ҚазҰУ ғалымдары ядролық қаруды таратпау жөніндегі конференцияға қатысты
Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) базасында «Ядролық қаруды таратпау туралы шартын (ЯҚТШ) нығайту және жаһандық қауіпсіздік: сын-тегеуріндер мен перспективалар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен НИЯУ МИФИ Алматы филиалы және «Томирис» продюсерлік орталығы және «Тірек нүктесі» іскерлік журналы бірлесіп ұйымдастырды.
Шараның мақсаты халықаралық аренада бейбітшілікке, қауіпсіздікке, тұрақтылыққа және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін ядролық қаруды таратпау туралы шарттын (ЯҚТШ) нығайтуға ықпал ету.
Жиынды AlmaU ғылым жөніндегі проректоры Бақытжан Саркеев пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова ашты. Алқалы жиында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, БҰҰ-ның ҚР-дағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек, ҚазҰӨА жанындағы Қазақстанның Пагуош комитетінің мүшесі Сергей Савельев және басқалар сөз сөйледі.
Ғылыми жиынға физика-техникалық факультетінің радиациялық физика және функционалдық материалдар зертханасының қызметкерлері қатысты. Зертхананың аға ғылыми қызметкері Б.А.Торонин және теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі М.Е. Әбішев «Бейбіт мақсаттағы радиация: ғылымда, өнеркәсіпте және медицинада үдеткіштерді қолдану» атты баяндама жасады.
Конференция қатысушыларға ядролық қаруды таратпау және бейбіт атом саласындағы ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Жиында «ЯҚТШ режиміне заманауи сын-қатерлер және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету», «Ядролық қаруды таратпау саласындағы елдер ынтымақтастығының өңірлік аспектілері», «Энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі Атом энергиясының рөлі» және басқа да тақырыптар талқыланды.
Спикерлер ретінде ядролық қаруды таратпау және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша 28 сарапшы сөз сөйлеп, баяндама жасады. Жиынға қатысушылар ядролық қаруды таратпау туралы шарттың қалыптасу тарихы, әлемдегі елдердің әртүрлі тәсілдері, осы тақырып бойынша қазіргі заманғы үрдістер мен даму перспективалары жайлы мол мағлұмат алды. Өзекті тақырып қатысушылардың назарын аударып, ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы маңызды мәселелер жайы кеңінен талқыға түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі