ҚазҰУ-да ортақ түркі әліпбиі мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Халықаралық Түркі Академиясы, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары мекемесіне қарасты Түрік тілі қоғамы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.
Форумға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары кеңестің президенті Дерья Орс, Түрік лингвистикалық қоғамының директоры Осман Мерт, ТүркПА Бас хатшысының орынбасары Сақы Садықов, Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалдар кеңесі төрағасының бас кеңесшісі Синан Юлкер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, түркі әлемінің жетекші ғылыми ұйымдарының тіл білімі саласындағы мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Конференцияға дейін қонақтар Әл-Фараби мұражайын, кітапхананың оқу залын, БҰҰ жаһандық хабы залын, «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясын, ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады. Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзімен ашты. Университет басшысы түркі әліпбиінің тарихы мен даму тарихын қоғамдық-гуманитарлық бағытта зерттеу мәдени мұраны сақтаудағы өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Түркі әлемінде тығыз қарым-қатынастар мен рухани байланыстар нығайып келеді. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз Түркі әлемінің Атажұрты ретінде бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз», – деп атап өткен болатын.
«Түркі әлемінің рухани құндылықтарын әлемге танытатын осындай халықаралық деңгейдегі ғылыми шаралардың маңызы әрдайым жоғары деп білемін. Конференцияның мақсаты – 1991 жылы Ыстамбұлда өткен Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркия ғалымдары мен жазушыларының жалпы жиналысында бекітілген түркі мемлекеттерінің тілдік бірлестігі мен ортақ әліпбиге көшуінің шарттары мен мәселелерін талқылау»,– деді Жансейіт Түймебаев.
Іс-шарада Халықаралық Түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев сөз сөйлеп, «Біздің ортақ міндетіміз – ортақ әліпбиді құрудың ғасырлық процесін жалғастыру, оң нәтижелерге қол жеткізу және болашақты құрудың берік негізін қалау. Түркі мемлекеттерінің академиялық топтары жалпы әліпбиге әлеуметтік-мәдени мән беру және оны қабылдау процесіне өз үлестерін қосуы, сондай-ақ осы мәселеде бірлікті нығайтуға ықпал етуі тиіс деп санаймын»,– деді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев үшінші қарашада Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Түркі елдерінің бауырластығын жандандыруға жаңа серпін беретін мемлекет басшыларының кезекті кездесуі өтетінін айтты.
«Биыл түркі әлеміне ортақ тұлғалардың мерейтойлары аталып өтуде. Атап айтсақ, ойшыл-ғұлама Әбу Райхан әл Бирунидің 1050 жылдығы, Түркі әлемінің ұлағатты ұстазы – Түркістанның Пірі Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығы, Әзірбайжанның мемлекет және қоғам қайраткері Гейдар Әлиевке 100 жыл, Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толып отыр. Сонымен қатар Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл. Ортақ мерейтойлар тұлғаларымызды танытып, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ықпалдастықты ілгерілетуге үлес қосады. Сондай-ақ бүгінгі басқосуда да ортақ әліпби мен терминологияға қатысты мақсат-міндеттерді айқындап қана қоймай, оң нәтижеге қол жеткізіледі деп ойлаймын»,– деді М. Отарбаев.
Ғылыми басқосуда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің танымал лингвист-ғалымдары мен сарапшылары латын әліпбиі жөнінде талқылау өткізіп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Шарада Бірыңғай әліпби комиссиясының мүшелері мен лингвистикалық институттардың өкілдері әліпбиді дамытудағы жұмыстарды талқылап, қатысушы елдердің мемлекеттік тіл саясатын саралады.
Алқалы жиын аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев халықаралық конференцияға арнайы келген түркиялық әріптестерді жеке қабылдап, түркітануға байланысты ортақ мәселелерді талқылады.
Конференция жұмысының нәтижесінде ортақ түркі әліпбиін зерделеу және енгізу бойынша қарар қабылданып, бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі