ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН ҚАЗҰУ

31 желтоқсан, 2023

 

2023 жыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін сәтті басталып, табысты аяқталуда.

Оқу ордасында білім мен ғылым бойынша іргелі істер атқарылды.

Жүйелі жұмыстарды жемісті жүзеге асырып, университет халықаралық рейтингтерде топ жарды.

Asia University Rankings халықаралық рейтингінде ҚазҰУ Қазақстанда көш бастап, Азиядағы үздік 30 ЖОО қатарына қосылды.

Өткен жылы Мемлекет басшысының қолдауымен университет Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты.

Сондай-ақ МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары барысында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Аталған келісім аясында ағымдағы жылдың қараша айында ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.

Көпшілік көңілінен шыққан тағы бір жаңалық, 50 жылдық тарихы бар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңін іске асыру жұмысы бастау алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, ҚР Үкіметінің және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жуырда ҚазҰУ-да әрқайсысы 1 060 орындық, жалпы 3 180 орынға арналған үш жатақхананың іргетасы қаланды.

Қазіргі сәтте университетте жалпы құны 8,1 млрд.теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылуда.

География және табиғатты пайдалану факультеті бағдарламалық нысаналы қаржыландыру байқауында 3,8 млрд. теңгенің мегагрантын ұтып алды. Ауқымды жоба Батыс Қазақстан өңірінің тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы мен су ресурстарын ұтымды пайдалануға арналған маңызды міндеттерді шешуге бағытталған.

Биыл ҚазҰУ жанынан Ми институты құрылды. Елімізде алғаш рет аталған нейроғылым орталығында миға іргелі және қолданбалы зерттеулер   жүргізілетін болады.

Ағымдағы жылы ҚазҰУ ғалымдары тиімді экобояуды нарыққа шығарды, сондай-ақ улы заттарды ыдыратудың тың әдісін ойлап тапты.  

Университеттің жас ғалымдары диеталық нан өнімдерін әзірледі.

ҚазҰУ 130 миллион теңгеден астам қаржыға БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған (ТДМ)  сапалы білім – (4 ТДМ), гендерлік теңдік (ТДМ-5) көрсеткіші бойынша ЮНИСЕФ білім беру бағдарламасын сәтті жүзеге асырды.

Қазіргі сәтте ҚазҰУ жанынан өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік шешімдер орталығы салынуда. Жоба Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорымен бірлесіп қолға алынады.

Инженерлік шешімдер орталығын Орта Азиядағы бірінші Индустрия 4.0 модельдік фабрикасы ретінде қарастыруға болады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» гранттық бағдарламасы негізінде қаржыландырылады.

Бұған қоса, ҚазҰУ-да суперкомпьютермен қамтамасыз ету жөніндегі үкіметаралық жоба жүзеге асырылады. Қазір ҚХР-да тендер өтуде, жеңімпаз компания суперкомпьютерді жеткізумен айналысады. ҚазҰУ оларды орнату үшін инфрақұрылым дайындап отыр.

Әл-Фараби атындағыт ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі