Дипломатия мектебінің ғылыми негізін қалады
Тәуелсіз Қазақ елінде халықаралық қатынастар мамандығының негізін қалаған асқар тұлға, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз – Жарас Ибрашев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 65 жылдан астам уақыт қызмет етіп, бүкіл ғұмырын ғибратты істерге арнап өтті.
Профессор Жарас Омарұлы өресі биік, танымы терең, санасы сергек, қай нәрсені де парасатпен пайымдап, сабырмен саралай білген қазақтың біртуар азаматтарының бірі еді.
Ж.Ибрашев 1950 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтаған соң, оқу ордасының Жалпы тарих кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы қызметтерін атқара жүріп, арасында Алматы қалалық комсомол ұйымының екінші хатшысы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тіпті қалалық кеңестің депутаты болып та қызмет атқарады. Қай салада қызмет істесе де, өзінің алғырлығымен, адалдығымен ерекшеленді. Тіпті 1968 жылғы Чехословакиядағы саяси дүрбелең кезіндегі Кеңестер Одағының Прага қаласына әскер кіргізуіне байланысты телеарнадағы шынайы сараптамасы кеңестік биліктің ұстанған жымысқы саясатына қайшы келіп, саяси шолушы ретіндегі қызметі күрт тоқтатылып, біраз қиыншылықтарға да тап болған.
Ғылыми салада Франция мемлекетінің саясатына қызығушылық танытып, осы бағытта 1970 жылы кандидаттық, 1986 жылы докторлық диссертациясын қорғайды. Түп-деректермен танысу мақсатында Жарас Омарұлы француз тілін де жақсы меңгеріп алған еді. Францияның Ренн-1 университетінде француз тілінде дәріс те оқыған болатын. Ал 1987 жылы университетіміздің Жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1988 жылдың 15 қаңтарында жалпы ғылыми-ұстаздық еңбегі ескеріліп, КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығына сәйкес, Ж.Ибрашев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Ғұлама ғалым халықаралық қатынастар және дипломатия саласында ғылыми мектептің негізін қалады. Сондай-ақ Жарас Омарұлы бар жан-тәнімен демократиялық даму жолын насихаттап, бірқатар тәлім-тәрбие беретін
ғылыми еңбектер жазды.
Тәуелсіздіктің алғашқы айларында оң-солымызды толық айқындай алмай жатқанда профессор Ж.Ибрашев еліміз үшін жаңа мамандықтың қажеттілігі туралы алғашқылардың бірі болып ой қозғап, әлемдік ынтымақтастықтың дербес субъектісі ретінде Қазақстан Республикасы әр елмен өзара ықпалдасуын қалыптастыру үшін халықаралық қатынастар саласындағы білікті мамандарды даярлауы керек екенін ұсынады.
1992 жылдың көктемінде тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, сол кездегі министр орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы мен профессор Жарас Омарұлының қажырлы еңбегінің негізінде Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті шеңберінде халықаралық қатынастар бөлімі ашылып, жас мамандарды даярлау дереу басталып кетті. Факультеттің ашылуына профессор Ж.Ибрашев ұйытқы болса, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы болған Гүлжауһар Жамбатырова да жаңа мамандықты жетілдіру саласында орасан зор еңбек еткені белгілі.
1994-2000 жылдар аралығында Ибрашев Халықаралық қатынастар және ҚР сыртқы саясаты кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2000 жылы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Ж.Ибрашев «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағына ие болды.
Жарас Омарұлының бастамасымен 1997 жылы Мемлекеттік аттестациялық комитет республикамызда тұңғыш рет «07.00.15 – Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша кандидаттық ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесті ашса, 2003 жылдары ҚазҰУ жанындағы «07.00.15 – Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесін тағайындайтын диссертациялық кеңесті ашты. Бұл екі кеңестің де төрағалық қызметін Ж.Ибрашев атқарған болатын.
Ғұлама ғалым халықаралық қатынастар және дипломатия саласында ғылыми мектептің негізін қалады. Сондай-ақ Жарас Омарұлы бар жан-тәнімен демократиялық даму жолын насихаттап, бірқатар тәлім-тәрбие беретін ғылыми еңбектер жазды. Ол 100-ден астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық мақалалардың, 10-нан астам монографияның, бірқатар оқу-әдістемелік оқу құралдарының авторы. Әр еңбегі демократиялық құндылықтарға толы. Өмірінің соңғы сәтіне дейін кафедра, факультет, университет шеңберіндегі істерге белсенді қатыса отырып, өзінің жаңашыл ойларымен бөлісті.
Өзі негізін қалаған Еуразиялық интеграцияны зерттеуге арналған орталығы Қазақ елінің бүгіні мен болашағына арналды. Жарас Омарұлының әр сөзі, әр ойы жастарға тәлім-тәрбие беруге бағытталды. Жарас ағамыздың әр ісі мен қимылы да нағыз зиялы тұлғаның бейнесін елестетеді. Профессор Ж.Ибрашевтың жетекшілігімен 10 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты, 2 философия докторы (Phd) өз жұмыстарын қорғады. Ұлағатты ұстаздың жемісті еңбектері ескеріліп, билік тарапынан марапаттарға да ие болып жатты.
ҚР Президентінің жарлығымен 2004 жылдың 7 желтоқсанында Ж.Ибрашев «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» медалімен, 2008 жылы «Астанаға – 10 жыл» медалімен марапатталды. 2009 жылы Ж.Ибрашев Қазақ ұлттық университетінің «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапатталды. Ал 2014 жылы «Золотое перо Руси» халықаралық сыйлығының лауреаты, Еуразиялық әдеби сыйлығының құрметті лауреаты болды.
2016 жылдың соңында «Қазақ университеті» баспасынан профессор Жарас Омарұлына арналған «Өнегелі өмір» атты басылым жарық көрді. Сонымен бірге халықаралық қатынастар факультеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Ғылыми кеңес залына профессор Ж.Ибрашевтың аты берілді.
Зиялылықтың лебі сезіліп тұратын Ж.Ибрашевтың биыл – 95 жылдығы. Ғалым ғұмыры қай жағынан қарасаңыз да, бүгінгі әріптестері мен болашақ жастар үшін тек үлгі мен өнегеге толы.
Амангелді ӘЛІПБАЕВ,
Бақыт БӨЖЕЕВА,
халықаралық қатынастар факультетінің доценттері