ҚазҰУ-дың ғылыми қызметіне басымдық беріледі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев білім ордасының ғалымдарымен кездесіп, ЖОО-ның ғылыми-инновациялық қызметін одан әрі дамыту жоспарын талқылады.
Жиында ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Жолдас Бөрібаев баяндама жасады. Айта кету керек, бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу институтының 100-ден астам ғалымы оқу үрдісіне тартылған. Университеттің 400-ден астам магистранты мен докторанты ҒЗИ-да ғылыми тағылымдамадан өтті. Соңғы жылдары университетте жалпы қаржыландыру көлемі 9 798 млн теңгені құрайтын 349 ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылуда. 16 факультетте МФ және МҚБ бойынша 301 ғылыми жоба аясында жұмыс жүргізілуде.
2022 жылы ҚазҰУ-дың үш ғылыми журналы, атап айтқанда «Химия», «Физика», «Математика, механика және информатика» басылымдары Web of Science дерекқорында индекстелген университет басылымдарының тізімін толықтырды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың «International Journal of Mathematics and Physics» және «Eurasion Chemico-Technological Journal», «Physical Sciences and Technology» басылымдары Scopus дерекқорымен индекстеледі.
Сондай-ақ департамент директоры өз сөзінде қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін іске асыруға, экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін интеграциялауға және енгізуге ықпал ететін бірқатар шараларды атап өтті.
Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ғылымның рөлі мен дамуын ерекше назарда ұстау мақсатында факультет декандарына бірқатар тапсырмалар берді. Ректор мақсатқа жету үшін жаңа технологиялар мен зерттеу әдістемелерін енгізу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін университеттер, ғылыми институттар мен бизнес-сектор арасындағы терең өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ жас ғалымдарға қолдау көрсету қажет екенін айтты.
Отырыс барысында ғалымдар қаржыландыру, елдер арасындағы білім мен технологиялармен алмасу, сондай-ақ инновациялар мен кәсіпкерлік үшін қолайлы орта құру мәселелерін қозғай отырып, даму жоспарын талқылады. Өтініш берушінің уақытын үнемдейтін және бюрократияны қысқартатын «Бір терезе» қағидаты бойынша ғылыми жобаларды әкімшілендіру тетігін енгізу ұсынылды. Сондай-ақ қатысушылар ғылыми-зерттеу қызметін дамыту мақсатында доцент-зерттеуші лауазымын енгізуді ұсынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі