Университет ұжымының кәсіби деңгейіне тәнтімін
Жас ғалымдардың білімін шыңдап, ғылымдағы тәжірибесін жетілдіруде шетелдік ғалымдардың тәжірибе алмасуы университеттің елдегі және халықаралық ғылыми қоғамдастықтағы бет-бейнесі мен орнын нығайтуға оң ықпал жасамақ. Жаһандық стандарттарға сай сапалы мамандар даярлау – оқу ордасының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсат аясында Экономика және бизнес жоғары мектебі жыл сайын магистранттар мен докторанттарға дәріс оқуға шетелдік профессорларды шақыруда. Финляндияның Йювяскюля университетінің профессоры Айжаз Шейх өз тәжірибесімен бөлісті.
Доктор Айжаз – «E-Business Research International» журналының редакциялық шолу кеңесінің мүшесі және арнайы шығарылымның редакторы. Финляндияда және басқа елдерде он бес жылдан астам университет деңгейінде оқытушылық және бес жылға жуық ғылыми зерттеулерде елеулі тәжірибесі бар. Ол Қазақстан, Финляндия, Швеция, Норвегия, АҚШ, Оңтүстік Африка, Иран, Сауд Арабиясы және Гана елдерімен халықаралық ғылыми ынтымақтастық байланыста. Бес жыл уақыт аралығында 350-ден астам дәйексөздері бар әйгілі ISI индекстелген журналдарында жарияланымдары мен конференция материалдары жарық көрді. Профессордың академиялық мамандығына цифрлық маркетинг, мобильді қаржылық қызметтер және ортақ цифрлық экономика т.б. тақырыптар арқау болуда. Ғалым ҚазҰУ-ға келгендегі алғашқы әсерін суреттеп берді.
– Алматы – жаһандық һәм дәстүрді үйлестірген қайнаған қала. Алатаудың баурайынан орын тепкен шаһардың әйдік ғимараттары, көне мешіттері мен сәулетті сарайлары таңғалдыратын көрініске толы. Ал саябақтары қалалық өмірдің қарбалас қарқынынан демалуды қамтамасыз етеді. Міне, осындай алып қаланың қақ ортасынан орын алған ҚазҰУ Қазақстандағы ең беделді университеттердің бірі ретінде кеңінен танымал. ҚазҰУ студенттеріне сапалы білім беруімен әйгілі. ҚазҰУ халықаралық академиялық институттармен және ғылыми орталықтармен тығыз байланыста, бұл оның бағдарламаларының бүгінгі жаһандық экономиканың қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз етуге көмектеспек, – дей келе, профессор Экономика және бизнес жоғары мектебінің Менеджмент кафедрасында атқарған азды-көпті жұмыстарына да тоқталды.
– Менің оқыту жолым – сандық технологиялар және ғылыми зерттеулер бойынша бірнеше дәрістерді қамтиды. Сонымен қатар оқытушылар мен қызметкерлерге арналған бірнеше сессия ұйымдастырдым. Өз баяндамаларымда әдетте Еуропа университеттерінде кең таралған оқыту, педагогика және зерттеу саласындағы озық тәжірибелеріммен бөлістім. Экономика және бизнес жоғары мектебінде әлемдегі ең үздік деп саналатын Финляндия білім беру жүйесі бойынша эксклюзивті сессия ұйымдастырдық. Мен Финляндияның білім беру жүйесінің пайда болуын, өсуін және қазіргі жағдайын түсіндіріп бақтым. Финляндиялық білім беру жүйесі – әділеттілікке, ұстаздарды дайындауға, шығармашылыққа және сыни ойлай білуге бағытталғаны үшін жоғары дәрежеде бағаланады. Осы бағытта түрлі ұсыныстарымды ортаға салдым, – деді профессор.
Оқу бағдарламасы аясында профессор Айжаз Шейх білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамы үшін «Қазақстандағы тұрақты даму жолындағы цифрлық бизнес пен цифрлық экономиканы түсіну» курсы бойынша семинар сабақтарын өткізді. Студенттер мен оқу орнының қызметкерлері үшін «NVivo және SmartPLS зерттеулері бойынша ғылыми ізденістерді қалай жүргізу керек және деректерді талдауға арналған қосымшаларды қалай пайдалану керек?», «Теориялық модельдер мен құрылымдарды қалай жасауға болады және оларды ғылыми зерттеулерде жоғары сапалы Scopus журналдарында жариялау үшін пайдаланудың жолдары қандай?», «Қазақстанда ғылыми-зерттеу басылымдар мәдениетін қалай насихаттауға болады?», «Ғылыми зерттеулер Қазақстан үкіметіне, өнеркәсібіне, қоғамына қандай пайда әкелуі мүмкін?» деген тақырыптарда оқыту тренингтері мен семинарлар өткізді.
ҚазҰУ студенттеріне сапалы білім беруімен әйгілі. ҚазҰУ халықаралық академиялық институттармен және ғылыми орталықтармен тығыз байланыста, бұл оның бағдарламаларының бүгінгі жаһандық экономиканың қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз етуге көмектеспек.
– ҚазҰУ-да болған кезімде «Цифрлық дәуірдегі оқыту және педагогика» тақырыбында арнайы сессия ұйымдастырдым. «Технологиялар мен цифрландыру оқыту мен педагогикалық тәсілдерді қалай өзгертті және университет студенттерінің оқуын, курс мазмұнына деген құштарлығын, оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?», «Жас түлектерді инновациялық, жоғары талапты еңбек нарығына дайындау қалай болмақ?» деген сұрақтарға цифрлық дәуірдің басты мәселесі ретінде жауап табуға тырыстық. Экономика және бизнес жоғары мектебінің декан орынбасарлары мен кафедра меңгерушілері де қатысқан осы сессияда мен Финляндияда күнделікті сабақ барысында қолданатын әртүрлі педагогикалық тәсілдерді түсіндіріп, көрсеттім. Мәселен, аталмыш жаңа педагогикалық тәсілдерге – синхронды (бетпе-бет/онлайн және офлайн) және асинхронды (алдын ала жазылған бейнелер/YouTube) кейс-әдісті оқыту, visio-case әдіспен оқыту, диалогтік оқыту, аралас оқыту, ойын негізіндегі оқыту, симуляциялар, подкастар және прайм-тайм режимінде оқыту сияқты тәсілдерді жатқызуға болады. Мен белді университеттің көптеген дарынды студенттерімен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездескенім үшін қуаныштымын. Сондай-ақ өз салам бойынша деректер жинауға және зерттеу жүргізуіме ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің ресурстары мен жан-жақты қолдауы көмектесті. ҚазҰУ ұжымының кәсіби деңгейі мен іскерлігінің жоғарылығына тәнті болдым. Сөз соңында Қазақ ұлттық университетіне оқытушылық сапарымда көрсетілген қонақжайлылық үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деп сөзін тамамдады ғалым.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ