ҚазҰУ-да баспа ісі және әдеби үрдіс мәселелері талданды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында көрнекті ақын, ұстаз-ғалым Бауыржан Жақыптың 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Баспа ісі және әдеби үрдіс: қаламгер – редактор – оқырман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, қаламгерлер, БАҚ басшылары, ҚазҰУ-дың оқытушы профессорлары мен білім алушы жастары қатысты. Түркия, Қырғызстан ғалымдары мен еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары шараға онлайн қатысып, ой-пікірлерін білдірді.
Ғылыми басқосуды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесінің қазақ әдебиетіндегі айрықша орны мен ғылымдағы ізденістеріне тоқталды.
«Еңбек жолыңызды журналистикадан, ғылымдағы жолыңызды ҚазҰУ-дың студенті, ұстазы болып бастап, филология ғылымының докторы, профессор, журналистика факультетінің деканы сынды табысты, абыройлы биік белестерді бағындырдыңыз.
Сіздің бір қанатыңыз ғылым болса, екінші қанатыңыз – әдебиетте де жемісті еңбек етіп келесіз. Қазақ поэзиясында қайталанбас қолтаңбаңыз бен өз үніңіз қалыптасты. Әдебиетімізге қосқан жауhар жырларыңызды бүгінде жастар жатқа оқиды», – деп атап өтті ректор.
Шара барысында ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары топтастырылған арнайы жинақтың тұсауы кесілді.
ҚазҰУ жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашев сынды ғалымдар баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылар қаламгер, ғалым Бауыржан Жақыптың бүгінгі баспа ісі мен әдеби үрдістерді дамытудағы еңбегін жан-жақты саралады.
Бауыржан Өміржанұлы Жақып – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, журналист, филология ғылымының докторы, журналистика факультетінің профессоры.
Қазақ телевизиясында әдеби хабарлар дайындап, беделді басылымдарда шыңдалды. Ғылыми-педагогикалық еңбек жолында ізбасар шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды. Отандық журналистика саласын жаңа бағытта зерттеп, мазмұнды монографиялар мен оқу құралдарын жазды.
Ақынның қаламынан туған «Аудитория», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба», «Абайдың Қасқабұлағы» кітаптары оқырмандар арасында жоғары бағаланды.
Шығармашылық еңбектері жоғары бағаланып, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасының «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері атанды.
Бүгінде қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, жас таланттарға ерекше қолдау көрсетіп келеді.
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырған конференция аясында ғалым Бауыржан Өміржанұлының шығармашылық және ғылыми-педагогикалық еңбек жолына арналған кітап және фотосуреттер көрмесі қойылды.
Конференция жұмысы тақырыптық сессияларда жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі