Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ, медиа менеджер: Еңбек жолым «Qazaq universiteti» газетінде басталған

8 қаңтар, 2024

Медиа менеджер, «31 арна», «Қазақстан» РТРК» АҚ, «Алматы» арналарын абыроймен басқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жалауқызы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген. 

– Менің журналиcт болсам деген арманым 6-сыныптан басталды. Ауылда өстік. Қабырғада ілініп тұратын кішкентай радиодан мектеп оқушыларына арналған бағдарла-
маларды көп тыңдайтынбыз. Мектептегі жаңалықтарды «Өрендер» радиоклубына жазып жіберетінмін. Сосын Панфилов аудандық «Жаңалық жаршысы» газетіне мақала жаза бастадым. Тұңғыш «Менің замандасым» деген мақалам Қазақ радиосының «Өрендер» радиоклубынан оқылды. Кейін сол мақаламның кеңейтілген нұсқасы «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланды. Ең алғашқы қаламақымды 7-8 сыныптарда оқып жүрген кезде алдым. Мақалаларым радиодан оқылып, газетке шыққаннан кейін кәдімгідей қанат бітіп, құлшына түстім. «Қазақстан пионері» газетіне де мақала жазып тұрдым. 1977 жылы журналистика факультетіне оқуға түсуге талаптанғанда осы мақалаларды шығармашылық байқауға тапсырдым, – дейді Нұржан Жалауқызы. 
Бұл кездері журналистика факультетінің деканы сатирик, профессор Темірбек Қожакеев болды. Кураторлары – ұстаздық жолды жаңа бастаған, бүгінде профессор Намазалы Омашев. Курстастармен алғашқы таныстық Таулы қыратта алма жинау кезінде басталды. Бұрыннан радиодан естіп, газеттен оқып, сырттай бір-бірінің аты-жөніне қанық болған курстастармен аудиторияда жақыннан танысып, дос болды. Олардың бір-бірімен тез тіл табысып, жақын дос болып кетуіне ұстаздары Намазалы ағай үлкен ықпал етті.
– Ауылшаруашылық жұмысына барғанымызда күндіз алма тереміз. Кешке бәріміз жиналғанда Намазалы ағай «Кімнің қандай ойы бар, кімнің қандай арманы бар, кімнің қандай өнері бар?» деп ортақ сұрақ тастап, әрқайсымыздың пікірімізді білетін. Сол пікір алмасу арқылы бір-бірімізбен жақындастыра түсті. Ағайымыз бізге бес жыл бойы куратор болды. Адам болып, маман болып, азамат болып қалыптасуымызда ұстаздарымыздың еңбегі зор. Деканымыз, темірдей тәртіпті ұстанған ұлағатты ұстазымыз Темірбек Қожакеев өте талапшыл болды. Бізді тәртіпке, жауапкершілікке үйретті. «Журналистикаға кіріспе» пәнінен сабақ берген профессор Тауман Амандосов ағайымыздың ақ дидарлы жүзі, сөз сөйлеу мәнері, ішкі мәдениеті, салмақты ойы, пәнге деген құштарлығымызды оятудағы талапшылдығы, кей нәрсені қыз демей, ұл демей, бетке айтып, мамандыққа жайдан-жай емес, шыңдалып келуге деген талабы бізге үлкен әсер етті. Баспа ісі, дизайн, безендіру тақырыбында сабақ берген Әбілфайыз Ыдырысовтың әрбір айтқан сөзі әлі күнге дейін құлағымызда жаңғырады. Жур­налистика факультеті осы саланы үйретіп қана қойған жоқ, сондай-ақ фундаменталдық білім өте жоғары деңгейде берілді. Қазақ тілі мен әдебиеті, шешендік өнер, халық ауыз әдебиеті, шетел әдебиетін терең оқыдық, – дейді Нұржан апай. 
Кішкентайынан алғыр қыз ІІІ курстан бастап лениндік стипендиат атанып, журналистика факультеті комсомол ұйымының жетекшісі болды. Кәсіподақ төрағасының орынбасары болып, сондай-ақ басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қоғамдық жұмыс оның азамат ретінде қалыптасуына, адамдармен тіл табысып, жұмыс істеуіне үлкен септігін тигізді. 
– Біздің факультет мықты шығармашылық орта болды. Ақын Аманхан Әлім, мықты публицист, қазақ журналистикасының көсемсөз шебері Қайнар Олжайлар бізден бірер курс жоғары оқыды. Курстастарым да шетінен сен тұр, мен атайын болды. Шерағаң – Шерхан Мұртаза «қазақ жас жазушыларының ішіндегі классик деп айтуға әбден лайық» деп баға берген Нұрғали Ораздың сыр тұнған әңгімелері бүгінде оқырмандарын баурап алады. Қазіргі таңда оның шығармаларына түрік оқырмандары да қанық. Марқұм Қонысбек Ботпай жазушы әрі баспагер болды. Қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед, тілдің құнарлылығын сақтай отырып аударма ісімен айналысқан, бүгінде осы саланың хас маманы болған Гүлнар Төлегенова, бір өзі бірнеше журнал шығарып, оқу ісі саласында педагогикалық ғылымның дамуына үлесін қосып келе жатқан Гүлжанат Құстанова, мықты ақын, тележурналист Қаршыға Есімсейітова, жиырма жылдай уақыттан бері Қызылорда облыстық «Қазақстан» телерадио корпорациясының филиалын басқарған Жағыпар Қарабала, филология ғылымының кандидаты, ұстаз Айгүл Хасенова, жазушы-журналист Заря Жұманова, «Ана тілі» газетін бірнеше жыл басқарған бас редактор әрі заңгер Самат Ибрагимов және тағы басқа да курстастарымыз біздің мақтанышымыз. 
Студенттік шақтың қимас сағынатын сәттері, әрине, өте көп әрі ұмытылар ма? Мәселен, әлі күнге дейін курстасымыз, танымал журналист Қайролла Амановтың «Тұрақтылық! Сырласқанда ғашықтар жырақ шығып, Ескерсе ғой, шіркін-ай, осы ұғымды, Бір-біріне өлердей ұнап тұрып!», – деген өлең жолдарын әрқайсымыз жатқа айтамыз. Кезінде Қайрекең аудиторияға кіріп келе жатқанда бәріміз дауыстап осы өлең жолдарын оқи жөнелуші едік... Ұйымшылдығымыз да керемет еді. Оның бір көрінісі – университетті бітіргеннен кейін 20 жылдан соңғы кездесуіміз, «Абитуриент – 77. 20 жыл өткен соң» деген естелік-жинақ кітабымыздың жарыққа шығуы. Бұл – еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеткен достарымыздың сағынысып кездесуі қарсаңында жарыққа шыққан кітап. Ұстаздарымызбен бірге журналистика факультетінің аудиториясында өткен жылдар мен бүгінгі күндегі елдегі, ақпараттар айдынындағы жаңалықтарды ортаға салып, пікір алысулары білімнің қара шаңырағы – ұлттық университетіміздің құдіреті десем, артық айтқандық емес. Курстастармен осы күнге дейін хабарласып, хал сұрасып, араласып тұрамыз. Қуанышта да, қиын сәттерде де бір-бірімізді қолдап, бірге жүруге тырысамыз, – дейді Нұржан Жалауқызы. 
Студенттік шақ журналистика факультетінің №5 жатақханасында ұйымдастырылатын жыр кештерінің көрігін қыздыратын ақындарымен де есте қалды. Маңғыстаулық Ғалым Әріп, қызылордалық Бақытжан Абыз, оңтүстіктік Гүлнар Шәмшиева оқыған жырлар жастардың жүрегінде сақтаулы. Бесінші курста журналистика факультетінің жаңа корпусында білім алды. Көпшілік «КазГУград» деп атайтын осынау қалашықта отырғызылған ағаштарда да олардың қолтаңбасы бар. 
Кейіпкеріміз 1980 жылы Мәскеу олимпиадасы болғанда ІІІ курста оқитын. Сол жылы университет бастама көтеріп, Алматыда Кеңестер Одағы ЖОО студенттерінің «Студент көктемі» достық фестивалі бірінші рет өтті. Фестивальде Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдерінің талантты студенттері өнер көрсетті. Ауқымды шара түрлі елден келген студенттердің бір-бірімен етене араласуына мұрындық болды. Сол фестиваль туралы басқа қатысушылармен бірге Қазақ телевизиясының «Құрдастар» деп аталатын бағдарламасына қонақ ретінде қатысып, айтып бергені де күні кеше секілді... 
– Маған ҚазҰУ-дың оқу-әдістемелік бағдарламаларының дамығандығы және заманауи талаптарға сай өзгертіліп студенттерге, түлектерге барынша мүмкіндіктерді ұсынатыны ұнайды. Мәселен, осы университетті бітіре отырып, шетелдік екінші ЖОО-ның дипломын алып шығатынын айтуға болады. Бұл жастардың болашағы үшін таптырмас жаңалық деп білемін. Студенттерге халықаралық деңгейдегі стандарттарды сақтай отырып, тәжірибе алмасу мақсатында әлемдік білім беру тәжірибесін енгізу мақсатында шетелдік ұстаздардың университетке келіп білім беруі, ҚазҰУ ұстаздарының шетелге барып білімдерін шыңдап қайтуы өте жақсы үрдіс деп ойлаймын. Бұл ізденімпаз жастардың білім көкжиегінің кеңеюіне, олардың дүниетанымының ұлғаюына үлкен әсер ететіні сөзсіз, – дейді Нұржан апай.
Бір қызығы, бүгінде есімі елге танымал журналистің еңбек жолы «Qazaq universiteti» газетінде басталған. 
– Университетте оқып жүргенде «Qazaq universiteti» газеті дәл қазіргідей студенттер арасында өте танымал болды. Ол кезде 11 факультет болатын. Әр факультеттегі жаңалықтарды газет арқылы біліп отыратынбыз. Газет тәжірибесіне сүйене отырып журналистика факультетінде радиоторабын ұйымдастырған едік. Жатақханада радиостудия аштық. Университет бітіргеннен кейін еңбек жолымды осы газеттен бастау бұйырды. Газетте 1982 жылдың шілдесінен 1983 жылдың шілдесіне дейін жұмыс істедім. Штат үлкен болған жоқ. Редакторымыз бізден үш курс жоғары оқыған Елгезек Әзбергенов болды. Ел-аға деп құрметтеп атайтын едік. «Qazaq universiteti» газеті университеттің жылнамасы, шежіресі іспетті ғой. Кейбір болған оқиғалар уақыт өте келе ұмытылып кетуі мүмкін, ал газет бетіне шыққан жаңалықтар тайға таңба басқандай тарихта қалады, – дейді Нұржан Жалауқызы. – Өзіміз білім нәрімен сусындаған қара шаңырағымыз – ҚазҰУ жаңалықтарымен, әсіресе ғылыми иннова-
циялық жобалары жайлы хабардар болып жүруге тырысамын. Ауаның ластануына қарсы немесе оnline жиналыстар өткізуге арналған арнайы жобалары өміршең екені сөзсіз. Қазіргі заманның дерті – қант диабетімен күреске бағытталған қанттың табиғи алмастырушысы – стевияны жаппай көбейту биотехнологиясын әзірлеуге арналған ғылыми жобаны біреу білсе, біреу білмес. Қуанатыным, осындай ғылыми жаңалықтармен айналысатын университет студент­терінің қатары жылдан-жылға арта түсуі. Бұл жастардың ізденісінен, ғылымға деген қызығушылығынан десем болады. Қазір мүмкіндік өте көп. Жастар еңбек етуден, ізденуден шаршамау керек. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда идеология, тәрбие саласында жақсы дүниелеріміз болды. Мысалы, ұлтымыздың ұлт болып қалыптасудағы атқарған іс-шаралар, мәдени іс-шаралар, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтін іс-шаралар өте көп болды. Өкінішке қарай, кемшіліктеріміз де жоқ емес. Бірақ соған қарамастан, қазір әділдікті ту етсең, әрдайым дұрыс нәтижеге қол жеткізуге болады. Соңғы жиырма жылда «31 арнаны», «Qazaqstan» ұлттық арнасын, «Алматы» арнасын басқардым. Сол кезде өзің мән бермеген кейбір жайттарға кейін әріптестерің ризашылығын білдіріп жатса, қуанып қаласың. «Алматы» арнасының жүргізушісі, журналист Қайрат Айдаш бірде: «Нұржан апай, сізге 5 минутқа жолығайын деп едім», – деп келіп, бір шоқ гүлі, естелікке қаламсабы бар, «Апай, қаламыңыз мұқалмасын, сізге алғыс айтайын деп едім. Алматыдан Астанаға қызмет ауыстырып жатырмын. Кезінде корпорацияда таңертеңгі бағдарламада жүргенде жаңалықтар бағдарламасына ауыстырып едіңіз, кейін «Алматы» арнасына шақырдыңыз. Мен осы жерде тәжірибе жинап, қалыптастым. Енді «Хабар-24» арнасына ауысып бара жатырмын. Ешқандай таныссыз, қолдау көрсетіп, жолымды ашып бердіңіз», – деп рақметін айтып жатыр. Шәкіртімнің ризашылығы менің көңілімді өсірді. Дәл осындай жүрек толқытарлық алғысқа толы пікірлерді шәкірттерімнен жиі естимін. Бұл мен үшін үлкен абырой, үлкен мақтаныш.
Тәжірибелі маман Нұржан Мұхамеджанованы қазір шеберлік сабақтарын өткізуге, журналистермен, жастармен кездесуге жиі шақырады. Мұндай басқосулардан ешқашан бас тартқан емес. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар беруді үлкен жауапкершілік санайды. Нұржан апайдың ұстанған принципі – өмірде шаршамай, әр нәрседен де позитив іздеу. 

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ