Ғылым қорының басшысы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты

2 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Камиль Ақатов арнайы келді.

Құрметті қонақты Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жамила Айтжанова қарсы алып, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.

Камиль Ақатов ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында ашылған химиялық гальваникалық қаптамалар шығаратын «Chemical Coating innovations» ғылыми-өндірістік орталығына барды.

Жоба ҚР ҒЖБМ Ғылым қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асып отыр. Орталық ғалымдары машина жасау және техникалық құрал жасау қажеттіліктері үшін, сондай-ақ кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдарын өңдеп, арнайы гальваникалық қаптамалар шығарумен айналысады.

Жоба жетекшісі, химия және химиялық технологиялар факультетінің деканы Алина Галеева Ғылым қорының басшысына орталықтың негізгі мақсаты туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Кейін Камиль Ерғалиұлы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жобалары қойылған көрмені тамашалады. Коммерциализация кеңсесінің басшысы Алмас Гаухар Камиль Ақатовқа университет базасында оқу орны ғалымдары әзірлеген 400 ғылыми жоба бар екенін жеткізді.

Көрмеде құрметті қонаққа наноматериалдар негізіндегі датчиктер, дәрілік өсімдіктер жасалған биологиялық белсенді қоспалар мен фитошайлар, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу, туристік цифрлық контентті жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар, наноматериалдар негізіндегі суперконденсаторлар, депрессияның психофизиологиялық маркерлері және т.б. инновациялық жобалар таныстырылды.

Университетке жұмыс сапары барысында Камиль Ақатов Процестік инновациялар орталығының жұмысымен танысты. Орталық директоры Әмірхан Темірбаев инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметі туралы баяндап, инновациялық жобаларға тоқталды.

Камиль  Ерғалиұлына университет қабырғасында дайындалған «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутниктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде ғарыштық робототехника мен STEM білім беру жүйесін дамытуға арналған «ALFASAT» инновациялық конструкторы көрсетілді.

Оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысып болғаннан кейін  тараптар ғылым мен бизнесті біріктіретін диалог алаңы болған «Технологияларды коммерцияландыру реакторын» ҚазҰУ-да өткізу мәселесін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі