Ғылыми кеңес ҚазҰУ-дың ғылыми орталықтары қызметін талқылады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінде университеттің ғылыми институттары мен орталықтары қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ЖОО-ның инфрақұрылымы мен цифрландыруының жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды.
Ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Жолдас Бөрібаев отырысқа қатысушылардың назарына «университеттің ғылыми институттары мен орталықтарының қызметі туралы» тақырыбында баяндама жасады. География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева екінші баяндамашы болды. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта университетте жалпы қаржыландыру көлемі 8 507 млн теңгені құрайтын 355 ғылыми-зерттеу жобасы орындалуда, оның ішінде 2021-2023 жылдарға арналған ҚР ЖБҒМ гранттық қаржыландыру шеңберінде 49 жобасы бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Scopus деректер базасының халықаралық рейтингтік басылымдарында жарияланған мақалалары үшін жыл сайын ақшалай сыйақымен марапатталады.
2023 жылы Scopus дерекқор журналдарында жарияланған Q1-Q2 квартильдеріндегі 537 рейтингтік мақаланың авторларына сыйақы берілді және жалпы сомасы 129,1 млн теңгені құрады. Баяндамашы өз сөзінде жаратылыстану-техникалық және әлеуметтік-мәдени бағыттағы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне қорытынды бағасын беріп, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және басылымдық қызмет саласындағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
«ҚазҰУ Tech Garden қорымен бірлесіп, Орталық Азияда Индустрия 4.0 бойынша 600 млн теңге сомасына алғашқы модельдік фабрика құруға грант жеңіп алды. Кіші жоба басшысының орынбасары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев. Бұл маңызды қадам Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік құзыреттер орталығын ұйымдастыруға және дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жолдас Бөрібаев.
Өз кезегінде Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Үкіметтің қаулысымен зерттеу университетінің мәртебесі берілгенін айтып, «енді ғылыми орталықтардың жұмысын қорытындылай келе, факультеттер, кафедралар мен орталықтар әр алты ай және жыл сайын стратегиялық даму жоспарын жасап отыруы қажет»,– деді.
«Университеттің АТ-инфрақұрылымын және цифрландыруды дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы» баяндаманы АТ инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету департаментінің директоры Ғалымжан Сариев, қосымша баяндамашы-математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі Жоламан Бектемесов спикердің сөзін толықтырды. Бұл салада көптеген жұмыстар атқарылды: жабдықтарды ішінара жаңғырту жүргізілді, ЖОО аумағында Wi-Fi қолжетімділік нүктелері толықтырылды, трафик жылдамдығы артты, ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалының сайты жасалды, ақпараттық қауіпсіздікті арттыру үшін іс-шаралар жүргізілді, оның ішінде Firewall орнату және жаңарту және т.б. жасалды. Қазіргі уақытта ақпараттық интеграция саласында Smart ортасын құруға және университеттің ақпараттық-аналитикалық жүйесін дамытуға арналған жұмыс жүргізілуде.
Отырыс соңында университет ректоры құрылым басшылары мен факультет декандарына бірқатар тапсырмалар берді, соның ішінде университетте бизнес-процестерді оңтайландыру бойынша жол картасын жасап, университеттің әдеп жөніндегі кеңесін қалпына келтіру мәселесі айтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі