Балама қуат көздерін табудағы ізденіс
Бүгінде дәстүрлі энергетикалық қуат көздеріне тиімді балама табу мәселесі күллі әлем жұртшылығын толғандырып отырғаны белгілі. Соның ішінде елімізді бағыт-бағдары белгіленген, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи байлыққа бай дамушы мемлекет ретінде атап өтуге болады. Жеріміздің асты-үстіндегі шикізатты өндіріп, оны экспортқа шығару қазіргі таңда экономикалық жағынан тиімді болғанымен, болашақ үшін бұл ресурстарды да үнемдеуге тура етеді. Осы орайда, жалпы энергетиканың негізгі тармағы – электр энергиясын өндіруді дамыту, экономиканың драйвері, әртараптандырудың, жаңа технологиялық дамудың баламасыз бағыты.
Қазіргі таңда әр мемлекеттің балама қуат көздерін табу жолында өздерінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы орайда, физика-техникалық факультеті Плазма физикасы нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының профессоры А.Жүкешовтің «жасыл энергия» концепциясы негізінде баламалы энергетиканы дамыту бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының аясында «Қазақстандағы баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері» тақырыбында «Электр энергетикасы» мамандығының студенттеріне арналған сабақтан тыс дәрісі өтті. Іс-шара барысында жақын онжылдықта жалпыәлемдік және Қазақстандағы электр энергетикасының құрылымын өзгертуге қабілетті жаңартылатын энергия көздерінің даму әлеуеті туралы ғылыми жұмыстарға талдау жасалып, студенттермен ой бөлісті. Дәріс барысында Қазақстанда 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы» заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңнамалық актi қабылданғанын және бұл акт бойынша жаңартылған энергия көзін дамыту, мақсатты индикаторы болып табылатынын алға тартты. Жаңартылған энергия көзінің жалпы электр энергиясындағы үлесін 2030 жылға қарай 10 пайызға, ал 2050 жылы 50 пайызға жеткізу туралы ҚазҰУ ғалымдарының да алға қойған міндеттерінің бірі екенін дәріс барысында айтып өтті. Қазiргi уақытта бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша 2,3 пайызды ғана құрайды.
Сонымен қатар дәріс барысында Плазма физикасы нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасында жаңартылған энергия көздерінің бірі болып саналатын күн энергетикасы мен термоядролық реакторларды дамыту бойынша зерттеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтып өтті. Болашақ энергетиктерді осы саланы дамытуға қажетті ғылыми жобаларда бірге жұмыс істеуге шақырды.
Жанғали МОЛДАБЕКОВ,
Плазма физикасы нанотехнология және
компьютерлік физика кафедрасының оқытушысы