ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да заң ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара Үсейнованы еске алуға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (III жыл сайынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқулар) өтті.
Конференцияның ұйымдастырушылары: мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы, Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ғылыми-зерттеу институты, Алматы қаласының жастар саясаты басқармасы «Маңғыстау әуендері» қоғамдық қоры.
Конференцияны ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай ашып, Гүлнара Үсейінованың отандық заң ғылымының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Құқықтанушы ғалымның өмірі мен қызметі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетімен байланысты. Ол университетті бітіріп, аспирантураға қабылданды. 1996 жылы «Ш.Уәлихановтың мемлекеттік-құқықтық көзқарастары» тақырыбында кандидаттық диссертация, ал 2009 жылы «Ә.Бөкейхановтың мемлекеттік-құқықтық көзқарастары» докторлық диссертациясын қорғады. Гүлнар Үсейінова 200-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде монографиялардың, оқулықтардың, шетелдік және отандық журналдардағы ғылыми мақалалардың авторы болды. Профессор Г.Үсейінова сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға елеулі үлес қосты. Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі болған жылдары «Қоғамдық қабылдау» және «Адал Көмек» әлеуметтік жобаларының жетекшісі болды.
Жиында заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов, қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Рима Жансараева, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова және т. б. сөз сөйледі. Конференцияға қатысушылар Гүлнара Рахымжанқызының іскерлік және кәсіби қасиеттерін атап өтті. Қысқа өмірінде ол көптеген жас заңгерлерге бағыт беріп, өмірінде өз орнын табуға, еліміздің ең ірі оқу орнында білім алуына, елінің патриоты болуға және құқықтық қоғамды қалыптастыруға қызмет етуге көмектесті.
Шара барысында қазіргі Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен оған қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі талқыланды. Сонымен қатар, құқықтық білім беру мен тәрбиелеу мәселелері Қазақстан Республикасының Білім беру субъектілерінің әдептілігін қалыптастыру негізі ретінде қарастырылды.
Сондай-ақ, аталған іс-шара «Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында әдеп принциптерін қалыптастырудың саяси-құқықтық мәселелері» жобасын іске асыру және бейбітшілікті сүйетін, ашық және демократиялық қоғам құруға бағытталған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде өткізілгенін атап өту қажет.
Конференцияға Қазақстан мен шет елдердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік органдарыдың өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі