Жаңа Әлеуметтік кодекс пен ТДМ байланысы
Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында биыл көктемде жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып (2023 жылдың 1 шілдесінен күшіне енді), соның негізінде болашақта жұртшылықты әлеуметтік тұрғыда қорғаудың әлеуметтік қамсыздандыру құқығы саласындағы біртектес қоғамдық қатынастарды жетілдіру және құқықтық реттеудің негізгі бағыттары мен даму жолдары айқындалды. Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік қамсыздандыру құқығы саласындағы заңнамаларды бір жүйеге кодификациялау негізінде Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты мен міндеттері нақтыланды.
Анығын айтқанда, Әлеуметтік кодекстің негізгі бағыттары азаматтарды әлеуметтік қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қауіпті біріктіретін институттардан және осы саладағы проблемаларды шешу мақсатында жаңадан құқықтық тұрғыдан реттелетін біртектес қоғамдық қатынастарды қалыптастыруы тиіс.
Әлеуметтік саясат мемлекеттің әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге, азаматтардың әл-ауқатының артуына, олардың өмірін жақсартуға, материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға, өмір салтын жетілдіруге байланысты әлеуметтік топтар арасындағы, жалпы, қоғам мен оның мүшелері арасындағы қатынастарды реттейтін жалпы ішкі саясатының бір бөлігі болып саналады.
Әлеуметтік кодекс әлеуметтік құқықтық қатынастарды реттеу негіздерін белгілеуге, азаматтардың ҚР Конституциясы мен заңдарында бекітілген әлеуметтік құқығы мен оларды іске асыру тетігін бекітуге, әлеуметтік қамсыздандыру құқығы саласындағы қатынастарға қатысушылардың құқықтық жағдайын айқындауға және азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыруға құқығының туындау негіздерін, жүзеге асырылуы, өзгеру мен қорғау тәртібін реттеуге бағытталған. Бұл құжаттың ерекше бөлімі әлеуметтік қамсыздандыру құқығының жекелеген институттарына, яғни зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік өтемақы, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру мен көмек, атаулы нысаналы көмек, жұмыспен қамту және жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы, жұмысқа орналастыру туралы арнайы институттарды біріктіру арқылы негізделген.
Әлеуметтік кодексті қабылдағаннан кейін негізгі мақсаты мен міндеттері: қолданыстағы әлеуметтік заңнамаларды кодификациялау және заңнамаларды біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін жүйеге келтіру, әлеуметтік қамсыздандыру құқығының негізгі институттарын біріктіру, әлеуметтік қамсыздандырудың қолданыстағы төленетін материалдық төлемдер мен әлеуметтік көмектердің нақты түрлерін анықтау, есептеу, тағайындау және төлем мөлшерін көрсету.
Тұрақты даму тұжырымдамасы БҰҰ-ның «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Тұрақты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібі» қарарындағы кедейлік пен аштықты жою, халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты, сапалы білім беру, гендерлік теңдік, таза су және санитария, қымбат емес әрі таза энергия, лайықты жұмыс және экономикалық өсім, индустрияландыру, инновациялар мен инфрақұрылым, теңсіздікті қысқарту, қалалар мен елді мекендердің тұрақты дамуы, жауапты тұтыну және өндіріс, климаттың өзгеруімен күрес, теңіз экожүйелерін сақтау, құрлық экожүйелерін сақтау, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік идеясына негізделген 17 мақсат жиынтығынан құралған. Осы кезеңде ТДМ 4 мақсаттарын, яғни «Сапалы білім беруді және өмір бойы білім алу мүмкіндігін ынталандыруды қамтамасыз етуді» орындау барысында заң факультеті Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы белсенді түрде кедейшілік пен аштықты жою, халықтың денсаулығы мен амандығы, сапалы білім, гендерлік теңдік, сот әділдігі мен мықты институттардың мақсаттарына арналған көптеген кешенді іс-шараларды ұйымдастырып өткізуде.
Сәрсенғали АЛДАШЕВ,
заң ғылымының кандидаты