12 жылдық мектеп – уақыт талабы

5 қаңтар, 2024

Еліміз егемендік алғаннан бері білім сапасын көтеру мақсатында қыруар жұмыс атқарылып, қажетті жағдайлар жасалды. Соған қарамастан білім сапасы әлі де төмен. Оны халықаралық зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Еліміздің орта білім беру сапасын қалай көтеруге болады? Осы мәселе төңірегінде Педагогикалық ғылымдар академиясының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетіне   “12 жылдық мектеп – уақыт талабы” деген тақырыппен жарияланды.

Бұл мақалада «Орта білім беру жүйесі – аса күрделі жүйе. Оның да жүйе құраушылары болады. Біз оның 8-ін анықтадық: оқу­шы­лардың білім сапасы; білім стандарт­тары мен оқу бағдарламаларының сапасы; ­оқу әдебиетінің сапасы; педагог кадр­лар­дың кәсіби біліктілігінің сапасы; білім ­мониторинг сапасы; ру­ха­ни-адамгершілік және патриоттық тәр­бие беру сапасы; ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының сапасы; басқару жүйесінің сапасы; материалдық-техникалық база сапасы. Әр жүйе құраушының сапасын көтеру үшін қыруар іс атқару керек. Академик А.Н.Колмогоров «Бір жақсы оқулық жазудың қиындығы бір реактивті ұшақ құрастырумен бірдей» деген екен. Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін де жүйелі жұмыс қажет. Демек еліміздің 7,5 мың мектебінде оқып жатқан 3,5 млн баланың білім сапасын көтеру қиындығын әртүрлі 8 реактивті ұшақ жасаумен салыстыруға болады. Әлемнің барлық елінде осы жүйе құраушылардың сапасын көтеру мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілген елдерде ғана сапа жоғары» екенін айтты. Және де мақалада «Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін не істеу керек?», «Педагог кадрлардың кәсіби білік­тілігінің сапасын көтеру  маңызы», «Білім мониторингінің сапасын  арттыру», «Қазір қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру»,  осы сұрақтарда қозғалды. Сұхбат-мақала соңында «Орта білім беру сапасын көтеру үшін алдағы уақытта бірнеше бағытта жұмыс жүргізу керек. Алдымен 12 жылдық мектепке көшу мақсатында шамамен 15 жылға арналған көлемді білім беру реформасын жүзеге асырған абзал. Басты мақсат – «Білім – білік – дағды» парадигмасынан оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына өту. Алдымен осы парадигма негізінде ұзақ жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп жүрген елдердің тәжірибесін мұқият зерттеп, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, отандық білім беру мазмұнын жасау керек. Отандық ғалымдар мен ұстаздардың жаңа білім мазмұнын жасау тәжірибесінің жоқ екенін ескере отырып, кем дегенде үш елдің білім беру жүйесін мұқият зерттеу қажет.» деген ауқымы терең пікірін білдірді. Мақаланың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көре аласыз.

 12 жылдық мектеп – уақыт талабы