Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ шекарасы бекітілген 1920 жылғы 26 тамыздағы декретті қабылдаудағы алашордалықтардың тарихи рөліне арналған «АЛАШТЫҢ ТАРИХИ РӨЛІ В. И. ЛЕНИННІҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫН БЕКІТКЕН 1920 ЖЫЛҒЫ 26 ТАМЫЗДАҒЫ ЖАРЛЫҒЫН ІСКЕ АСЫРУ БОЙЫНША (саяси-құқықтық аспектілер)» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Іс-шараны Ғ.С.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институты заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы мен ҚазҰУ-дың тарих факультеті ұйымдастырды.
Семинар жұмысын ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева ашып, Алаш зиялыларының қазақ жерінің аумақтық тұтастығын қорғаудағы айрықша тарихи рөлін атап өтті. Спикердің пікірінше, қазақ шекарасын анықтап, бекітуде Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков ерекше рөл атқарды.
Белгілі журналист Майя Бекбаева қатысушылардың назарына «Әлімхан Ермеков және оның мемлекеттік шекараны анықтауға қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады.
Семинарда қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар мен сарапшылар сөз сөйледі: академик Еркеш Нұрпейісов, «Алаш» мәдениет және рухани даму ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, ресейлік құқықтанушы ғалымдар – Владислав Толстой, Гүлназ Адыгезалова және т.б.
Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, Алаш зиялыларының қазақ шекарасын бекітудегі елеулі еңбегінің тарихи маңызына тоқталды.
Ғ.С.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институтының директоры Арон Сәлімгерей өз сөзінде: «Ежелгі заманнан бері Қазақ мемлекеттілігі қалыптасқан жердің аумақтық тұтастығы қалпына келтірілді. 1991 жылдың желтоқсанында КСРО заңды түрде жұмысын тоқтатты және 1920 жылғы 26 тамыздағы жарлықтың негізінде белгіленген әкімшілік шекаралар Uti possidetis қағидаты бойынша мемлекеттік болды», – деп атап өтті.
Семинарға қатысушылар Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғау бойынша Алаш қайраткерлерінің идеяларын жаңа көзқарас тұрғысынан талдады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі