Бауырлас елдер ғалымдары бас қосты
Қырғыз мемлекеті астанасындағы Манас университетінде Түркі өркениетін зерттеу және тәжірибе орталығының ұйымдастыруымен Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан сынды түркі әлемінің алты елінен жиналған 230-дай ғалым мен зерттеушінің басын қосқан Түркі өркениетінің халықаралық конгресі өтті. Осы іс-шараға бауырлас елді қолдауға ҚазҰУ-дың филология факультетінен бірқатар оқытушылар мен докторанттар барып келді.
Жаһандану заманындағы «Түркі әлеміндегі білім және мәдениет» деген аса бір өзекті тақырыпты арқау еткен бұл конгреске университет профессорлары, докторанттары мен магистранттары атынан жалпы саны 43 мақала (22-сі офлайн, 21-і онлайн қатысты) жіберілді. Түркі әлемінің білімі мен мәдениетіне аса қызығушылықпен қарағандықтан әрі Түркітану және тіл теориясы кафедрасының магистранты ретінде бұл конгреске өз үлесімді қосуды жөн көрдім. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша білімімді жетілдіріп жатқандықтан, білім беру, шет тілдерін оқыту бағытындағы «The features of e-books in educational process» тақырыбындағы баяндамаммен қатыстым.
Бұл конгрестің мақсаты түркі әлемінің негізгі білім беру және мәдени аспектілерін халықаралық тұрғыдан қарастыру болғандықтан, аталған бағыттан басқа, конгрестің ішкі тақырыптары: тарих, тіл және әдебиет, мәдениет және коммуникация, мәдениетаралық коммуникация, мәдениетті сақтау және тасымалдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ құндылық туралы білім беру, мәдениеттану, жаһандану мәселесі, тілдік білім беру және зерттеу, түркі әлемінің әдебиеті, тіл және әдебиет саласындағы зерттеулердің өзекті мәселелері, тіларалық аударма (аударма), тілдік зерттеулердің заманауи әдістері, түркологиялық зерттеулер, салыстырмалы түркі диалектілері, мәдениет пен қоғамның өзара әрекеті, коммуникативтік білім, этика, әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас, жаһандық коммуникациялар сынды тың әрі өзекті тақырыптарды қамтыды. Осы тақырыптар аясындағы алты елдің ғалымдары мен зерттеушілері ұсынған мақалалар мен тезистер де «миға шабуыл жасайтындай» қызықты ақпаратқа толы болды. Түртіп алып, ой-санаға қорек еткенге – бұл таптырмас құнды білім. Ең бастысы, конгресс барысында түркі әлемінің терең мәдени мұрасынан мағлұмат алып, рухани байып қайттық.
Толқын ӨМІРЗАҚОВА,
филология факультетінің 2-курс магистранты