ҚазҰУ-да Академиялық қоғамдастықтар желісінің отырысы өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да алғаш рет Академиялық қоғамдастықтар желісі (САС) өкілдерінің кездесуі өтті. Жиынды Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығымен (РЭЦА) және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігімен (SDC) бірлесе отырып, USAID су және қоршаған орта жөніндегі аймақтық жобасы (WAVE) ұйымдастырды.
Іс-шараға Орталық Азияның бес елінен 30-ға жуық білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Мамандар өңір университеттері арасындағы ынтымақтастықты жақсарту бойынша ортақ мәселелерді, Академиялық қоғамдастықтар желісінің жұмысы мен алдағы жоспарларды талқылады.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова Орталық Азия Академиялық қоғамдастығы желісімен ынтымақтастықтың негізгі нәтижелерін атап өтті. Осы қызметтің нәтижесінде жалпы білім беру бағдарламалары мен курстары құрылды. Бірлескен білім беру бағдарламалары академиялық ресурстармен алмасуға және университеттер арасында озық тәжірибені беруге ықпал етеді. Мысалы, ҚазҰУ-дағы география және табиғатты пайдалану факультеті мен халықаралық қатынастар факультеті арасындағы ынтымақтастық жаратылыстану ғылымдарының магистрлері үшін «Су дипломатиясы» бірлескен білім беру бағдарламасын құруға жол ашты», – деді проректор Ж.Айтжанова.
Спикерлер талқыланатын мәселелердің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен байланысын атап өтті. Осыған байланысты проректор ҚазҰУ төрт жыл қатарынан БҰҰ бағдарламасының жаһандық хабы болып табылатынын және тұрақты дамудың барлық 17 мақсатын іске асыру үшін көпжақты ынтымақтастықты тұрақты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ отырыста халықаралық қатынастар факультетінің деканы Лейла Деловарова мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева сөз сөйлеп, Орталық Азияның Академиялық қоғамдастығы желісімен ынтымақтастық байланыстар жүйелі түрде жалғаса беретінін айтты.
Айта кету керек, САС Орталық Азия университеттерінде оқыту мен ғылыми зерттеулер деңгейін жақсарту үшін серіктестіктер мен желілерді құру бойынша жұмыс істейді.
Жиында жоғары оқу орындары мен халықаралық даму бағдарламаларының өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, Академиялық қоғамдастықтар желісі (САС) оқу орындарының серіктестігін дамытып, әлеуетін арттыруға ықпал жасайтынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Академиялық қоғамдастықтар желісі университеттер арасында инновациялық білім беру материалдарымен алмасуға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі