ҚазҰУ ғалымдары парсы және араб тілдеріндегі қолжазбалар кітаптарын дайындауда

25 қыркүйек, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «Әл-Фарабитану» халықаралық ғылыми-зерттеу жобасы аясында қазақ-парсы тілдеріндегі кітаптар каталогын дайындау жұмыстарын бастады. Каталогтың дереккөздері парсы және араб тілдерінде жазылған қолжазбалардан аударылған. Бірлескен ғылыми жұмыс Иран Ислам мемлекетінің «Дайретул Марифи Бозорге Ислами» зерттеу орталығының докторы Атифе Занди және ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасының «Құнды басылымдар және сирек кітаптар» бөлімінің мамандарымен жүргізілуде.

Иран Ислам мемлекетінің «Дайретуль Марифи Бозорге Ислами» зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, доктор Атифе Занди жұмыс сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығымен өзара тәжірибемен бөлісті. Факультеттің ғылыми-зерттеу орталығының мамандары сирек кітаптарды қазақ жұртшылығына танытып ғылыми айналымға түсіру мақсатында еңбек етуде. Шағатай тілінде жазылған көне жазбалардың басым бөлігі қолмен жазылған. Ғылыми-зерттеу орталығының қазақ литографиясы мен қолжазбаларының дамуына қосып жатқан үлесі айтарлықтай. Мәселен, «Дәстур әл-'илаж» – далалық медицина дереккөзі» ғылыми-зерттеу жобасы аясында аталған медициналық шығармаға деректанулық, мәтінтанулық, қолжазбалары нұсқаларына кодикологиялық, т.б. зерттеулер жүргізді. Орталықтың ғылыми қызметкері Өмір Тұяқбаев Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясының «Далалық медицина көзі Дастур әл-'иладж» гранттық жобасы аясында М.Физули атындағы қолжазбалар институтының қорынан «Дәстүр әл-'иладж" медициналық трактатының көшірмелерін алып, зерттеу жүргізді. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Зубайда Шадкам және ғылыми қызметкер Өмір Тұяқбаев Ыстамбұл және Бурса кітапханалары қорынан қолжазба деректердің көшірмелерін алу үшін ғылыми және археографиялық зерттеулер жүргізді. Ғалымдар Сүлеймен, Милет, Баязит, Инебей қолжазбалар кітапханаларында жұмыс істеді. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің зерттеу орталыгының ғылыми қызметкері Ө.Тұяқбаев Париждегі іс-сапар кезінде ортағасырлық түрік медициналық және фармацевтикалық терминдерін, сөз тіркестерін, тілдің басқа да ерекшеліктерін зерделеді. Зерттеу барысында халық медицинадағы емдеу әдістері, дәстүрі, анықтамасы, орта ғасырдағы этномедицинаның даму кезеңдері анықталды. Ғалым шағатай тілінде жазылған қолжазбаны аудару жұмысын бастады.