Тұрақты даму мақсаты аясындағы оқу-далалық практиканың маңызы
Қазіргі таңда әлемдік тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы тұруға, Жер шарын қорғауға және барлық адамдар үшін бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге бағытталып қабылданған мақсаттар болып саналады. 2030 жылға дейін 17 негізгі бағыт таңдалған әрі олардың жүзеге асырылуы елімізді өмірдің барлық негізгі салаларының тұрақты дамуына және әрбір адамға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге жетелейді. Тұрақты даму мақсаттарын енгізу және оған қол жеткізу процесі Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері тарапынан да, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үкіметі тарапынан да үнемі бақылауда. Бүгінде Қазақстанның ТДМ-ға қол жеткізу мониторинг жүйесі 280 индикаторды қамтиды, оның 205-і – ғаламдық, ал 75-і – ұлттық индикаторлар.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) – БҰҰ-ның даму саласындағы жаһандық желісі, атап айтқанда ТДМ, ол қазірдің өзінде 170 елде жұмыс істейді. Негізінен, кедейлікті жоюға, теңсіздікті азайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және Үкімет қызметінің ашықтығына көмек береді. ТДМ аясында БҰҰДБ Қазақстанға жәрдемдеседі: әлеуметтік сенімсіздік пен теңсіздікті жоюға, халықтың үкіметке деген сенімін қалпына келтіруге, экологиялық тұрақтылықты сақтауға, жоғары өнімді экономикалық өсуге ықпал ету. Қазақстанда жұмысы басталған сәттен бастап БҰҰДБ-мен бірге 200 миллион АҚШ долларынан астам сомаға тақырыптық салалардың кең ауқымында 200-ден астам жоба іске асырылды.
Тұрақты даму мақсаттарының 15-ші мақсаты – Құрлық экожүйелерін қорғау және қалпына келтіру. Оларды ұтымды пайдалануға жәрдемдесу, орманды ұтымды пайдалану, шөлейттенуге қарсы күрес, жердің тозу процесін тоқтату және кері қайтару, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті жоғалту процесін тоқтатуға қол ұшын созады.
Осы орайда, аталған мақсат бойынша Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінде мемлекеттік стандартқа және оқу жоспарына сай: биология (Назарбаев зияткерлік мектебі), биомедицина, нейроғылым, биотехнология (Назарбаев зияткерлік мектебі), зоология, биологиялық инженерия, микробиология, генетика, балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандықтарының 1-курс студенттері академиялық оқу семестрлері аяқталысымен оқу-далалық практикасына шығады. Оқу-далалық практикасының өткізілетін мекенжайы: Алматы облысы Іле ауданы, Кербұлақ шатқалы, Іле өзенінің оң жақ жағалауы. Қалалық оқу практикасының өткізілетін мекенжайы: Алматы қаласы, Тимирязев көшесінде орналасқан Бас ботаникалық бағы және Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының зертханалары.
Оқу-далалық практикасы ботаника және зоология пәндері салалары бойынша жүргізіледі. Практиканың негізгі міндеттері бойынша студенттер ботаника пәнінде өсімдіктер өсетін биотоптармен танысады, далалық зерттеу әдістерін игеріп, яғни көзбен бақылау, өсімдіктер гербарийлерін жинау және сақтау әдістерін үйренеді (этикеткалау, сақтау, тұқымдастарға, туыстарға, түрлерге жататынын нақты анықтай білу) және далалық күнделікті толтырып, ары қарай оның міндеттерін шешеді. Сондай-ақ анықтауыштармен жұмыс істеуді үйренуге, түрлердің тізімін жасау және жеке биотоптардың ерекшеліктерін, негізгі материалды жинайтын құрал-жабдықтарды жасауға, өзіндік зерттеу жұмыстарының ережесін білуге, күнделікті толтыру және есеп беруге бейімделеді.
Ал зоология пәні бойынша оқу-далалық практиканың зерттеу әдістерін игеру: көзбен бақылау, жануарлар санын есепке алу, материалдарды жинау және өңдеу әдістерін (жануарларды фиксациялау немесе бекіту, этикеткалау, сақтау, әр биотоптың негізгі омыртқалы және омыртқасыз жануарлар түрін нақты анықтай білу) және далалық күнделікті толтыру міндеттерін шешеді. Бұл салада да анықтауыштармен жұмыс жасап үйрену, омыртқалылардың түрлік құрамын және омыртқасыз жануарлардың ең жиі кездесетін түрлерін білу (омыртқасыз жануарларға ұзақ бақылау жасаудың және табиғаттағы серуендерді өткізудің дағдыларын алу), олардың жазғы уақытта мекендейтін биотоптарын білу, негізгі материалды жинайтын құрал-жабдықтарды жасай білу, өңдей білу, өзіндік зерттеу жұмыстарының ережесін білу, жануарлардың негізгі типтерінің биологиялық ерекшеліктері мен олардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызымен таныстыру, күнделікті толтыру және есеп беру болып табылады.
Практика барысында Қызыл кітапқа енген түрлерге аса ерекше назар аударылған. Студенттер қоршаған ортаға зиян келтірмей коллекция жинаудың, өсімдіктер флорасы мен жануарлар фаунасының таралуы мен экологиясы бойынша өздік ғылыми зерттеулерді өткізу әдістері мен ұйымдастырудың негізгі қағидаларын танып, табиғатты қорғаушылық-экологиялық көзқарасты қалыптастыру жүргізіледі.
Жоғарыда аталған міндеттерді орындау тұрақты даму мақсатының жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Оқу-далалық практикасын биология және биотехнология факультеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының білікті ұстаздары үлкен жауапкершілікпен атқарып, ерекше атсалысады. Атап айтсақ: Әбиболла Әметұлы, Бірлікбай Есжанұлы, Нұрлан Баймұрзаев, Нұрсұлу Ахтаева және практиканың тұрақты жетекшісі Бекзат Тыныбеков сынды ұстаздарымыздың еңбегі зор. Өйткені топ студенттері мен бүкіл ұжымды ас-ауқатпен қамтамасыз етіп, табиғат аясында білімдерін ұштап, әрбір студенттің бас амандығына жауап беру оңай шаруа емес. Сондықтан тұрақты даму мақсатының бір пунктіне сай, жыл сайын өтетін оқу-далалық практикасының ауқымды түрде жүргізілгені абзал.
Дамира ЮСАЕВА,
Биоалуантүрлілік және биоресурстар
кафедрасының аға оқытушысы, б.ғ.к.