Қырғызстандағы түркі әлемінің конференциясы

25 қараша, 2023

Ағымдағы жылдың қараша айының 23-25 аралығында шекаралас жатқан Қырғызстан мемлекетінің астанасындағы Манас университетінде https://www.manas.edu.kg/ru «Түркі өркениетін зерттеу және тәжірибе орталығының» ұйымдастыруымен Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан сынды түркі әлемінің 6 елінен жиналған 230-дай ғалым мен зерттеушінің басын қосқан «Түркі өркениетінің халықаралық конгресі» өтті. Аталмыш ғалымдардың арасында бауырлас елді қолдауға киелі шаңырақ әл-фараби атындағы қазұу университетінің филология факультетінің атынан барған бірқатар оқытушылар мен докторанттар бар. Жаһандану заманындағы «Түркі әлеміндегі білім және мәдениет» деген аса бір өзекті тақырыпты арқау еткен бұл конгресске Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің профессорлары, докторанттары мен магистранттары атынан жалпы саны 42 мақала (22 офлайн қатысу, 21 онлайн қатысу) жіберілген. Түркі әлеміндегі білімге де, мәдениетке аса қызығушылықпен қарағандықтан,  әрі «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының магистранты ретінде бұл конгресске өз үлесімді қосуды жөн санадым. Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша білімімді жетілдіріп жатқандықтан білім беру, шет тілдерін оқыту бағытындағы «The features of e-books in educational process» тақырыбындағы баяндаммамен қатыстым.

Бұл конгрестің мақсаты түркі әлемінің негізгі білім беру және мәдени аспектілерін халықаралық тұрғыдан қарастыру болып табылғандықтан, аталмыш бағыттан басқа конгресстің ішкі тақырыптары тарих, тіл және әдебиет, мәдениет және коммуникация, мәдениетаралық коммуникация, мәдениетті сақтау және тасымалдау мәселелері, құндылық туралы білім беру, мәдениеттану, жаһандану мәселесі, тілдік білім беру және зерттеу, түркі әлемінің әдебиеті, тіл және әдеби саласындағы зерттеулердің өзекті мәселелері, тіларалық аударма (аударма), тілдік зерттеулердің заманауи әдістері, түркологиялық зерттеулер, салыстырмалы түркі диалектілері, мәдениет пен қоғамның өзара әрекеті, коммуникативтік білім, этика, әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас, жаһандық коммуникациялар сынды тың әрі өзекті тақырыптарды қамтыды. Осы тақырыптар аясындағы 6 елдің ғалымдар мен зерттеушілері ұсынған мақалалар мен тезистер де миға шабуыл жасайтында қызықты да ақпаратқа толы болды. Түртіп алып, миға қорек еткенге – таптырмас құнды білім. Ең бастысы конгресс барысында түркі әлемінің терең мәдени мұрасынан тереңнен мағлұмат алып, рухани байып қайттық.

 

Толқын Өмірзақова

Филология факультетінің 2-курс магистранты,

                                                                                                                                                                                                                  Досанова А.М., PhD, аға оқытушы