ҚазҰУ Data+ компаниясымен меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанда геоақпараттық технологиялар саласында кешенді қызметтер көрсететін ESRI сауда маркасының ресми дистрибьюторы Data+ International LLC компаниясымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Келісімге қол қою рәсімі ҚазҰУ басшылығы мен Data+ International LLC компаниясы өкілдерінің кездесуі аясында өтті.
Кездесуде ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова инженерлік және ғылымды қажет ететін технологиялар кластерінің жұмысына, оның ішінде конструкторлық бюро, Жерді зондтау орталығы және шағын ғарыш аппараттарын дамыту зертханасының қызметіне тоқталды.
Жерді зондтау орталығы негізінде жердің деградациясы мен шөлейттенуіне байланысты бірнеше жоба жүзеге асырылады, оған ЖОО оқытушылары мен студенттер қатысуда. Өткен жылы Жерді зондтау орталығы арқылы Data+ International LLC география факультетіне үш жылға арналған геоақпараттық жүйелердің академиялық лицензиялық бағдарламаларын берді. Өткен жылдың қараша және желтоқсан айларында орталық қызметкерлері мен зерттеу тобының мүшелері компанияның сертификатталған орталықтарында білім алды. Data+ мамандары бүгінде жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін геоақпараттық технологиялар саласында тегін оқыту курстарын жүргізіп келеді.
Data+ International LLC компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Валерий Фомин компания қызметіне қызығушылық танытқаны үшін университет басшылығына алғысын білдірді. Өз сөзінде ол бүгінде дәстүрлі шеңберден шығып, экология, суды есепке алу, табиғи ресурстарды қорғау және оқыту саласында ГӨЖ-дің кең ауқымда өсіп келе жатқан рөлін атап өтті. «Уақыт өте келе, ГӨЖ оқытудың ажырамас бөлігі болуы тиіс, өйткені университет сияқты барлық аумақ географиямен тікелей байланысты. Біз ақпаратты зерттеуге және талдауға көмектесетін құралдарды ұсынамыз», – деп атап өтті.
«ҚазҰУ – Esri ресми дистрибьюторы Data+ компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан алғашқы жоғары оқу орны. Бұл біздің университет үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Инженерлік және ғылымды қажет ететін технологиялар кластерінің директоры Әмірхан Темірбаев.
Жүздесу аясында тараптар идеялар, ақпарат және технологиялармен алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасауға, келісілген басым бағыттар мен бағдарламалар шеңберінде бірлескен зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыруға бағытталған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесу соңында білім беру, ғылыми-зерттеу қызметі және біліктілікті арттыру саласындағы компаниялар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық шарттары айқындалған меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі