11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні құтты болсын!

11 ақпан, 2024

Бүгін бүкіл әлемде ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық мерекесі ресми түрде атап өтілуде.

2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен бұл атаулы күн әйелдер мен қыздардың ғылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз етіп,  оларды ғылыми жетістіктерге ынталандыруға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық мемлекеттің бір маңыз­ды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі. Мемлекеттің жүйелі қолдау көрсетуінің арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, білім, ғылым, мәдениет, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын арта түсуде», ­­– деп атап өткен болатын. 

Соңғы жылдары әйелдер қауымы ғылым мен техника саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға белсене қатысып, нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Ғылымда да, экономиканың басқа салаларында да әйел ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Бүгінде Қазақстанда 10 мыңнан астам әйел зерттеушілер ғылымның дамуына елеулі еңбек сіңіруде.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлық құрамының 65 пайызы – әйелдер қауымы.

Оның ішінде 347 ғылым докторы, 572 кандидат, 1 ҚР ҰҒА академигі бар.

Жаңа, әділетті қоғам қалыптастыруда отбасы құндылықтарын арттырумен қатар, білімді ұрпақ тәрбиелеп, ғылымды дамытуда әйелдердің рөлі ерекше.

Филология ғылымының докторы, профессор, Жоғары білім ғылым академиясының академигі Элеонора Сүлейменова, филология ғылымының кандидаты, профессор Роза Қайырбаева, биология ғылымының докторы Тамара Шалахметова, физика-математика ғылымдарының докторы Гүлнар Балақаева, Түркітану және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова сынды білікті ғалымдарымыз ізбасар шәкірттер тәрбиелеп келеді.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшелері – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева, ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжановалар университеттік ғылымды ұйымдастыруда жауапты қызметтер атқаруда. Филология факультетін Баян Жолдасбекова, физика-техникалық факультетін Нұрзада Бейсен, география және табиғатты пайдалану факультетін Әлия Ақтымбаева, химия және химиялық технология факультетін Алина Галиева, шығыстану факультетін Наталья Ем, Экономика және бизнес жоғары мектебін Ләйла Бимендиева, халықаралық қатынастар факультетін Лейла Деловарова, медицина және денсаулық сақтау факультетін Раушан Исаева, биология және биотехнология факультетін Меруерт Құрманбаева сынды ғалымдар басқарады.

Университетте әйел ғалымдардың ғылыммен айналысып, халықаралық жобаларға қатысуына, іргелі зерттеулер жүргізіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне қажетті жағдай жасалған.

Мәселен, қазіргі сәтте ҚазҰУ-да жүзеге асып жатқан 3,8 млрд теңгенің мегагрантын география және табиғатты пайдалану факультетінің профессоры, география ғылымының докторы Мәулкен Асқарова жеңіп алды.

Химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галиева гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығын іске қосты. Ал қауымдастырылған профессор, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева бастаған бір топ ғалым елімізде тұңғыш рет көпжылдық бидайды шығару әдісін ойлап тапты.

Университетте жаңадан құрылған Ми институтына Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі, профессор Әлмира Құстыбаева, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына профессор Жанар Жеңіс жетекшілік жасайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әйел ғалымдарды қолдап, ынталандыру ісін әрдайым жүйелі жалғастыра береді.

Көшбасшы университетіміздің ғылым жолындағы әйелдер қауымына  мықты денсаулық, отбасыларына құт-береке, еңбектеріне табыс тілеймін!

Құрметпен

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ