуі қажет», – деп атап өтті спикер.
Арман Тастемірұлының сөзінше, бүгінде білім беру саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны азаймай тұр. Республика бойынша ағымдағы жылы 125 қылмыс анықталды, (80% – бюджет қаражатын ұрлау, қалған 20% – пара алу) шығын 8 млрд теңгеден асты. Осыған байланысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Ағымдағы жылдың сәуір айында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді және оларды жою тетіктері әзірленді.
Кездесу соңында спикер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі