Климаттың өзгеруі барлық салаға әсер етеді
Климаттың өзгеруі соңғы онжылдықтағы өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. БҰҰ ұсынған тұрақты даму мақсаттарының бірі климаттың өзгеруімен күрес болуы да бекер емес.
Жалпы, климат дегеніміз – белгілі бір жердегі ауа райының көпжылдық режимі. Ал жаһандық климат – ұзақ уақыт бойы өтетін атмосфера-мұхит-құрлық-криосфера метеорологиялық жүйесін құрайтын режимнің ансамблі. Яғни жаһандық климатты қарастырғанда тек климатология, метеорология тұрғысынан ғана емес, океанология, гляциология, геохимия, география, геофизика, геология ғылымдарымен де тығыз байланысты екенін ескеру керек. Сондықтан климаттың жаһандық өзгеруі қоғамдағы барлық салалардың дамуына өз әсерін тигізетінін атап өткен жөн.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ, Женева) мәлімдемесіне сәйкес, 2015-2023 жылдар аралығы бақылау кезеңдерінің ішіндегі ең жылы жыл болды. Ал өткен жылдың жаһандық ауа температурасы мәні (қазан айында) 1850-1900 жылдардағы орташа мәнінен 1,40 °C (±0,12) жоғары болған. Қазан айына дейінгі бақылау мәліметтеріне сәйкес, 2023 жыл 174 жылдық бақылау кезеңіндегі ең жылы жыл болды. Бұған дейінгі ең жылы жылдар: 2016 ж. – 1850-1900 жылдардағы орташа мәнінен 1,29 (±0,12) °C жоғары, 2020 ж. – 1,27 (±0,13) °C жоғары болған. Климатолог ғалымдардың пікірінше, жылынудың себебі – Эль-Ниньо құбылысы, яғни Тынық мұхитындағы оңтүстік тербелістері болып отыр. Эль-Ниньо құбылысы 2023 жылдың көктемінде пайда болып, жаз мезгілінде қарқынды дамыған, сонымен қатар 2024 жылдың жаһандық температурасының жоғары болуына алып келуі де мүмкін.
Жаһандық климаттың өзгеруі шеңберінде Қазақстан климатының да өзгерулері орын алуда. Еліміздің барлық облыстарының аумағында орташа жылдық ауа температурасының тұрақты жоғарылауы байқалады. «Қазгидромет» мамандарының хабарлауынша, ел аумағы бойынша ауаның орташа жылдық температурасының жоғарылауы әр 10 жыл сайын 0,32 ºС құрайды.
Жоғарыдағы мәліметтер солтүстік жарты шарда орналасқан шамамен 8500 метеорологиялық станцияның бақылау мәліметтері бойынша нақты есептелген метеорологиялық шамалардың өзгеру мәндері болып табылады. Ал жаһандық климаттың өзгеруін болжау қалай жүзеге асады? Әлемдік ғылымның заманауи деңгейі жүз жылдың ішіндегі болашақ климаттың өзгеруін болжай алмайды, оның өзгеруін бағалау үшін климаттық сценарийлер қолданылады.
Климаттың өзгеруі бойынша халықаралық эксперттер тобы адамзат дамуының 40 сценарийін ұсынды. Бұл сценарийлерге сәйкес, 2081-2100 жылдарға қарай жер бетіндегі ауа температурасының көтерілуі: төрт сценарийдің үшеуі бойынша 1,5 °С артады, екі сценарий бойынша 2°С жоғары; бір сценарий бойынша 1750 жылға қарағанда 4 °С-қа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар парниктік газдардың әсерін ескергендегі климаттық сценарийлер бойынша болашақ климаттың өзгеруін бағалайды. Қазақстан территориясы үшін GRADS кешені көмегімен IS92a сценарийі бойынша жасалған климаттық сценарийлер бірінші ретті 5 модель бойынша құрылды, олардың сезімталдығы жоғары болғандықтан, орташа температураның жоғары мәнін көрсетті.
Барлық сценарийлер бойынша ХХІ ғасырдың соңында ауа температурасының артуы күтілуде. «Максималды жылыну» сценарийлері бойынша (UK89 және СССМ) жылыну 6,9 °С құрайды, ал жауын-шашын 12% төмендейді немесе мүлде өзгермейді. Температураның максималды өсуі мен жауын-шашынның азаюы көктемгі кезеңге болжанып отыр. «Минималды жылыну» сценарийі бойынша (GISS) температураның көтерілуі 4,5 °С және жауын-шашын мөлшері 28% артады. Қалған екі сценарий бойынша температура 4,9 °С-қа көтеріліп, жауын-шашын 7 және 24%-ға артады. Осылайша GISS сценарийі жауын-шашынның 28% артуы нәтижесінде «жұмсақ», ал UK89 сценарийі ең жоғары жылыну мен жауын-шашынның төмендеуі нәтижесінде «құрғақ» болып табылады. Дегенмен бұл көрсеткіштер «жоғары» болып саналады.
Жоғарыдағы климаттық сценарийлер бойынша ауа температурасының жоғарылап, жауын-шашынның төмендеуі күтілетіні бағалануда, дегенмен бірқатар ғалымдардың пікірінше, бұл жылыну тек антропогендік үлес емес, табиғи өзгерістер де болуы мүмкін деген көзқарас білдірді.
Климаттың өзгеруі әлемдік қоғамдастық деңгейінде талқылануда. Былтыр желтоқсан айында Дубайда климат жөніндегі дүниежүзілік саммит өтті, бұл саммиттің әлемдік деңгейде өтуінің өзі де климат өзгеруі мәселесінің маңызды екенін дәлелдегендей. Бұл саммитте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздегі климатқа қатысты мәселелерді қозғады. Қазақстан Париж келісімін ратификациялағанын, парниктік газдардың бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын, әлемдік деңгейдегі «жасыл дамуға» қатысты бастамаларды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің басшысы Арал теңізі мәселесін де көтеріп, оны құтқару бойынша іс-шараларға қажетті қаржыландыруды да басшылыққа алды. Климаттың 1,5 0С-қа дейінгі жаһандық жылынуын атап өтіп, тұрақты даму мақсаттарына сай, климаттың өзгеруімен күрес және оның өзгеруіне бейімделу шараларын да қамтыды. Еліміз қорға төрағалық етіп, 2024 жылы «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит, 2026 жылы өңірлік климаттық саммит ұйымдастырылатынын да атап өтіп, әлемдік қоғамдастықты халықаралық форумдарға шақырды.
Климаттың өзгеруі – бұл тек мемлекеттік деңгейде ғана қарастырылатын мәселе емес, жеке тұлға ретінде әрбір адамның жауапкершілігіндегі іс. Климаттың өзгеруімен күресу, суды ысырапсыз пайдалану, экожүйені сақтау сияқты мәселелерде әрбір адам әрекет етіп, үлес қоса алады.
Аида МҰҢАЙТПАСОВА,
Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, г.ғ.к.