Мамандық таңдау маңызды

6 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мектептерге барып, кәсіби бағыт-бағдар беру жұмысы жыл бойы жүргізіледі. Шығыстану факульте­тін­де де осы жұмыс аясын­да Қазақстанның түкпір-түкпірінде орна­ласқан мектеп­тер­мен тығыз жұмыс жүр­гізілуде. Жос­пар­ланған факуль­тет­ішілік онлайн, офлайн кездесуден басқа, әр кафедра, әр оқытушы осы бағытта жұмыс іс­тейді. Жыл сайын осын­дай жұмыстың нәти­жесінде шығыс тілде­ріне қызығушылық танытқан студенттердің саны көбеймесе, азайған емес. 

Осындай мектеп пен уни­вер­ситет арасындағы ынтымақ­тас­тықтың бастауы ретінде Шым­кент қаласында орналасқан «Аба­дан» мектебіне кәсіби ба­ғыт-бағдар беру мақсатында өзі­міз бас болып, іссапар ұйым­дастырдық.

«Абадан» мектебі – Шымкент қаласындағы жапон мектепте­рінің оқыту жүйесін өз білім беру жүйелеріне енгізіп жатқан білім ордасының бірі. Мектеп әкім­шілігінің айтуынша, жан-жақты зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде осы жапон оқыту жүйесі біздің қазақи болмысқа жақын деген ниетпен мектепке енгізуге ше­шім қабылданған екен. Жапон мек­тептерінің үлгісіндей, «Аба­дан» мектебінде балалар өз қо­лымен өсімдік түрлерін егіп, оны өздері қарап, баптайды. Сондай-ақ мектепте балаларды қорша­ған ортаға мейіріммен қарауға, табиғатты аялап, қорғауға үй­ре­ту үшін үй жануарларын ұстайды. Сонымен қатар жапон тіліне, Жапонияға қызығушылық таныт­қан оқушыларға жапон тілі фа­куль­татив ретінде оқытылады. Осындай жапон біліміне, жапон мәдениетіне қызығушылық та­ны­тып жатқан мектепті жапон­тану бөлімінің оқытушылары Жа­пониямен жақын таныстыру мақ­сатында оқушылармен кез­де­су өткізді. Кездесу шығыстану факультеті Қиыр Шығыс ка­фе­дра­сының жапонтану бөлімімен таныстырудан басталды. Жапо­ния, жапон тілі, жапон уни­вер­ситетінде білім алу мүмкіндігі туралы презентация жасалып, кез­десу Жапонияның ұлттық киі­мі – кимоно кигізу мастер-кла­сы­мен аяқталды.

Осы кездесуде балалардың жапонтануға деген қызығушы­лы­ғын оятып, болашақта жапон тілін оқып, екі ел арасындағы бай­ланысты жалғастыратын кө­пір боларына сенім мол. Сөйтіп, білім мен ғылым, бизнес, дипло­ма­тия саласында жүрген жапон­та­нушылар қатарын көбейтсе, біздің оқытушылардың еңбегінің ақталғаны.

Самал БОРАНҚҰЛОВА,

Әсия НҰРЕЛОВА,

Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары