Қоршаған ортаның өзекті мәселелері талқыланды
География және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасының профессоры Ә.Көшімнің ұйымдастыруымен студенттер жұмыс беруші мекемелердің мамандарымен кездесті.
Кездесуге Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС техногендік сейсмикалық зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Еркен Зейноллаұлы, «Қазсельзащита» ММ Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныс құрылымдарын пайдалану басқармасының бастығы Бауыржан Әбішев, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы директорының орынбасары Мейманбек Чекирбаев, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының бас сарапшысы Бақтияр Маратұлы, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының бас сарапшысы Зульфия Серікқызы келді.
Басқосуда сөз алған факультет деканы Ә.Ақтымбаева жиынға келген мамандарға алғыс айтып, болашақта бірлесе жұмыс істеуге, сонымен қатар студенттерге қолдау білдіріп жұмыс тәжірибелерімен бөлісуге, университет аясында жұмыс берушілермен арада ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесуге келген мамандар өз жұмыстарын видеороликтер арқылы таныстырып, студенттерді өз мекемелерінен тәжірибеден өтуге және болашақта жұмыс істеуге шақырды. Қазіргі таңда табиғи қауіптердің алдын алу, болжау және қауіптен кейінгі табиғатқа тигізген себеп-салдарымен жұмыс істейтін мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. Осыған байланысты кафедрада дайындалатын «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттерін жақсы білім алып, әрі қарай бірлесе жұмыс істеуге, түрлі жобаларға қатысуға үндеді. Өздерінің бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарын және қолға алған жобалары туралы барлық ақпарат ашық түрде әлеуметтік сайтта берілетінін, мәліметтерді өздерінің сабақтарына, курстық және дипломдық жұмыстарына пайдалануға болатынын айтып өтті.
Басқосуда елімізде болып жатқан табиғи апаттар туралы, яғни қазіргі таңда өзекті болып отырған, далалық экожүйенің жүрегі – ақбөкендер мәселесі, Алматы қаласына қауіп төндіретін жер сілкінісі, сонымен қатар сел жүруі қаупі туралы да пікірталас болды.
Ғалымдардың соңғы зерттеулері бойынша, жайылымдық жерлер шектен тыс пайдаланудан ғана емес, пайдаланылмай бос жатқаннан да азып-тозады. Жан-жануарлардың тұяғы немесе шалғы тимеген шабындық-жайылымдағы табиғи өсімдіктер тұқым шаша алмай, шашса да, жерге енгізе алмай, оның есесіне қажетсіз өсімдіктер өсіп шығып, жерге су сіңдірмей, топырағының құнарлануына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізеді. Мұндай жерлер өртеніп кетуге де бейім тұрады. Бөкен шөпті таңдап-талғап жейді, қой сияқты түбінен үзбейді, тек жоғары жағынан кертіп алып қана жайылады. Көбіне әр жердегі шөпті теріп, жүре жайылады. Сондықтан өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше, тұқымын шаштырып, оны үшкір, аша тұяқтарымен жерге енгізеді. Міне, осы себепті де біз ақбөкендердің жойылып кетуіне немесе басқа елге қоныс аударуына жол бермеу керек екені айтылды. Сонымен қатар Алатаудың шыңындағы мұздықтар көлеміне қатысты да сөз қозғалды. Мұздықтардың еруінен елімізге келетін зардаптар туралы түсірілген видеолар көрсетілді. Алматы қаласын селден қорғау үшін жасалған әртүрлі шаралармен студенттер жақынырақ таныс болды.
Сондай-ақ студенттер өздері таңдаған мамандықтың қаншалықты маңызды екенін сезініп, өздерін мазалаған сұрақтарына толық жауап алды.
Кафедра профессоры Әсима Ғалымжанқызы сөз алып, кафедра бойынша жаңадан ашылған «Табиғи техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттері үшін арнайы мамандармен кездесу өте маңызды екенін және мамандықтың қажеттілігі туралы айтып өтті.
Келген қонақтарға өз тарапымыздан ризашылық білдіре отырып, сыйлықтар табысталды және естелік ретінде суретке түстік. Сонымен бірге табиғи және төтенше жағдайларды зерттеу жолында жұмыс істеп жатқан барлық мамандарға жұмыстарына жеңілдік, әрқашан жұмыстарын абыроймен атқаруларын тілеп, ыстық лебіздерін білдіріп шығарып салды.
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Қайрат АУҒАМБАЕВ,
Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушылары