Энергия тапшылығы мәселесін қалай шешеміз?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында айтқандай, елімізде атом электр станциясын салу-салмау мәселесі референдум арқылы шешілетінін білеміз.
Алайда Энергетика министрлігі бұл мәселенің оңтайлы шешілетініне, яғни халықтың көпшілігі «иә» деп дауыс беретініне сенімді сияқты. Олар АЭС орналасатын аумақты (Балқаш маңы, Үлкен ауылы), оның қуаттылығын (1200 Мвт-тан 2 блок), станцияны салатын компаниялардың (Ресей, Корея, Франция, Қытай, АҚШ) тізімін де анықтап қойған секілді. Біздегі осы уақытқа дейінгі референдумдардың нәтижелеріне қарап, солай болудың ықтималдылығы жоғары екенін болжау қиын емес. Біздің топшылауымыз бойынша, АЭС құрылысын жүргізуде Түркия, Иран және басқа көптеген елде атом электр станцияларын салған, салып жатқан және басқаларға қарағанда арзандау салатын, әрі көрші, әрі дос мемлекеттің «Росатом» компаниясына таңдау түсетін сияқты.
Референдум алдында АЭС-ты жақтаушылар (Энергетика министрлігі) да, қарсылар (экологтар, белсенділер) да өз дәлелдерін келтіріп, қарсы жақтың пікірін жоққа шығаруға тырысады.
Экологтар оның радиациялық қауіптілігін баса айтады. Чернобыльдағы (Ресей, 1986), Фукусимадағы (Жапония, 1911) Три-Майл-Айлендегі (АҚШ, 1979 ) апаттарды мысалға келтіреді. Атом электр станциясы көп суды қажет ететінін, оның су жетіспеушілікке әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Бағасының қымбаттығы тағы бар. Олардың орнына жел электр станцияларын, күн электр станцияларын салу керек деп санайды.
Министрлік өкілдерінің, оларды қолдайтын сарапшылардың жауаптары да көңіл аударарлық. 1922 жылдың шілдесіндегі мәліметке қарағанда, осы кезде (бұл мәлімет биыл көп өзгере қойған жоқ) бүкіл дүниежүзінде 32 (33) мемлекетте жалпы қуаты 394 ГВт 440 атом электр станциялары бар 54 энергиялық блок салынып жатыр, 201 энергиялық блок жабылған. Айта кетейік, 1999 жылға дейін Қазақстан да осы тізімде бар болатын. Ақтаудағы (бұрынғы Шевченко) дүниежүзінде бірінші рет салынған жылдам нейтрондарды қолданатын реактор БН-350 1973-99 жылдар арасында сол жердегі халықты Каспийдің тазартылған суымен қамтамасыз етіп тұрды. Қазіргі кезде Ядролық орталықта жұмыс істеп тұрған екі реактор, Ядролық физика институтында бір реактор бар. Демек, Қазақстанда реакторларды басқару тәжірибесі де, оларды басқара алатын мамандар да бар деген сөз.
Дүниежүзіндегі реакторлардың басым бөлігі бес мемлекетте орналасқан. Олар: Америка Құрама Штаттары (95 реактор), Франция (56), Қытай (49), Ресей (38) және Оңтүстік Корея (23). Бұл елдерде атом электр станцияларында өндірілетін өнімнің үлесі 20 пайыздан (АҚШ) 70 пайызға (Франция) дейін болды.
Реакторлардың бірнеше түрі бар. Көп тарағандары – ВВЭР, РБМК. Ресейде осы реакторлар көп салынған. Қазақстанға осылар ұсынылатын шығар. Шығын жағына келер болсақ, 1200 МВт екі блок 10-12 миллиард доллар шамасында болады деп жобаланған және 8-10 жыл шамасында салынуы мүмкін.
Сонымен «Қазақстанға атом энергиясы қажет пе?» деген сұраққа референдум кезінде бәріміз де жауап беруімізге тура келеді. Әрине, жұртты алаңдататын негізгі мәселе – қауіпсіздік. Осы уақытқа дейінгі болған апаттар не реакторды басқарушы мамандардың қате әрекеттерінен (Чернобыль) немесе бұрын болмаған табиғи апаттың әсерінен болған. Алпыс жылдан асатын уақытта Францияда бірде-бір апатты жағдай тіркелмепті. Оның үстіне қазіргі кезде үшінші, төртінші буындағы, қауіпсіздігі өте жоғары реакторлар салынуда. Бұл жағынан алғанда көп алаңдаудың реті жоқ сияқты.
Қаражат мәселесі инвесторлар арқылы шешілуі мүмкін. Энергия қажеттілігі дау тудырмайтын мәселе, әсіресе оңтүстік аудандар үшін. Ал әлеуметтік жағынан келер болсақ, жұмыс орындары ашылады және жоғары білімді, білікті мамандар қажет болады. Елдің абыройы артады, өйткені АЭС салу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Көршіміз Өзбекстан да қазір АЭС салып жатыр. Десек те, барлық мәселе референдумда шешіледі. Біздің халық дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймыз.
Тұрғара ТҮСЕЕВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор