- Басты бет
- Жаңалықтар
- Халықаралық қатынастардың жаңа геосаяси жағдайдағы өзекті мәселелері талқыланды
Халықаралық қатынастардың жаңа геосаяси жағдайдағы өзекті мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастардың жаңа геосаяси жағдайдағы өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шара халықаралық қатынастар факультетінің іргетасын қалаушы, еліміздегі «Халықаралық қатынастар» мамандығын алғаш рет жүзеге асырған профессор, ғалым Жарас Ибрашевтың 95 жылдығына арналды.
Айтулы датаға орай, халықаралық қатынастар факультетінде Жарас Ибрашев атындағы аудитория жаңартылып, қайта ашылды.
Халықаралық конференцияның мақсаты – Қазақстанның сыртқы саясатындағы түйткілді мәселелерді, халықаралық құқық, әлемдік экономика, дипломатиялық аударма саласына қатысты мәселелерді талқылау.
Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
Конференцияда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді. Хатта: «Жарас Омарұлы халықаралық қатынастар теориясын терең зерттеп, осы саланы дамытуға зор үлес қосты. Еліміздегі білім жүйесін жетілдіруге саналы ғұмырын арнап, іргелі еңбектер жазды. Оның бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық қатынастар кафедрасы ашылды. Ол жарты ғасырдан астам уақыт Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да абыройлы қызмет атқарып, әріптестерінің зор құрметіне бөленді. Ғалымның мол мұрасы алдағы уақытта да ел игілігі үшін қызмет ете береді деп сенемін», – делінген.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев қажырлы еңбегі мен зерттеулерінің арқасында отандық дипломаттардың үлкен мектебі қалыптасқанын атап өтті.
«Жарас Омарұлы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Профессор 100-ден астам ғылыми зерттеу мақаласының және бес монографияның авторы. Жарас Ибрашевтың ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Асқар Мусинов және басқа да танымал дипломаттар мен мемлекет қайраткерлері диссертация қорғады. Көрнекті ғалым 35 ғылым кандидаты мен 10 ғылым докторын дайындап, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, ұлттық дипломатия мәселелерін терең зерттеді. Французтанушы, еуропалық және еуразиялық мәселелерді зерттеушілер ғылыми мектебінің көшін бастады. 1992 жылы ҚазҰУ-да Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты кафедрасының негізін қалады», – деді ректор.
Конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен нәтижелері туралы айтып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі