ҚазҰУ-дың академиялық саясатын түсіндіру вебинарлары өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушыларға университеттің академиялық саясатын түсіндіру мақсатында вебинарлар өтуде.
Вебинарлар бағдарлау апталығы аясында өткізіледі және 1966 жылы ЮНЕСКО бекіткен 8 қыркүйек – Халықаралық сауаттылық күніне орайластырылған.
ҚазҰУ-дың 2023/24 оқу жылына арналған академиялық саясаты университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен (№11 хаттама 27.06.2023) бекітілген. Құжат білім алушыларды оқуға қабылдаудан бастап, оны бітіруге және жұмысқа орналасуға дейінгі университеттегі академиялық бизнес-процесті реттейтін 19 бөлімнен тұрады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №516 қаулысымен «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына «зерттеу университеті» мәртебесі беріліп, университетті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілгендіктен, құжаттың жаңартылған мәтініне «Зерттеу университеті» бөлімі енгізілді.
Бөлімде университеттің Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) – кедейлік пен жоқшылықты жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікпен күресуге, сондай-ақ планетаны қорғауға және бүкіл халық үшін бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған, жаһандық деңгейде қабылданған мақсаттарды жүзеге асыру жөніндегі ұмтылысы бекітіліп жазылған.
Университет қазіргі және болашақ қоғам үшін білім беруді қайта бағалаудың, қайта мағыналаудың және қайта қараудың маңыздылығын түсінеді, сәйкесінше, білім беру ТДМ-ға қол жеткізуге және барлық үш салада: экология, қоғам мен экономикада тұрақтылықты қамтамасыз етуге байланысты, мүмкіндігінше көп принциптерді, білімді, дағдыларды, сенімдер мен құндылықтарды қамтиды.
Инклюзивті білім беруді дамыту және университеттің білім беру ортасы оқытушы тарапынан барлық білім алушыларға және білім алушылардың гендерлік, нәсілдік немесе этникалық тегіне, діни сеніміне, әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, физикалық денсаулығына және т.б. қарамастан, бір-біріне деген қолдауы мен тең қатынасы әрқашан болатын қауіпсіз орын ретінде қарастырылған инклюзия қағидаттары бойынша, білім алушыларды тәрбиелеу қажеттілігіне байланысты «Инклюзивті білім беру» бөлімі енгізілді.
«Жасанды интеллект» ұғымына анықтама беріліп, оқытушылар мен білім алушылардың теориялық оқу кезеңінде және қорытынды бақылау кезінде жасанды интеллектіні пайдалану ережелері түсіндіріледі.
Спикерлер: Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева, Академиялық мәселелер, Ғылым және инновациялық қызмет, Әлеуметтік даму және жастармен жұмыс, Экономика және қаржы, Жағдаяттық басқару орталығы департаменттері бөлімшелерінің басшылары. Модератор – Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Д.Нұрмұханқызы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі