ЖАСАМПАЗДЫҚ НӘРІ

1 ақпан, 2024

Ержан Жатқанбаев – биыл құрылғанына 90 жыл болған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өсіп-өркендеуіне, Қазақстан­ның жоғары білімі мен ғылымының дамуына ерен еңбек сіңірген көрнекті қайраткер. Ол – Қазақстан жоғары мектебінің іргелі ойлау, ірі ізденіс, ерен ерік-жігер, ересен еңбек үлгісін көрсеткен, білім мен ғылымның қайнап қорытылып, бір бүтін асыл қазынаға айналу сапасын ұдайы жақсарту үдерісінің қуат көзіне айналған тұрлаулы тұлға.

Ержан Байғожаұлы 1944 жы­лы Алматы облысы Тал­ғар ау­данында таулы-бақ­шалы Бес­қайнар ауылында дү­ниеге кел­ді. Көзін ашқанда көр­гені Тә­ңір­таудың таңға­жа­йып тама­ша ажары, аршалары мен шыр­шалары болды. Тәңір­тау­дың аршалары мен шырш­а­лары туралы Бесқайнар ауы­лының ескі көз қариялары айта­тын аңыз бар. Аңыз бойын­ша, қарлығаш мәңгілік жастық суын тауып, оның бір ұрттамын ұрттап алып, адамдарға қарай ұшып келе жатады. Қарлығаш аузындағы бір ұрттам мәңгілік жастық суын адамдарға сеуіп, оларға мәңгілік жастық өмір бермек болыпты. Мұны білген сона қарлығаштың аузындағы мәңгілік жастық суын өзі ішкісі келеді. Сона осы оймен қарлы­ғаш­тың жолын тосып, алдынан шығып, оны шағып алады. Со­на шағып алғанда, қарлы­ғаш­тың жаны ауырып, «Аһ!» деп қалыпты. Сонда қарлы­ғаш­тың аузындағы мәңгілік жастық суы Тәңіртаудың шыршалары мен аршаларының үстіне төгіліпті. Мәңгілік жас­тық суының жа­сам­паздық нә­рін Тәңір­тау­дың шыршалары мен аршалары сақтап қалыпты. Шырша­лар­дың үнемі көкжасыл болып тұ­ратыны, арша ағашы­ның жемісі шипалы болатыны осы себепті екен.

Аңызды ауыл адамдары шын ықыласымен айтады. Ер­жан Байғожаұлы да ауыл­дас­тарын қостайды. Аңыздың шы­ғу төркінін іздеп жүріп, оның іл­гері замандарда жа­рық көр­ген бірнеше нұсқасын таптым. Бір нұсқасы граф А.П.Бен­нигсен жинап, құрас­ты­рып, 1912 жылы Санкт-Пе­тер­борда шығарған «Орталық Азия аңыздары» жинағында жа­рияланыпты. Содан бері Ер­жан Байғожаұлының ауылдас­та­ры айтатын аңыз желісін мен де шын ықыласпен еске алатын болдым. Тәңіртауға, оның қар­лы­ғашына, шыршалары мен аршаларына деген ықыласым да арта түскенін сезінем. Ер­жан Байғожаұлының Тәңір­тау­ға, оның шыршалары мен ар­ша­ларына деген ерекше ықы­ласын аңғарғанда, өзім де іш­тей толқып қалғандай бо­ламын...

Ержан Байғожаұлының аза­мат, ғалым, ұстаз ретінде қ­а­лып­тасуында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, білім алған жылдардың (1962-1968) орны маңызды. Мәскеу мем­ле­кеттік университеті ол кезде әлемдегі ең алдыңғы қатар­да­ғы университеттердің бірі еді. Ол тұста Кеңестер Одағында одан асқан алып университет болған жоқ. Осындай жоғары оқу орнында бес жыл оқып, ойы мен бойына сіңірген білім нәрі, оқу нәтижесінде алған «Экономист. Экономикалық тео­­рия оқытушысы» деген бі­лік­тілік, білімі мен біліктілігін осы университеттің аспиран­ту­расында тереңдетіп, ғы­лы­ми-зерттеу негіздерін меңгеру Ержан Байғожаұлының ғылы­ми-педагогикалық қызметінің қандай кезеңдерінде де мыз­ғы­мас берік негіз, өзінің де, өзгелердің де көңіл көзін аш­қандай шырақ іспетті болды. Экономика ғылымдары бойын­ша 1979 жылы кандидаттық, 1995 жылы докторлық диссер­та­цияларын қорғады. Жоғары білім саласында ғылыми-педа­го­гикалық қызметтер атқара жүріп, доцент, профессор ғы­лыми атақтарын алды, ұлттық және халықаралық ғылым ака­демияларына мүше болып сай­ланды.

Ержан Байғожаұлы Мәскеу мем­лекеттік университетінің ас­пирантурасын бітірген соң, еңбек жолын жоғары мектеп жүйесінде ассистент болып бастайды. 1979-84 жылдары ҚР Жоғары білім минис­тр­лі­гінде инспектор болды. 1984 жылдан бері қарай Қазақ ұлт­тық университетінде аға оқы­ту­шы, доцент, кафедра меңге­рушісі, факультет деканы, инс­ти­тут директоры, про­рек­тор қызметтерін абыроймен атқарды. Қазіргі шақта уни­вер­ситеттің Экономика және биз­нес жоғары мектебі құра­мын­дағы Менеджмент және мар­кетинг кафедрасының про­фес­соры.

Профессор Е.Жатқанбаев Қа­зақстанның аса мәртебелі ұлттық университетінде ұстаз­дық ете жүріп, жоғары мектеп ғылымының дамуына зор үлес қосты. Ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижелері бо­йын­ша 300-ге жуық іргелі ғы­лыми еңбектері жарық көрді, таңдамалы еңбектері Ресей, Үндістан, Словакия, Польша, Түркия, Австралия және басқа елдердің ғылыми басы­лым­дарында жарияланды. Кейінгі бес жыл көлемінде төрт оқу құралы, екі оқулық, бір моно­гра­фиясы жарық көрді. Зерт­теу­лерінің басты нәтижелері өндіріске енгізілді, оқулықтар мен оқу құралдары, лекциялық курстар түрінде оқу процесінде қолданылуда, моногра­фия­лары жоғары білікті ғылыми-пе­дагогикалық мамандарды даяр­лау ісінде пайдаланылуда. Ғалымның іргелі еңбектерінің қатарында «Орысша-ағыл­шын­ша-қазақша қаржы-банк сөз­дігі» (Алматы, 2006), «Эко­но­мика бойынша Нобель сый­лығының лауреаттары» (Ал­маты, 2008) сияқты қол­дан­балы сипаттағы еңбек­те­рінің маңызы мен мәні де жар­қырап көрінеді.

Автордың мемлекеттік және нарықтық басқару, экономика теориясының негіздері, аралас экономика негіздері, эконо­ми­калық ілімдер тарихы мен тео­риясы, Қазақстанның ұлттық мүд­делері және жаһандану, экономиканы мемлекеттік рет­теу, экономикадағы ғылыми зерт­теу әдістері және басқа өзекті ғылыми мәселелер ба­ғы­тындағы еңбектері методо­ло­гиялық негізінің беріктігімен, ғылыми-теориялық мәнінің те­рең­дігімен, әлеуметтік маңы­зы­ның жоғарылығымен және тиім­ділігімен бағалы. Осы рет­те ұстаздың «Экономиканы мем­лекеттік реттеу» (Алматы: Эко­номика, 2014) оқулығын ерек­ше атап өту парыз. Оқу­лық­та экономиканы мемле­кет­тік реттеудің тетіктері, меха­низм­дері, әдістері мен амал­дары, құралдары, олар­дың қызмет ету заңдылықтары мен басқа маңызды теориялық және практикалық мәселелері қарастырылған. Жаһандану жағ­дайында экономиканы на­рық­тың өзі реттейді деген таяз түсінік туып, ол мамандардың бір­қатарында өзгермеген қал­пын­да қалып келді. Мем­ле­кеттік органдар экономикалық үдерістерді қалай және қандай дәрежеде реттейтіні, бұл орай­да қандай тәсілдер мен құ­рал­дарды қалай пайдалана ала­тыны жете айқындалмаған кез­де, экономиканы мемле­кет­тік реттеудің мәнді си­пат­тамалары толық негізделмеген жағ­дайда ел экономикасын мемлекеттік реттеу бағытында іргелі ғылыми зерттеу жүргізу, зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдануға дайындау, жоғары оқу орындарының білім алу­шы­ларына арналған «Эко­но­ми­каны мемлекеттік реттеу» оқулығын жазу аса ірі әрі өзекті әлеуметтік мәселенің шешімі еді. Е.Жатқанбаевтың оқулығы ел экономикасын мемлекеттік басқару мен реттеудің көкей­кес­ті мәселелері бойынша ғы­лыми және практикалық ма­ңызы зор ғылыми жетістіктерге негіз­делген жаңа ғылым пәні, жаңа оқу пәні болды. Ержан Байғожаұлының еңбегі қазақ ғылымы мен білімінің, Қазақ­стан жоғары мектебінің зият­кер­лік құндылығына айналды.

Ержан Байғожаұлы тәуелсіз Қазақстанның жоғары мек­те­бінің көшбасшысы – ҚазҰУ зерттеу университетінде эко­но­мика ғылымы мен эконо­ми­калық білімнің жаңаруы мен жаңғыруының барлық ке­зе­ңін­де байыпты бастаушы, ұлағат­ты ұйымдастырушы, білікті бас­­қарушы бола білді. Уни­вер­си­теттің философия-эко­но­мика факультеті 1991 жылы екі фа­культет болып қайта құ­рылды: экономика және социо­ло­гия факультеті; философия және cаясаттану факультеті. Экономика және социология факультетінің декандығына Ержан Байғожаұлы тағайын­дал­ды. Ержан Байғожаұлы фа­культет мамандықтары бо­йын­ша, ол мамандықтардың әр оқу пәні бойынша жаңа білім маз­мұ­нын анықтау, білім беру ісі­нің жаңа нормативтік-құ­қық­тық негіздерін жасау, оқу үдерісін жаңа оқу-әдістемелік құрал­дар­мен қамтамасыз ету, білім бе­рудің жаңа жүйесіне көшуді то­лық іске асыру істерін ұйым­дас­тыру, басқару, атқару дең­гей­лері бойынша ерен еңбек етті. 1997 жылы универ­си­теттің екі факультетінің негізінде Эко­но­мика және құ­қық институты құрылды. Инс­ти­тут дирек­то­ры болып уни­вер­ситеттің халық­ара­лық қа­тынастар және оқу-әдіс­те­мелік жұмыс­тар про­рек­то­ры Ержан Байғожаұлы та­ғайын­далып, проректор-ди­рек­тор бо­лып екі қызметті қоса ат­қарды. 2005 жылы институт эко­номика және бизнес фа­куль­теті болып қайта құ­рылды. Қайта құрылған фа­куль­тетті басқару Ержан Бай­ғо­жаұлына тапсырылды. Осы аталған өз­геріс­тер, қайта құ­рулар не­гізінде қыруар жұ­мыстар, қиын­дықтар тұрды. Олар бел­гілі бір саланы немесе белгілі бір құрылымдық бірлікті басқа­ру­дағы қиындықтар емес, күр­делі жүйені басқа­ру­дағы қиын­дықтар еді. Бұл қиын­дықтардың салмағы да Ержан Байғо­жа­ұлына түсті. Өзі­не сеніп тап­сы­рыл­ған істің ауыр­лығынан да, қиын­дығынан да қайтқан жоқ, аян­бай еңбек етті, бас­қа­ру мә­дениетінің жо­ға­ры­лығы, бас­қа­рудың тео­рия­сы мен прак­ти­касы, техно­ло­гия­сы саласындағы біліктілігі мен құзыреттілігі әр істе игі­лік­ті нәтижелерге жеткізді.

Ержан Байғожаұлы ғылыми-пе­дагогикалық қызметінде жо­ғары білікті мамандарды даяр­лау ісіне ерекше мән береді. Фи­лософия докторларын (PhD) даярлау оңай емес. Оның бірнеше себептері бар. Бірін­шіден, философия докторы болатын жас оқуға ғылыми кеңесші-жетекшінің таңдауы бойынша емес, министрлік бекіткен талаптарға сай жалпы конкурс негізінде қабыл­да­на­ды. Екіншіден, тиісті талап­тар­ға сай конкурс негізінде қа­был­данған докторанттардың ішін­де ғылыми-кеңесші тала­бы­на сай келетін бір талапкер табылса, онда ол – ғылымның жетістігі. Білім беру, оқыту ісі – ерекше жасампаздық іс. Ұс­таз­дың беретін білімі, қар­лығаштың аузындағы бір ұрт­там мәңгілік жастық суы се­кіл­ді, түскен жеріне жа­сам­паздық қасиет береді. Ұстаз­дың ұсынған білімін шәкірт бар ықыласымен қабылдап, көңі­ліне тоқып, ұдайы ізденіп, та­лап­танып отырса, үнемі талап­та­нумен қатар, толассыз ең­бектенетін болса, талабы мен еңбегі әрдайым терең ой­лаумен ұштасатын болса, онда ұстаз еңбегімен келген білімнің жасампаздық қасиеті ашыла­ды. Ұстаздың еңбегінің өнуі де­геніміз – ұстаз берген білім­нің шәкірттің ақыл-ой кеңіс­ті­гінде жасампаздық қасиет нәрі­мен өмір бойы тау шыр­ша­сындай көкжасыл болып жай­қалып тұруы.

Білім туралы, ұстаз бен шә­кірт туралы қанатты сөздер де, сәулетті ойлар да аз емес. Ұстаз өзі сарылып іздеген білімінің жақұттай жарқ еткен бір түйірін тапса, шын жүректен қуанады. Осындай табысқа ұстаздың шәкірті жетер болса, оған ұстаз шәкіртінен артық шаттанады. Мұндай шынайы шаттық гүлі ұстаздың өмірінде де, шәкірттің өмірінде де сирек кездеседі, сирек те болса, оның өмірлік мәні үлкен.

Ержан Байғожаұлы мәпелеп өсірген 40-тан астам ғылым док­торы мен канди­дат­та­рының, философия доктор­ла­рының (PhD) ішінде талабымен, талант-қабілетімен, еселі ең­бегімен, терең ойымен сүйсін­дір­гендері де, қуантқандары да болды. Олардың ішінде ғы­лым мен білімді ұштастырып, өзі сияқты ұстаздық жолды таңдағандары да бар.

Өмірде өшпейтін, көшпейтін білімді ұлағатты ұстаз береді. Ұлағатты ұстаздан алған өш­пейтін, көшпейтін білімде мәң­гілік қасиеттің нәрі болады. Ержан Байғожаұлының шәкірт­те­ріне берген білімі мен ілімі­нен шырша мен аршаға қонған жасампаздық қасиеттің лебі еседі.

Ержан Байғожаұлы Жатқан­баев – Қазақ ұлттық универ­си­тетінің, Қазақстан жоғары мек­тебінің ғұлама-ұстазы.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,

филология ғылымының докторы, профессор