«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» ұлт тарихындағы ең ауыр апат
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама: оқиғалары, себептері, салдары мен сабақтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының тарихындағы қаралы кезеңді қамтыған бұл оқиғаға биыл – 300 жыл.
Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырған шараға белгілі қоғамтанушы ғалымдар, шетелдік және отандық тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция ашылуында тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Досбол Байғонақов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың жолдаған хатын оқып берді. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама – қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі. Тарихтың осы бір қаралы кезеңі кейінгі ұрпаққа «Елім-ай» әні арқылы жетті. Биыл осы қасіретті оқиғаға – 300 жыл. Бүгінгі конференция барысында тарихшылар мен ғалымдар тарихи оқиғаның себептері мен салдарын жаңа көзқараспен жан-жақты саралап, ғылыми тұжырымдамаларын білдіреді деп сенемін», – делінген хатта.
Ғылыми басқосуда мамандар ХVIII ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ тарихының күрделі кезеңдерін зерделеу және қазақ халқының басқыншылыққа қарсы күресін зерттеу мәселелерін талқылады.
Конференция аясында «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Жиын барысында «XVII-XVIII ғғ. Қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты», «Қазақ-жоңғар қатынастары», «Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі» тақырыптары да қамтылды.
Мәмбет Қойгелдиев,
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор:
– Ақын Жұбан Молдағалиев тілімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан өткен 5-6 зобалаңды апаттың ішіндегі ең үлкені, ең ауыры осы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарындағы соғыстар. Меніңше, бүгінгі конференция «алқакөл сұламаға» арналған алғашқы басқосу. Қазаққа қашан, қалай қауіп төнді дегенде, біз өткен күндерді, тарихты еске аламыз. Мәселен, сол заманның ақын-жыраулары «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар», – деп жырлап өтті. «Енді не болмақ?» деп күңіренді. Осы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары алашордашылар еңбегінде қалай көрінді? Алашордашыларды соттау – қазақ ұлтына жасалған қиянат. Советтің қылмысы. Алашордашылардың қылмысы дәлелденбесе де, оларды соттады. Алаштықтар – ұлттың бүтін бір буыны. Оның ішінде зиялылар да, байы да, кедейі де, жасы мен кәрісі де бар.
Алаш деген – кең ұғым. Бұл сөз «қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» деген мағынаны береді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына зиялы қауым өкілдері ғана емес, ұлттық санасы бар, ұрпақ алдында жауапкершілікті сезінген азаматтар атсалысты. Оның ішіне барлық әлеуметтік топтың өкілдері кіреді. Алаш әскері құрылды. Сапқа қосылған жігіттер өкіметтің жарлығымен емес, азаматтық борышын өтеуге, Отанын қорғауға барды. Олар майдан даласында осы мақсат жолында құрбан болды. Құпия полиция Алаш полкінде болған азаматтарды тіркеуге алды. Кейін 1929-31 жылдары Қазақстанда Совет өкіметінің реформасына қарсы халық көтерілісі болды. Сонда Алаш әскерінің құрамында жүріп, Совет өкіметіне қарсы шыққан жігіттердің біразы ұсталды. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында Алаш әскерінің құрамында болған 110-ға жуық азамат ұсталып, сотталып, біразы ату жазасына кесілді. Біздің ұлттық мемлекеттігіміз бен азаттығымыз үшін күрескен азаматтарды осындай маңызды күндері еске алып, есімдеріне құрмет көрсетуіміз парыз. Отан үшін құрбан болған бірде-бір жан ұмытылмауға тиіс.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі:
– XVIII ғасыр – ұлттық тарихымыздағы тағдыр анықтағыш дәуір. 1723 жылғы әскери-гуманитарлық апаттан қазақтың 3/2-сі қырылды, халық ретінде тарих сахнасынан түсіп қалуға шақ қалдық. Ол жайлы отандық, шетелдік авторлар жазған, әлі де жазып келеді. XVIII ғасыр бойынша ұлттық тарихнамамыздың басы әрі нышаны – «Елім-ай» жыры. Бұл ғасырда «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» соқпай кеткен бірде-бір хан, бірде-бір батыр, бірде-бір ақын-жырау, би-шешен жоқ. ХІХ ғасырда бұл тақырыпқа ғылыми тұрғыдан Ш.Уәлиханов қалам тербеді.
Қазақ-жоңғар соғыстарын ақтабан шұбырындыдан бастап дәуірлейтін болсақ, бірінші дәуіріне 1723 жылды алуымыз керек. Өйткені мұншалықты ауыр апат 2-3 жылға созылуы мүмкін емес. Созыла қалғанда қазақ халқы жер бетінен жоғалар еді. Мемлекеті өмір сүруін тоқтатар еді. Екінші дәуір – стратегиялық жеңілістер мен күш жинаған 1724-25 жылдар. Қазақтар Түркістан, Ташкент сияқты екі астанасынан айырылды, бірақ былтырғыдай адами және материалдық шығын келген жоқ. Қайың сауса да, есін жинады. Рубасылардың, қолбасшылардың айналасына топтаса алды. Үшінші дәуір – 1726-43 жылдар. Қазақтар әскери және дипломатиялық ірі жеңістерге қол жеткізіп, ата жауы жоңғардан басым түсе бастады. Ордабасындағы құрылтай, Аңырақай жеңісі, Ресеймен одақтасу, Абылайды тұтқыннан босату – бәрі хандықтың өрлеу үстінде екенін дәйектейді. Төртінші дәуір – 1758 жылы жауды жеңумен, аймақтық тұтастықты қалпына келтірумен аяқталды. Қазақ елін Ресей, Қытай т.б. үлкенді-кішілі мемлекеттер де-юре, де-факто мойындады. Қазақ қоғамының элитасы отансүйгіш, азатшыл, интеллектуалдық әлеуетіне парасат-білікпен сүйене білгендіктен елдіктің, байлықтың, болашақтың негізі – жер аман қалды.
Қансейіт Әбдезұлы,
филология ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ халқының мемлекет ретінде мүлдем жойылып кету қаупін тудырған, елді қан қасап қырғынға ұшыратқан «ақтабан шұбырынды» оқиғалары екі ғасыр бойында жыраулық поэзияның басты тақырыбына, алтын арқауына айналғанын екі әйгілі жыраудың шығармашылығы айқын аңғартады. Бірі – Ақтанберді жырау Сарыұлы (1662-1752), екіншісі – Бұқар жырау Қалқаманұлы (1684-1782). Екеуі де қазақтың жыраулық поэзиясының көш басында тұрған үлкен дарындар. Екеуі де мемлекеттік, ұлттық деңгейге көтерілген тұлғалар. Ханның кеңесшісі, ақылгөйі, ел абыздары дәрежесінде болған тарихи қайраткерлер. Мысалы, Ақтамберді жырау:
Жоңғардан көрген
қорлығым,
Сарысу болды жүрекке.
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп Құдай тілекке, – десе, атақты Бұқар жырау:
Өлетұғын тай үшін,
Қалатұғын сай үшін,
Қылмаңдар жанжал, ерегіс...
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз! – деп толғайды.
Берекет Кәрібаев,
тарих ғылымының докторы, профессор:
– Биыл «ақтабан шұбырынды» оқиғаларының басталғанына 300 жыл толып отыр. Осы қайғылы оқиғаларға қатысты мәселелердің бәрін – алғышарттары мен себептерін, барысын, қорытындысын, салдарларын зерттеп, зерделеп, ұлттық санамызға өшпестей етіп сіңіргенде ғана мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбайды. Жалпы алғанда, «ақтабан шұбырынды» оқиғалары еліміздің орта мектептеріндегі «Қазақстан тарихы» пәнінің бағдарламасына енгізілген, академиялық басылымдарда біршама тәуір баяндалған. Былайша айтқанда, бұл қайғылы оқиғаға қатысты тарихи мәселелердің бәрі де түсінікті секілді.
Дегенмен де тарих ғылымы бір орында тұрған жоқ, ол үнемі теориялық, методологиялық, фактологиялық тұрғыда даму үстінде. Соған байланысты біз соңғы жылдардағы тарих ғылымындағы қол жеткізілген материалдарға сүйене отырып, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғаларына қатысты ой-пікірлеріміз бен тұжырымдарымызды оқырмандар назарына ұсынамыз. Алдымен «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атауының шығуы мен ғылыми айналымға енгізілуі туралы айта кетсек.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы, әсіресе 1905-07 жылдардағы бірінші орыс революциясы қазақ зиялы қауымына қатты әсер етіп, олардың ұлттық мүдде жолында бірігуіне, ұлт мүддесі үшін қызмет етуге, ұлт мүддесі үшін күресуге алып келді. Ресейдің жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықтар иеленген көзі ашық қазақ азаматтары сол тұстарда Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтар дың маңына топтаса бастайды. Алаш идеясымен қаруланып, ұлттық мүддені алға қойған зиялы қауым өкілдері бүкіл халықтың санасын ояту үшін, ортағасырлық артта қалушылықтан құтылу үшін күрес жолдарының бірі ретінде халықтың тарихын жазудан бастайды. Соның нәтижесінде XX ғасырдың басында тек қазақ халқының тарихына арналған бірнеше кітап жарық көреді. Солардың бірі – Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынборда басылған «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабы.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор:
– «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін, мәңгі есте қалдыру үшін мен мынадай ұсыныс айтқым келеді: Алматы, Астана, Шымкент және т.б. ірі қалаларда, елді мекендерде ескерткіш қойылып, қазақ-жоңғар соғысы туралы көркем фильм түсіру керек.
Аманжол ҚАЛЫШ, профессор:
– Жоңғар соғысынан қалған, күні бүгінге дейін қолданыста жүрген атаулардан құтылуымыз керек. Мысалы, Ресей түп-тамыры түркілерден бастау алған атаулардан ел мен жерін тазартып алды. Демек, бізге де топономиканы қолға алатын кез келді. Мәселен, Семей атауының қалай пайда болғанын білесіздер, оның бізге керегі қанша? Сол сияқты жоңғар шапқыншылығынан қалған Қобда атауы әлі жүр. Осындай сиықсыз атауларды қазақы атауға ауыстырған абзал.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ