Ректор Германияда ҚазҰУ зерттеулерін таныстырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Германияның Бохум қаласында өткен «Шығыс: жаңа перспективалар мен байланыстар – Грузия, Қазақстан және Өзбекстан» тақырыбында өткен конференцияға қатысты.
Шараға Германия, Қазақстан, Өзбекстан, Грузия елдерінің ғалымдары мен ЖОО басшылары қатысты. Жиынға қатысушылар Шығыс пен Батыстың жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Ғылыми басқосуда Бохумдағы Рур университеті Шығыс Азия халықаралық саяси экономика кафедрасының, ЕО мен Азияның өзара іс-қимыл орталығының профессоры Йоханна Г.Б.Руст, Рур университетінің өкілі Себастиан Берсик, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Илья мемлекеттік университетінің (Тбилиси, Грузия) профессоры Оливер Райснер және басқалар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияда ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев «ҚазҰУ-дағы жоғары дәрежелі зерттеулер және Қазақстандағы мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. Оқу орнының басшысы университеттің ғылыми бағыттарын дамыту және бәсекеге қабілеттілігін нығайту мақсаттарына тоқталды.
«ҚазҰУ-да қазіргі таңда 625 білім беру бағдарламасы бекітілген. Оның ішінде 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады», – дей келе, ректор бүгінгі күні университетте жалпы құны 8,1 млрд теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Биыл ҚазҰУ жанынан іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсатында алғаш рет Ми институты құрылды. Сондай-ақ қазіргі сәтте өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік шешімдер орталығы салынуда. Бұған қосымша, ҚазҰУ ғалымдары жақында Батыс Қазақстан өңірінің экологиялық-экономикалық дамуын жетілдіруге арналған 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды», – деді Ж.Түймебаев.
ҚазҰУ-дағы жоғары дәрежелі зерттеулер нәтижелері туралы айта келе, ректор Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-да аз сериялы өнім шығару бойынша 10-нан астам ғылымды қажетсінетін шағын сериялы өндірістер іске қосылғанын да мысалға келтірді. Онда шунгит концентратын, полиэфирлі шайырларды, газразрядты шамдарды, дәрілік заттарды, көміртекті наноқұрылымдарды және т.б. жасау бойынша 10-ға жуық шағын өндіріс тиімді жұмыс істейді.
ҚазҰУ ғалымдарының жоғары дәрежелі зерттеулері туралы ақпарат бере отырып, ректор Жансейіт Түймебаев шетелдік әріптестерін тығыз ынтымақтастыққа шақырды.
Конференция аясында «Шығыс пен Батысқа қадам: өзгермелі жаһандық жағдайларда өңірлер мен білім беруді біріктіру» атты панельдік пікірталастар өтіп, ғалымдар ынтымақтастықтың болашағы туралы пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі