Ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы
Қазақ мемлекеттілігінің іргетасы, тәуелсіз Қазақстанның алтын бесігі – Қазақ хандығы 3,5 ғасырдан аса өмір сүріп, б.з.д. І мыңжылдықтың басынан – б.э. ІІ мыңжылдығының ортасына дейін Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттердің заңды жалғасы, мұрагері, қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті болып саналады. ХV ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде құрылып, көп ұзамай біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым ретінде 260 жылдай, ал бытыраңқылық күйде тағы да 100 жылдан аса өмір сүрген Қазақ хандығының тарихын зерттеп, ортағасырлық деректер негізінде ғылыми сараптама жасап, хандықтың құрылған жылын анықтаған, қазақ хандарының шығу тегі мен тарихтағы рөлін дәйектеп, жаңа көзқарасты қалыптастырған ғалым Берекет Кәрібаевтың ұлттық тарихымызды зерделеуге қосқан үлесі зор.
Бүгінгі таңда жас ғалымдарды тәрбиелеу мен білім беру саласында ұлағатты ұстаз, кәсіби тарихшы, ғалым Берекет Кәрібаевтың орны бөлек. Ғалымның ғылыми мұрасына тоқталмас бұрын, оның кәсіби маман ретінде қалыптасу кезеңдеріне тоқталып өтуді жөн деп таптым. Берекет Бақытжанұлы 1964 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Ақеспе ауылында дүниеге келген. Салт-дәстүрді берік ұстанған, ұлттық мәдениеті өркендеген бұл өңірдегі тәрбиенің арқасында ұлтжандылық пен отансүйгіштік мінез қанына сіңіп, қазақи қарапайым болмыс ғалымның өмірлік жолында көп көмегін тигізді.
Берекет Кәрібаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тамамдап, 1990 жылдан бүгінге дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультеті Қазақстан тарихы (бұрынғы ҚазКСР тарихы) кафедрасында ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып келеді.
Б.Кәрібаев 1996 жылы ҚР ҰҒА академигі Б.Көмековтің ғылыми жетекшілігімен «XV ғ. соңы мен XVI ғ. алғашқы ширегіндегі Қазақ хандығының Мауереннаһр билеушілерімен саяси қарым-қатынастары» атты тақырыпта кандидаттық, 2010 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Қазақ тарихын зерделеу мен зерттеу саласындағы қызметі еленіп, 2012 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланады.
Ғылым жолын педагогикалық қызметпен ұштастыра білген ғалым 38 жыл Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында еңбек етіп, жалпы саны 850-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстар мен оқу, оқу-әдістемелік құралдардың, оның ішінде жеке 20 монографиялық кітаптың, 40-тан аса авторлық ұжыммен жазылған кітаптардың, төрт тарихи анимациялық фильмнің сценарийінің авторы болды. Бұл еңбектерінің ішінде ғылыми жетістіктері үшін Берекет Бақытжанұлы 1995 жылы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған, 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің лауреаты, «2015 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» медалімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2021 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» және осы жылы «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл ғалымның білімінің тереңдігі мен кәсіби шеберлігі, өз қызметіне деген адалдығының айғағы деп білеміз.
Қазақ хандығының құрылу тарихына жаңа көзқарас қалыптастырған ғалымның «Түркістан және Қазақ хандығы», «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Қазақ хандығының күшеюі», «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы)» іргелі зерттеу еңбектері мен көптеген ғылыми мақалаларының маңызы аса зор.
«Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиялық еңбекте ұлттық тұрғыдағы мемлекеттіліктің қалыптасуының саяси-этникалық, рухани-мәдени алғышарттарын дәйектеп, деректер кешенінің негізінде хандықтың құрылу датасы, негізгі кезеңдерін, хандардың шығу тегін, ел тарихындағы рөлін жан-жақты зерттеп көрсеткен. Ортағасырлық араб, парсы, шағатай, армян, орыс, моңғол тілдеріндегі деректермен бірге, әулеттік хұлагулық, делилік, темірлік, бабырлық, аштарханилық, шайбанилық, ауызша деректер мен тарихнамалық еңбектерді талдап, осы кезеңдегі мемлекеттілік, этникалық мәселелерді жүйелі түрде қарастырады. Бұл еңбектің артықшылығы – «қазақ» сөзінің мәні мен мазмұны терең талданып, қазақ хандарының шығу тегі мен жүргізген саясаты туралы маңызды мәліметтер келтірілген. Мемлекеттілігіміздің 550 жылдығына орай жарық көрген бұл кітапты еліміздің әрбір азаматы оқып, өзінің көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап алатыны сөзсіз.
Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандары туралы зерттеулер (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы)» атты монографиялық еңбегі Қазақ мемлекеттілігінің іргетасы қаланған кезеңнің күрделі мәселелерін зерделеуге арналады. Зерттеудің маңыздылығы Қазақ хандығының құрылғаннан бастап, біртұтас тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүру үшін қызмет еткен билеушілердің ел тарихында атқарған рөлі тарихи деректер мен жаңа зерттеулердегі көзқарастарды талдау негізінде жан-жақты қарастырылады.
ХV-ХVІІІ ғғ. біртұтас Қазақ хандығының құрылған, күшейген, әлсіреген және қайта көтерілген, текетірес кезеңдерінде хандықтың тізгінін қолында ұстаған билеушілердің дарындылығы, саяси көрегендігі, мәмілегерлігі мен ақылдылығы мемлекеттіліктің дамуына күшті ықпал ететіні белгілі. Автор бұл еңбекте Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, уақытша әлсіреу кезеңіндегі бес ханды, Хақназар, Тәуекел, Есім, Тұрсын, Жәңгір, Тәуке хандардың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы орнын ғылыми тұрғыда анықтап берді. Кітапта Қазақ хандығының көрші жатқан Орыс мемлекеті, Сібір хандығы, Ноғай ордасы, Моғолстан, Жоңғар және Мауереннаһрдағы Темір, Шайбани, Аштархани әулеті билеген мемлекеттер арасындағы саяси қарым-қатынастардың дамуында осы билеушілердің жүргізген саясатының күшті және әлсіз тұстары көрсетіліп, тарихымыздың беймәлім, көп зерттелмеген кейбір мәселелердің басын ашып, оқырмандарға тарихи фактілерді меңгеріп, түсінуі үшін нақты және жеңіл жазылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Берекет Бақытжанұлының 60 жасқа толуына орай, «ХIII-ХVIII ғасырлардағы Отан тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Берекет Кәрібаев 2016 жылдан бері Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін кәсіби ұйымдастырушылықпен атқарып келеді. Кафедраның білікті ұстаздары университеттегі барлық факультеттер мен мамандықтарға сабақ беріп, бәсекеге қабілетті білімді жастарды тәрбиелеп, олардың алға қарай ұмтылуына, ғылым мен білімге бейім болуына қосқан үлесі зор. Ұлағатты ұстаз, ғалым, шебер ұйымдастырушы ретінде Берекет Бақытжанұлы Қазақстан тарихының дамуына өлшеусіз үлес қосып, жастарды тәрбиелеу мен оқытуда жоғары деңгейдегі кәсіпқойлығын мойындатқан тұлға.
Нәзия ТАСИЛОВА,
Қазақстан тарихы
кафедрасының
қауымдастырылған
профессоры, т.ғ.к.