ҚазҰУ-де Түркия Республикасының 100 жылдығына арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға арнайы сапармен келген профессор «Түркия Республикасының 100 жылдығы.Түркі әлемі болашағының бағдары» атты тақырыпта көшбасшылық дәріс оқыды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев түрік ғалымымен кездесіп, ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.
Бүгінде ҚазҰУ Түркияның 45 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. 2019-2023 жылдары бакалавриат, магистратура және докторантура бағыттары бойынша 278 білім алушы жастар түрік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп, ғылыми және тілдік тағылымдамадан өтіп, ғылыми зерттеу жұмыстарымен әртүрлі конференцияларға қатысты.
ҚазҰУ ректорының бастамасымен 2022 жылы ҚазҰУ-дың 50-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдар шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін Түркияның жоғары оқу орындарына жіберілді. 2022 жылы Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ыстамбұл қаласындағы филиалы ашылды.
Кездесуде ректор Жансейіт Қансейітұлы профессор Ильбер Ортайлының оқыған дәрісі мен университетке жасаған арнайы сапары үшін алғыс білдіріп, Түркия халқын Тәуелсіздігінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жиын барысында ҚазҰУ ректоры белгілі ғалым, саясаттанушы, жазушы, Түркия Президентінің мәдениет және өнер саласындағы Гран-приінің, Пушкин медалі мен Лацио сыйлығының иегері Ильбер Ортайлыға «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыс етті.
«Түркия Республикасының 100 жылдығы.Түркі әлемі болашағының бағдары» атты дәріске жиналған қауым өзекті тақырыпқа ерекше қызығушылық танытты.
Көшбасшылық дәрісте профессор түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетудің және интеграцияны нығайту үдерісіндегі ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекеттік ұғым әр ұлт үшін өте маңызды. Университеттің қайта жаңғыруы мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жүзеге асады. Бұл – өз кезегінде түрік мемлекеттерінің байланысын нығайтатын негізгі жүйенің бірі. Осы ретте мемлекеттер арасында мәдени ынтымақтастығымызды арттыруымыз қажет. Қос мемлекетке ортақ ортағасырлық ғалымдардың еңбектерін меңгеруіміз мәдени ынтымақтастықтың күшеюіне өз септігін тигізеді», – деді Ильбер Ортайлы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі